Руханият • 13 Наурыз, 2019

Қаламгер Орысбай Әбділдәұлы 80 жасында 80 шақырымды жаяу жүріп өтті

1356 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін
Қаламгер Орысбай Әбділдәұлы 80 жасында 80 шақырымды жаяу жүріп өтті

«Жаһанға жар салып, дабыра қылмай-ақ, өзі туған Жамбыл ақын ауылына жаяу жорық жасауды іштей жоспарлаған ақын-жазушы Орысбай Әбділдәұлы өзінің 80 жасқа толған мерейлі шағын ерекше атап өтуі де негізсіз емес. Орағаң байырғы спортшы ретінде өзін-өзі бабында сақтаған сергек адам. Асқаралы 80 жасында Алматыдан 80 шақырым қашықтықтағы  туған ауылы Жамбыл ауданы, Жамбыл ақын ауылына жаяу барып келуді алдына мақсат етіп қойды» деп әңгімесімен бөліскен Қазақстанға еңбек сіңірген жаттықтырушы, спорт шебері Ізбасар Оразбақұлы қаламгер ағамыздың  мұндай батыл жорыққа о бастан-ақ дайын болғандығын айтады. Мәселен, бұрындары қалалық спорт комитеті Жамбыл Жабаев өмірге келген ақпан айында жыл сайын абыз ақын ауылына шаңғышылар жорығын ұйымдастыратын-ды.

Орысбай Әбділдәұлы аяғына шаңғы байлап сол дүрмектің бел ортасында жүретін. Олар аудан орталығы Ұзынағашқа бір түнеп, ертеңіне Жамбылдың музей үйіне жетіп жығылатын. Ол үрдіс соңғы жылдары тоқтап қалды,-дейді Ізбасар Оразбақұлы. Бұл жолғы жүрісі де әдетінше ешкімді әурелемей, дабыра-даңғаза қылмай, жол қапшығын арқалап, 80 шақырымдық қашыққа жолда екі күн түнеп (Шамалғанға, Ұзынағашқа) үшінші күні туған ауылы Жамбыл музейіне жеткен.

Сүйінбай Аронұлының 200 жылдығына орай «Егемен Қазақстан» газеті ұйымдастырған жаяу жорыққа қосылған Орағаң да жүз шақырымдағы Сүйінбай кесенесіне дейін шалдықпай сергек жеткендердің бірі болғаны ел есінде.

«Аллаға шүкір, қуат-күш барда қара жерді нық басқым келеді» деп екеуара әңгімесінде Орысбай ағамыз мұны Майтөбенің баурайында қой бағып, қозы қайырғанымен де байланыстыратын болса керек. Сосын әскерде саперлар отрядында үш жыл қатарынан соғыста жарылмай қалған бомбы, снаряд, гранаттарды залалсыздандырудағы жылдамдықтың да әсері болса керек-ті. Ардагер журналист өзі тұратын «Ақкент» ықшам ауданының ертеңді-кеш самал есіп, адамды ауылға жетелейтіндей әсерімен күніне он шақырымдай жаяу жүруді күн тәртібіне енгізіпті.

Иә, қаламгер ағамыздың үлгі тұтарлық ісі кісі қызығарлықтай. 80 жасын 80 шақырым жаяу жүріспен қарсы алып, нық басып туған жерге жаяу барып-қайтқаны бірқатарымызды елең еткізгені де рас. Сексеннің сеңгіріне шыққан ардагер ағамызға шәкірттері «Жамбыл ата жасына жетіңіз, Ораға!» деген жүрекжарды лебіздерін арнайды.

Эльвира Серікқызы,

«Егемен Қазақстан»

АЛМАТЫ