Шымкент – Астана бағытындағы рейсті орындаған Airbus-320 ұшағының бортында 88 жолаушы мен экипаждың 2 мүшесі және 7 бортсерік болған еді. Абырой болғанда, ұшақта болған адамдар аман қалды.
Міне, министрліктің Тексеру комиссиясы сегіз айға жуық тергеп-тексерулерден соң осы елеулі оқиғаның орын алуына ұшақтың 311 градустық бағыттан жылдамдығы секундына бүйірден 22 метрге жететін жел соғып тұрғанда қондырылуы себеп болды деген тоқтамға келген. Ал ұшақтың табаны қону алаңына тиісімен желдің жылдамдығы секундына 6 метрге дейін бәсеңдеуінің себебінен әуе көлігі бұлғақтап, ұшқыштар тізгінге ие бола алмай қалған.
Бұл оқиғаның салдарынан әуе көлігі әжептәуір зақымданған. Ұшақ жолақтан ауытқи бастағанда жылдамдығы сағатына 200 километрді құраған. Осындай үлкен жылдамдықпен жолдан шығып кеткен ұшақ оңға-солға бұлғалақтап, ақпараттық тақтайшаларды қирата әрең тоқтаған.
Сарапшылардың қорытындысына қарасақ, ұшып-қону алаңының жиегіндегі қауіпсіздік жолағының қатқыл болуы, яғни Астанада сол кездері 10 тәуліктей жауын-шашынның болмауы да ұшақтағы адамдардың аман қалуына септескен. Өйткені сағатына 200 шақырым жылдамдықпен заулаған әуе кемесінің дөңгелектері жерге батыңқырап кеткенде іс насырға шабар еді.
Ең бастысы, экипаж мүшелеріне жердегі қауіпсіздік қызметтері өкпек желдің құбылып тұрғандығын қанша айтса да, ұшқыштар қонуға екінші қайтара талпыныс жасау мүмкіндігін ескермегендігі белгілі болып отыр. Диспетчердің «Go around. Wind shear ahead», яғни қазақшаласақ, «Алдыңыздағы желдің екпіні күшті, бір айналып келіңіздер», деген бұйрығы ескерусіз қалған. Дәлірек айтқанда, екінші ұшқыш сол сәтте «Stop» деп үн қатқанымен, ұшақ жерге жақындай түскен. Кейін комиссия мүшелеріне түсінік берген ұшқыш бұл сөзі арқылы экипаж командиріне қонудан бас тарту туралы меңзегенін, ал аға ұшқыш әріптесінің сөзін түсінбегендігін айтқан.
Бұл түсінбестікке комиссия мүшелері ұшқыштардың өзара қарым-қатынасының деңгейі төмен деген баға берген. Оның үстіне бұл жағдаят Халықаралық азаматтық авиация комитетінің талаптарын өрескел бұзғандық болып есептеледі.
Оған қоса, ресми құжатта желдің жылдамдығынан бастап экипаж мүшелерінің диспетчерлердің ескертулеріне немқұрайлы қарауы, әуе кемесі командирінің шектен шыққан өз-өзіне сенімділігі мен Қазақстан жағдайында ұшуға дайындығының жеткіліксіздігі, экипаждың рейске алдын ала даярлығының нашарлығы, экипаж мүшелерінің өзара қарым-қатынастарының төмендігі нақты жазылған.
Әрине осындай кемшіліктер анықталғаннан кейін Азаматтық авиация комитеті мүдделі тараптарға ұсыныстар беруі заңдылық. Құзырлы орындарға ұшқыштардың ұшу-қону талаптарын сақтауы, біліктіліктерін көтеруді бақылауға алумен қатар, аталған экипаж мүшелерінің шетелден алынған лицензияларын қайта қарау туралы ұсыныс берілген.
Бұл оқиғаны жексенбі күні Эфиопияда 157 адам опат болған әуе апатымен байланыстыра қараған да артықтық етпес. Өйткені бұл апаттан соң құрылған комиссия да төтенше оқиғаның себеп-салдарын тиянақтап талдайтыны анық. Ал осы тектес апаттарға себеп ретінде көбіне ауа райының қолайсыздығы, техниканың ақауы мен адами факторлар жиі таңылады. Өз кезегінде, Эфиопиядағы апатқа байланысты Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігінің Азаматтық авиация комитеті 2019 жылдың 13 наурызынан «СКАТ» әуе компаниясының Boeing 737 MAX ұшағын пайдалануды уақытша тоқтатты. Қазақстандық тізілімде бұл үлгідегі бір ғана әуе кемесі тіркелген.
Жалпы, бұл деректер ұшақтардың басқа көліктерден қауіптілігін көрсетпесі анық. Өйткені еліміздің автожолдарында опат болғандардың саны әуе апатынан қаза тапқандардан ондаған есе артық.
Серік ӘБДІБЕК,
«Egemen Qazaqstan»