Аймақтар • 13 Наурыз, 2019

Қазақ тілі курстарына қызығушылық артып келеді

1064 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

 Облыстық әкімдіктің отырысында Қазақстан Республикасының 2011–2019 жылдарға арналған тілдерді дамыту мен пайдаланудың мемлекеттік бағдарламасының жүзеге асырылу жайы талқыланды.

Қазақ тілі курстарына қызығушылық артып келеді

Онда  тілдерді дамыту жөніндегі басқарманың басшысы Кемел Оспановтың есебі тыңдалды. Баяндамашы келтірген деректерге қарағанда жүргізілген мониторниг қоырытындысы өңірде  тіл саясатының үйлесімді дамып келе жатқанын көрсетеді. Мемлекеттік бағдарлама шеңберінде сегіз индикатор толық орындалған. Қазақ тілін оқытуға арналған курстар үлкен сұранысқа ие. 2016 жылы тілдерді оқыту орталығында ұйымдастырылған курстарды 2 мың адам тәмамдаса, қазір 2800 адам тартылған. Орта деңгейде оқып жатқан тыңдаушылардың да саны артқан.15 мыңнан аса тіл үйренуші «Қазтест» сертификатына ие болды.  Бүгінде облыс тұрғындарының 13,5 проценті үш тілді меңгерген. Қазақ тілінде білім алатын оқушылардың саны да ұлғайып келеді. Бұл көрсеткіш 59 проценттен 69 процентке жеткен. Мектеп түлектерінің 76 проценті мемлекеттік тілді В1 деңгейінде үйренген.

Алайда, кемшіліктер де жоқ емес. Петропавл қаласында, Жамбыл, Тимирязев аудандарында  мемлекеттік тілдегі құжаттар сайы кеміп кеткен.Сондай-ақ мемлекеттік тілді білуге тест тапсыру, қазақ алфавитін латын графикасына көшіру,ономастика мәселелерінде түйткілді жайттар аз кездеспейді.

   Аймақ басшысы Құмар Ақсақалов тілдерді үйренуге арнайы бағдарламалар жасалғанын, тәжірибе қалыптасқанын, бұл салаға Үкімет тарапынан  қомақты қаражат бөлінетінін айта келіп, жұмысты ширата түсуді, талапты күшейтуді тапсырды.

Өмір ЕСҚАЛИ,

«Егемен Қазақстан»

Солтүстік Қазақстан облысы