Дүние және дағдарыс
Сенбі, 26 мамыр 2012 7:05
Француз-герман кондоминимумына көз тиді
Өтіп бара жатқан аптаның сәрсенбі күнінің кешінде Брюссельде мәреге жеткен Еуропа одағының ресми емес саммиті аталмыш халықаралық ұйымның саяси бағытын қалыптастырудағы Берлин мен Париждің өзара тығыз іс-қимылының сабақты жібі үзілгенін жалпақ әлемге жария етті. Осыдан бастап Еуропа елдеріндегі дағдарысқа қарсы күрес бағытын айқындау міндетін Францияның су жаңа президенті Франсуа Олланд өз мойнына алатын болды. Француз лидері бұл ретте Испания мен Италия елдері үкімет басшыларына арқа сүйеді. Бұл батыл қадамға мұхиттың арғы жағынан АҚШ президенті Барак Обама да қолдау көрсетті.
Сенбі, 26 мамыр 2012 7:05
Француз-герман кондоминимумына көз тиді
Өтіп бара жатқан аптаның сәрсенбі күнінің кешінде Брюссельде мәреге жеткен Еуропа одағының ресми емес саммиті аталмыш халықаралық ұйымның саяси бағытын қалыптастырудағы Берлин мен Париждің өзара тығыз іс-қимылының сабақты жібі үзілгенін жалпақ әлемге жария етті. Осыдан бастап Еуропа елдеріндегі дағдарысқа қарсы күрес бағытын айқындау міндетін Францияның су жаңа президенті Франсуа Олланд өз мойнына алатын болды. Француз лидері бұл ретте Испания мен Италия елдері үкімет басшыларына арқа сүйеді. Бұл батыл қадамға мұхиттың арғы жағынан АҚШ президенті Барак Обама да қолдау көрсетті.
Есептік саны бойынша он сегізінші мәрте өтіп отырған Еуропаның дағдарысқа қарсы саммитінің күн тәртібіндегі басты мәселелері бұрыннан белгілі-тін. Бұдан әрі Грекиямен араны қандай қарым-қатынасқа құру керек? Еуроны қалай сақтап қалуға болады? Сұрақтар осылайшы өрбіді. Еуроодақтың серкелері – Франция мен Германияның бұл мәселелерді шешуде екі түрлі көзқарас ұстанулары олардың арасына жік түсуіне негізгі себепкер болды. Кәрі құрлық елдерінің дипломаттары тіпті осы форум басталмай жатып-ақ Ангела Меркель мен Франсуа Олландтың жиын барысында бір-бірлеріне ашықтан-ашық қарсы шығатындарын болжап қойған. Ауыздарының дуасы бар екен, көп ұзамай айтқандары айдай келді.
Ал екі ел басшыларының бір-бірлеріне кереғарлықтары мынада: Германия белбеуді қыса тартып, бәрінен үнемдеу жолын жалғастыра беруді қаласа, Францияның жаңа президенті шығынды ұлғайта түсуді қош көреді. Сол кезде сарапшылар бұл екі жақты пікірдің Одақты қаржылық жағынан шайқалтып қоя салмай, оның ішінде саяси жіктің де пайда болатынын айтқан-ды. Нәтижесінде бұл байлам да бекер болмай шықты. Расында да қаржысы көп қуатты елдер Меркельдің ықпалында қалды да, проблемасы жетерлік түстіктегі дәулеттер Олландтың жағына қарай ойысты. Осы ретте дағдарыстың созылмалы сырқатына ұшырай бастаған Италия мен Испанияның француз президентін қолдауын түсінуге де болатын сияқты.
Онсыз да жұқарып тұрған жүйкені саммиттің қорытынды жиыны өтетін соңғы күні Еуропа қор биржаларында қалыптаса бастаған ахуал одан бетер ширықтырып жіберді. Таң азаннан индекстер түсіп кетті. Мұны сарапшылар таза саяси шараның ықпалынан деп ұғынды. Ал кешке қарай Еуроодақ елдерінің басшылары Брюссельде бас қосты. Ресми түрде «ресми емес кешкі ас» деп аталған бұл кезектен саммитте олар экономиканы жандандырудың перспективасы мен қауіпті шеңберге жеткен жұмыссыздықты жеңудің жолдарын талқылауы тиіс еді. Ақыр соңында күн тәртібіндегі бұл мәселе құрлық елдері лидерлерін бұған дейін жасалып қойылғанымен, әлі қол қойылмаған пактіде келтірілген қатаң бюджеттік үнемдеу бағытының тиімділігі аз екенін мойындауға мәжбүр етті.
Қазір сарапшылар Франция президентінің осы саммиттің алдында Испанияның премьер-министрі Мариано Рахоймен кездесуіне де айрықша мән беруде. Осы қадамы арқылы Франсуа Олланд бұған дейін қалыптасып келген Еуроодақ саммиті қарсаңындағы француз-герман екі жақты консультациясын өткізу практикасының түбіне су құйылғанын байқатса керек. Оның алдындағы президент Николя Саркози болса, кезекті әрбір саммит өтерден бұрын ГФР канцлері Ангела Меркельмен ұдайы жүзбе-жүз кездесіп, Еуроодақ лидерлерінің ортақ кездесулеріне ұсынылатын мәселелер жайында алдын ала келісіп алушы еді. Міне, сол дәстүр енді көрер көзге бұзылып отыр. Еуропаның көптеген бұқаралық ақпарат құралдары ашық жазып жатқандай, француз көшбасшысы мұның орнына Испания басшысымен және Италияның премьер-министрі Марио Монтимен ортақ тіл табысқанды анағұрлым қолай көретін сияқты.
Бұл жерде бұдан да маңызды нәрсе, Франсуа Олландтың мұхиттың арғы жағынан қуатты қолдау тауып отырғанын да айтпай кетуге болмайды. Чикагода өткен НАТО-ның мерейтойлық саммитінің соңғы күнінде журналистер алдында сөйлеген АҚШ президенті Барак Обама Еуроодақ елдері басшыларына арналған бірнеше кеңесті жайып салды. Олар экономиканы ынталандыру жөніндегі шараларды күшейтуге, Грекияның одақтан шығуына жол бермеуге және тәуекелдің желқайығында қалтылдап тұрған елдерге ұжымдасқан түрде көмек көрсетуге саяды. Обама сондай-ақ активтерін жұмыс істемейтін капиталдарға толтырып алған еуропалық банктердің жүгін жеңілдету жөнінде шұғыл шаралар қарастыруды қатаң тапсырады. Бұл орайда ол Грекия мен басқа да елдерді қажетті кезінде қорғап қалуға дайын тұратын әлдеқандай бір «қорғаныс қабырғасын» жасауды ұсынады. Мұндағы «басқа елдер» деген ишарада ең алдымен Италия мен Испанияның назарға алынғанын да мамандар болжап отыр.
Атлант мұхитының арғы қапталынан жеткен бұл «тіл жәрдемі» Франсуа Олланд пен оның жақтастарының айбаттарын күшейтіп, айбарларын арттырып жіберген сыңайлы. Осыны арқаланған олар енді қаржы жағдайы шатқаяқтай бастағандай болса, Еуропа тұрақтылық қорының қаржысын Испания мен Италияның тұрақтылық механизміне қолдау көрсетуге рұқсат етілуін талап ете бастады. Бұл ұсыныс шамамен осы елдердің әрбіріне «қорғаныс қабырғасы» қызметін атқаруға жарайтын 500 млрд. еуро көлемінде қаржы берілуін көздейді.
Еуропа елдері үшін тағы бір аса маңызды мәселе, саммитте сондай-ақ Еуроодақтың қарызға еркін жұмсалатын міндеттемелері – еуробондты шығару жөніндегі ереже жөнінде де айтылды. Олар қаржылық жағынан мейлінше қиын жағдайға тап болған елдерге жұмсалады. Мұндағы мәселе дағдарысқа қарсы күресте ұжымдық жауапкершілікті мойынға алу турасында болып отыр. Осыған сәйкес бұл күрестің негізгі салмағын әлеуетті күшті ел, мәселен, Германия өз мойнынан алады да, оның шығындарын жауып жібереді. Аталмыш ұсыныс алғаш көтерілген сәттен Ангела Меркель мұндай облигация шығаруға қарсылық білдірді. Брюссель саммитінің қарсаңында да Берлин осы ұстанымынан айныған жоқ. Сондықтан Германия қаржы министрінің орынбасары Стеффен Капетер оны «қолайсыз уақытта жазылған және соңы жақсылыққа апармайтын нашар ішірткі» деп бағалады. Бұл ретте Германияның ұстанымын Нидерланды, Австрия және Финляндия сияқты елдер қолдап отыр. Алайда, герман жағы ұстанған қатаң бюджеттік үнемдеу бағытын жақтағандар оншалықты көп болмай шықты.
Ақыр соңында Еуроодақ президенті Херман ван Ромпей жиынға қатысушыларды мәселеге шығармашылық тұрғыдан келуге шақырып, елдердің инвестиция саласындағы рөлінің төмен болып отырғанына назар аударды. Бірақ бұл көпшілік көңілінде қабаққа түскен кірбіңдерді жібітуге бағытталған жұбатпа сөз сияқты болып қалып қойды. Ең бастысы, ресми емес саммит, былайынша айтқанда, Еуроодақтың 27 елінің мемлекет және үкімет басшылары қатысқан ұжымдық кешкі ас кәрі құрлықты жайлап бара жатқан аса ауыр дағдарыс жүйесін жеңудің жаңа тұжырымдамасын ұсына алмады.
Грек солшылдары Еурогеддон жасауға бақұл
Біздің бәріміз де ертеден Армагеддон жайлы естіп келеміз. Оны «әне келеді, міне келеді» деп жұрттың үрейін алып қоятын топтар да жеткілікті. Ал Еурогеддон дегенді кейінгі кездері ғана құлағымыз шалып жүр. Сірә, мұнысы жоғарыдағы «геддонның» еуропалық нұсқасы болса керек.
Брюссель саммиті қарсаңында Экономикалық әріптестік және даму ұйымы еуроны әлем экономикасын жалмап бара жатқан жұлынқұрт деп атап көрсетті. Оның дағдарысқа ұшырауы Еуропаны одан бетер тығырыққа тіреуде. Тек осы айдың ішінде ғана еуроаймақтың проблемалары күллі әлемдегі инвесторларға 4 триллион доллар мөлшерінде шығын келтірген.
«Біз Франция мен Германия халықтарынан ынтымақтастықты талап етеміз. Грекия – Меркель мен Саркози саясатының неге апарып соқтырғанының жарқын көрінісі. Неміс салық төлеушілерінің жалғыз ғана мұраты банктерді қаржыландыруға барып тірелетін түпсіз бөшкеге ақша құюмен болып отыр», деп шыр-пыры шықты осы күндері Грекия радикалды солшыл коалициясының жетекшісі Алексис Ципрас. Бұл сөздерді жаңа грек оппозициясының лидері Берлинде айтты. Ол жоғарыдағы сөзіне «сайлауда кезекті жеңіске жеткен жағдайда Грекияның еуроаймақтан шығуын қолдамайтынын» қосты. Грек парадоксының өзі осында: драхманы ешкімнің де алғысы келмейді, сонымен бірге, еуро үшін ақша қайтаруға әлі дайын емес. Бұған қарамастан, қалталы Еуропа саяси жағынан мешел бола бастаған Грекияға басқалай жан бітіруге әзір болып қалған сияқты. Қазірдің өзінде Deutsche Bank дағдарыстың жаңа валютасы – «грек еуросын» немесе жәй ғана «геуроны» баспа жүзінен шығаруға сақадай-сай көрінеді.
Неміс банкирлерінің ойынша, енді грек зейнеткерлері мен бюджет қызметкерлері кәдуілгі ақшаның орнына, елде еуропалық валютамен бірге айналымда жүретін осы облигацияларды алып тұрады. Бұл жоспардың растығын білдірген Германияның Орталық банкі мамырдың 24-і күні Грекияның еуро ықпалынан шығуы оның экономикасын басқаруды жеңілдете түсетінін мәлімдеді. Ал Бельгияның қаржы министрі Брюссельде репортерлер алдында сөйлеп тұрып, бұл шараны жанамалай айғақтап өтті: Еуропа елдері Афина еуро аймағынан шыққан жағдайда қалай әрекет ететіндері жөнінде жеке жоспарлар құруға кірісіп кеткен.
Тап осы тұста халықаралық рыноктарда саяси жағынан жарымжан халге жеткен Грекияның қарыздық міндеттемелерін орындай алмауы ықтималдылығы төңірегіндегі үрей өзінің шарықтау шегіне жетті. Ежелгі Эллада жерінде үкіметті құруға қабілетті парламентті бірінші талпыныста сайлап алудың орайы келмеді. Енді екінші сайлау маусым айының 17-сіне белгіленіп отыр. Өткен дүйсенбіде 6 мамырдағы сайлауда жеңіске жеткен «Жаңа демократия» партиясының жетекшісі Антонис Самарас науқан барысында Дора Бакояннидің Либералды-демократиялық альянсы қолдауына сүйенгенін баяндады. Ал алдағы жаңа сайлауда ол дауысқа түспейді. Бұл консерваторлар мүмкіндігін ұлғайта түседі.
Бірінші сайлауда Бакояннидің жақтастары бір жағынан 2,55 пайыз дауыс алып, парламентке өте алмаса, екінші жағынан «Жаңа демократия» мен социалистік ПАСОК партиясына бар-жоғы екі орын ғана жетпей қалды. Енді қарыздың дағдарысы шиеленісе түскен сайын, қоғамның екі жаққа қарай бөліне тартуы да тереңдей бермек. Бұл жағдайда «Жаңа демократияның» да, солшыл радикалды СИРИЗ қозғалысының да айбындары аса түседі. Міне, сол кезде олардың арасында парламенттің 50 орнының бонусы үшін нағыз өліспей беріспейтін текетірес басталады. Бірінші сайлауда да консерваторлар мен әсіре солшылдар арасындағы алшақтық оншалықты көп болған жоқ: ол бар болғаны 2 пайызды құрады. Ал сайлаушылар арасында жүргізілген соңғы сауалдама СИРИЗ-дің 28 пайыздық дауыспен бірінші орынға шығатынын байқатты.
Енді манағы «Еурогеддон» жөнінде. СИРИЗ-дің лидері Антонис Ципрас өзінің қозғалысы жеңіске жеткен жағдайда 130 млрд. еуро көлеміндегі қаржылай көмек алу үшін Грекияның несие беруші «үштік» (Еуропалық Комиссия, Халықаралық валюта қоры, Еуропа Орталық банкі) алдындағы барлық міндеттемелерін жоққа шығаратынын мәлімдеп үлгерді. Ол «белдеуді қыса тартып», бюджетті қатаң үнемдеу жүйесін «жабайы және адамгершіліктен жұрдай» тәртіп ретінде бағалап, оны «тозаққа апаратын жол» және «кісінің өзіне өзі қол жұмсауы» деп атады. Осыны айтып болғасын, Ципрас ақтық айқасқа дайындық желеуімен солшыл интернационализмді нығайту сапарына аттанды. Дүйсенбіде ол Франция Солшылдар партиясының лидері Жан-Люк Меланшонмен және Француз компартиясының басшысы Пьер Лоранмен кездесті. Ертесіне Германия Солшыл партиясының (басқаша аты – «Солшылдар») жетекшілері Грегор Гизимен және Клаус Эрнстпен сұхбат құрды. «Грек дағдарысы тек Грекияға ғана емес, сонымен бірге, барша Еуропа елдеріне қатысты мәселе, – деді ол осы жүздесулерде. – Сондықтан біз бұл ортақ проблеманы шешудің еуропалық ортақ жолын табуымыз керек». «Грекия – егемен ел, сол себепті бізге референдум өткізу керек пе, жоқ па, деген мәселені Меркель ханым шешуге тиіс емес», дегенді де айтты грек солшылдарының көшбасшысы. Бұл жерде ол мұны гректің «өтпелі кезең премьері» Панайотис Пикрамменостің алдыңғы жұмада Меркель Грекияның еуроаймаққа мүше болуы үшін парламент сайлауымен бірге референдум өткізуі керек деген пікір білдірді деген мәлімдемесіне орай айтты.
Грек солшылдары жетекшісінің ойынша, парламент сайлауының өзі бір жағы Грекияның еуроаймаққа мүше болып қалуын қолдайтын референдум болмақ. «Еуроаймақ 17 бөліктен тұратын шынжырға ұқсас, – деді А.Ципрас. – Егер осының бір буыны үзілетін болса, бүкіл жүйе қирайды. Сондықтан Грекияны қирауға жіберіп, еуроаймақты сақтап қалуға болады деген сандырақ болып шығады». «Дағдарысты» Еуропаның жаңа сөзімен айтсақ, грек солшылдары өздері ойлағандай болмаса, Кәрі құрлықта нағыз «Еурогеддон» мен «Акрополипсис» жасауға дайын. Шынтуайтына келгенде, олардың бұлай жасауларына барлық жағдайлар бар. Мүмкіндік мол. Түрлі-түрлі. Мұның жанында Брюссельдегі саммит оба ауруы асқынып тұрған кезде той тойлап жатқанмен бірдей болып шығар еді.
Тұйықтағы Еуропаның соңғы тығырығы
Биылғы мамырдың 13-і күні герман жеріндегі Солтүстік Рейн – Вестфалияда жергілікті ландтагқа сайлау жүргізілді. Мұны саяси шолушылар күні бұрын федералды бундестагтың алдағы сайлауына бірінші шынайы дайындық ретінде қабылдады. Бұл шын мәнінде де солай еді. Мәселе мынада, кезінде қаржы капиталының негіздерін жасап берген Карл Маркс туған өлкеде, яғни Солтүстік Рейн – Вестфалия ГФР жерлерінің (аймақтарының) ең ірісі болып табылады. Мұнда елдің барлық сайлаушыларының шамамен бестен бір бөлігі тұрады. Ал үстіміздегі жылдың көктемінде бұл өңірде де тұрғындарды толғандыруға лайықты басты саяси негіздер пайда болды. Ондағы басты дилемма үнемдеу (сығымдау) және жарату (шашу) деген мағынасы бір-біріне қарама-қарсы екі сөзден құралды. Міне, Германияның бестен бір бөлігі болып табылатын халық өкілдері осының жарату, яки шашу деген тармағы үшін дауыс берді. Бұл жерде оқырман әңгіменің бюджет ақшасы туралы екенін пайымдап отырған шығар. Осының негізінде бұл тармақтардың біріншісін ұстанатын Христиан-демократиялық одағы, партия канцлері Ангела Меркель ландтагтағы көшбастаушылық рөлінен айырылып қалды. Партия бұл жөнінен өзінің басты қарсыласы – социал-демократтардан дауысты бір жарым есеге кем алды.
Барлық сайлаулардағы сияқты, мұнда да түпкі нәтижеге көптеген факторлар әсер етті. Дегенмен, оның ішіндегі бастысы біз жоғарыда айтқан екі дилеммадан туындады. Оңшылдардың оңбай құлауына аса қатаң үнемдеу тәртібін ұстанғандары себеп болды. Өйткені, мұнда Грекиядағыдай ішкенді, жегенді жақсы көретін халық бар. Оның үстіне Еуроодақты негізінен ұстап тұрған, оны қаржыландырып тұрған ел болғаннан кейін неміс нояндарының да еркін жүріп-тұруға аңсарлары ауатыны ақиқат. Осы сайлауда оңшылдардың оппоненттері – солшылдар жұрттың әлеуметтік мұқтаждарын қарыздардың есебінен жауып тұруға уәде етті. Көпшілікке осының өзі ұнап қалған сияқты. Мұның бәрі неміс қоғамының, тіпті барша Еуропа халқының енді «белдікті одан әрі қынай буа беруге» құлықты емес екендіктерін көрсетті. Ал қатаң үнемдеу тәртібін ұстамаудың ақыры нағыз құрдымға апарып құлдырататыны, оның тез арада өзінің қылаң беріп қалуы ықтималдылығы қазір ешкімді ойландырып отырған жоқ.
Мұның бәрінің айқын мысалы да, көрінеу көрінісі де, сөз жоқ, Грекияның тыныс-тіршілігі болмақ. Жан-жақты берекесі қашқан елде соңғы аптада жақында болып өткен парламент сайлауының нәтижелері бойынша там-тұмдап болса да әлдебір үкіметтің қарасын жасақтау жөніндегі үш талпыныстан да түк шықпады. Қалай дегенде де, грек сайлаушысы сол сайлауда өз көзқарасын анық білдіріп үлгерді. Мұнда да сырттан көмек алу үшін ел басшылары уәде еткен «қатаң үнемдеу тәртібі жойылсын» деген біржақты ұран көтерілді. Осымен бір мезгілде мигранттардың да елден кетуі, яғни Еуропаның «жайбарақат әндеріне» тыйым салу үшін дауыс берілді. Сауалдамалар сондай-ақ алдағы уақытта үкіметті жасақтап алуға қол жетпейтін болса, онда кезектен тыс сайлаулардың қорытындылары қазіргіден де солшыл және антиеуропалық болып шығатынын көрсетіп отыр.
Еуропалық құрылымдар бұдан жарты жыл бұрын мәселені оңтайлы шешудің жолы ретінде Грекияны еуроаймақтан шығаруды ұсынған еді. Алайда, соңғы кездердегі тұжырымдар мұның соңы жалпы Одақтың өзінің құрдымға кетуін тездетіп жібереді дегенге сая бастады. Сарапшылар қазір, сонымен қатар, Грекиямен арада жасалатын кез келген бұрылысты кезеңдерден де гөрі, социал-демократ Франсуа Олландтың Елисей сарайына (француз билігі басына) келуі Еуроодақ үшін қауіпті бола түспек, деген болжамға қазық байлады. Мұнда оларды мына жәйт шошытады: ол өзі солшыл бола тұрып, Францияның экономикасын біржола отырғызып тастайтын (қатты бүлдіретін) аса қымбат әлеуметтік реформаларды жасауға (іске қосуға) уәде беріп қойды. Бүкіл өмірі бойына тек партиялық комитет кеңсесі маңайында жұмыс жасаған, мемлекетті басқару жөнінен титтей де тәжірибесі жоқ, тіпті министр де болып көрмеген Олландтың буырқанған уақыт ағымының толқынында әлі талай «ағашты сындыратынын» олар осы күннен айтып отыр.
Ал Франция президенті, өзінің ішкі есебі бойынша, әлеуметтік бағдарламалар үшін алдағы бес жылдың әрбірінде 20 миллиард еуродан сәл артық қаржы жұмсамақшы екен. Ол бұл ақшаны ең алдымен елдің бай азаматтары мен компанияларынан салықты барыншы сығып алу арқылы жинамақшы көрінеді. Сарапшылар бұл әдістің бірден сәтсіздікке ұшырайтынына бастарындағы бөріктей көріп сенеді. Мұндай қысымға ұшыраған байлар да, компаниялар да бірден елден кетіп тынады. Демек, Францияда бюджеттің тапшылығы тек арта түспек. Әйткенмен, бұдан айылын жиып отырған Олланд тағы жоқ. Салық алудың маасрихттік өлшемінен осылай ада-күде бас тартқан ол басқаларды да бұл қадамға баруға шақырады.
«Барлық елдің астанасында, үкімет пен мемлекет басшыларының қарсы жақ бетінде біздің арқамызда үміттерінің оттарын оятып алған адамдар бар, – дейді Франсуа Олланд. – Олар біздерге қарай отырып, үнемдеу саясатының жойылғанын қалайды». Бұл жоспарға зордың күшімен пайда болып, қол қойылған еуропалық фискалды пактіні жойып жіберу негізінде қол жеткізгісі келеді. Бәлкім, бұл пактіні жоюдың ақыры еуроның да, Еуроодақтың да соңы болып табылатынын айту қатқылдау естілетін шығар, дегенмен, бұл қадамның құрдымға қарай бастаудың басты да бағытты жолы болатынына еш күмән келтіруге болмайды.
Біртұтас Еуропа – тек еуропалықтардың өздері үшін ғана емес, күллі планета жұртшылығы үшін аса зор маңызы бар жоба. Сондықтан оның қазіргі күндері өте қиын дағдарыстың үстінде тұрғанын ашық дауыспен айтқың да келмейді. Бірақ соңғы уақыттардағы әрекеттер осыған еріксіз мәжбүр етеді. Жұртшылық көп үміт күткен кезектен тыс Брюссель саммиті жағдайды жақсартудың орнына, оның ішкі құрылымына біраз сызат түсіріп кеткен сияқты.
Бетті әзірлеген
Серік ПІРНАЗАР,
«Егемен Қазақстан».