24 Мамыр, 2012

Мысырлықтар басшысын сайлап жатыр

265 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Мысырлықтар басшысын сайлап жатыр

Бейсенбі, 24 мамыр 2012 7:47

Кеше Египетте президенттік сайлаудың алғашқы ту­ры басталды. Бұл елде сайлау екі күн бойы жүргі­зіледі. Егер үміткерлердің ешқайсысы сайлаушылар дауысының 50 пайыздан артығын ала алмаса, онда екінші тур 16-17 маусымда өткізіледі. Сөйтіп, билік әске­рилерден азаматтық тұлғаға өтуі тиіс.

 

Бейсенбі, 24 мамыр 2012 7:47

Кеше Египетте президенттік сайлаудың алғашқы ту­ры басталды. Бұл елде сайлау екі күн бойы жүргі­зіледі. Егер үміткерлердің ешқайсысы сайлаушылар дауысының 50 пайыздан артығын ала алмаса, онда екінші тур 16-17 маусымда өткізіледі. Сөйтіп, билік әске­рилерден азаматтық тұлғаға өтуі тиіс.

Сарапшылар 13 үміткердің арасынан екі кандидаттың бірінің өтуі мүмкін деп отыр. Олар: «Мұсылман-бауырлар» партиясының өкілі Мұхаммед Мұрси мен Араб мемле­кеттері лигасының бас хатшысы Әмір Мұса. Соттың шеші­мімен 10 кандидат додадан шеттетілді. Олардың ішінде Хосни Мүбәрактің тұсында сыртқы барлау қызметін басқарған Омар Сүлеймен де бар.

 

Отырған министр орнын табады

Ресейдің жаңа үкіметі толық жа­сақталып, ол бұрынғымен салыстыр­ғанда төрттен үшке жаңарды. Бірақ бұрынғы министрлердің көбі далада қалмай, президент В.Путин әкімшілігі тарапынан «қамқорлыққа» алынып, жа­ңа қызметтердің тұтқасын ұстады.  

Атап айтқанда, Татьяна Голикова, Эльвира Набиуллина, Андрей Фурсенко президент В.Путиннің көмекшілері, Игорь Левитин кеңесшісі қызметтеріне тағайындалды. Бұрынғы ішкі істер министрі Рашид Нұрғалиев Қауіпсіздік кеңесі хатшысының орынбасары орынтағына отырды. Бұрын бұлардың ішінде Голикова, Фурсенко, Левитиннің басы әңгімеге қатты ілігіп, талай қайраткерлер олардың қызметтерінен кеткенін қалап жүрген болатын.

 

Әртараптандыру деп осыны айт

Түркіменстан басшылығы Үндістан мен Пәкстанға Ауғанстан арқылы газ жеткізу келісім-шартына қол қойды. «Түркіменстан-Ауғанстан-Пәкстан-Үндістан» деп аталатын газ құбырының ұзындығы 1700 ша­қырымды құрайды. Оның бойымен күн сайын 90 млн. текше метр газ айдалады деп жоспарлануда.

Соның 14 млн. текше метрін – Ауғанстан, ал 38 млн. текше метрін Пәкстан мен Үндістан алатын болады. Келісім-шарт бойынша газ Пәкстанға – 2016 жылдан, Үндістанға 2018 жылдан бастап жеткізіледі. Құбыр газ қоры 13,1-21,2 трлн. текше метр деп барланған Галкыныш кен орнынан тартылады. Сөйтіп, газын бұрын Ресей мен Қытайға ғана сатып келген ел енді сауда ауқымын осылайша кеңейтпек.

 

Радиация қалыптағыдан жоғары емес

Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйы­мының (ДДҰ) тексерулеріне қара­ғанда, Жапониядағы «Фукусима-1» АЭС жарылысы аймағындағы радиацияның қаупі қалыптағыдан жоғары емес. Бұл туралы ұйымның осында жасаған баяндамасында жария етілді.

Тек екі жерде ғана радиация қаупі белгіленген нормадан жоғары екендігі белгілі болып отыр. Әрине, тексеріс АЭС-тің ішіне жасалған жоқ, ондағы радиация дозасының қауіп­ті екендігі сөзсіз. Жапония үкіметі АЭС-тің айналасындағы радиусы 20 шақырым аймақты 10 жылға дейін пайдалануға болмайды деп шешкен және елсіз территория деп жариялаған. Тексеріс осы аумақтың сыртында жүргізілген.

 

Үкімет жоспарына жаппай наразылық

Испанияда елдегі бес кәсіподақтың ұйымдасты­руымен үкіметтің білім беру шығындарын азайтуына қарсы осы саланың қызметкерлері мен студент­терінің жойқын ереуілі басталды.

Оған білім беру саласының 1 млн.-ға жуық қызмет­кер­лері және 7,5 млн. студент қатысуда. «Биліктің білім беру саласының шығын­дарын азайту әрекетінен кейін 100 мың жұмыс орны қыс­қарады. Біз бұған жол бермейміз», дейді ереуілге қаты­сушылар. Ереуіл ел астанасымен қатар, бірне­ше ірі қалаларда өтеді.

 

Барлаушы ұшағы апатқа ұшырады

Кеше Чехияда Ресейдің тағы бір ұша­ғы апатқа ұшырап, 23 адам зардап шекті. Ан-30 деп аталатын бұл ұшақ барлау­шылық мақсатпен НАТО елдері аспанында екіжақты келісім-шартқа сәйкес ұшып жүрген болатын. Оның бортында 14 ресейлік және 9 чех офицерлері болған.

Алдын ала мәліметтерге қарағанда, Часлав қаласындағы әуежайға апатты жағдайда қону кезінде ұшақтың алдыңғы шассиі ашылмай қалып, ол жер сүзген. Соның кесірінен шыққан оттан ұшақ өртенген. Қазір 19 адамның жағдайы өте ауыр деп бағалануда. Айта кететін жәйт, келісім-шартқа сәйкес НАТО ұшақтары да Ресейдің аспанында ұшу құқына ие.

Қысқа қайырып айтқанда:

БҰҰ-ның Сириядағы халықаралық байқаушылары кеше тұң­ғыш рет билік пен оппозиция арасындағы келіссөзге делдалдық жа­сады. Нәтижесінде, биліктің танкісі оппозицияның қолға түс­кен екі белсендісіне алмастырылды.

Тәжікстан аумағында Өзбекстан президенті И.Каримовті  қаралап жазған екі кітап таратылуда. Онда президент пен оның отбасының «қылмыстары» әшкереленсе керек. Кітап ав­торының кім екені белгісіз.

АҚШ Конгресі бюджет басқармасының  деректеріне қара­ған­да, келесі жылдың алғашқы жартысында  Америка экономикасы 1,3 пайызға төмендейді.

Немістің 16 жастағы оқушысы Шаурийа Рай Дрезденде өт­кен олимпиадаға қатысып, математиканың екі күрделі есебін шешкен. Қазір ғалымдар оны классикалық механика бойынша ашылған жаңалыққа балап отыр.

Кеше Ресейдің Плесецк ғарыш айлағында қатты отынды жа­ңа құрылықаралық баллистикалық зымыран  ұшырылды. Был­тыр­ғы қыркүйек айында ұшырылмақ болған осындай зымыран апатқа ұшыраған еді. 

Интернет материалдары негізінде әзірленді.