Көрші елдің құрметі
Жұма, 15 маусым 2012 7:30
Қазақ ғалымы Дүкен Мәсімханұлы ШЫҰ-ның халықаралық сыйлығына ие болды
Таяуда Қытай Халық Республикасының астанасы Пекин қаласында Шанхай ынтымақтастық ұйымына мүше елдер Мемлекет басшылары кеңесінің кеңейтілген отырысы болып өткені белгілі.
Жұма, 15 маусым 2012 7:30
Қазақ ғалымы Дүкен Мәсімханұлы ШЫҰ-ның халықаралық сыйлығына ие болды
Таяуда Қытай Халық Республикасының астанасы Пекин қаласында Шанхай ынтымақтастық ұйымына мүше елдер Мемлекет басшылары кеңесінің кеңейтілген отырысы болып өткені белгілі.
Осы үлкен жиын аясында, ШЫҰ-ның «Жібек жолы: гуманитарлық ынтымақтастық» деп аталатын халықаралық сыйлығына ие болғандар Пекиндегі «Халық құрылтайы сарайында» салтанатты жағдайда марапатталды.
Марапат иелеріне сыйлықты Қытай үкіметі мен ШЫҰ атынан ҚХР Мемлекеттік кеңесінің мүшесі Дай Биңго және Тәжікстан Республикасының президенті Эмомали Рахмон табыс етті.
«Жібек жолы: гуманитарлық ынтымақтастық» сыйлығы – тарихи ұлы «Жібек жолының» дәстүрлі «бейбітшілік, тату көршілік, ынтымақтастық» рухын сәулелендіріп, «Жібек жолы» бойындағы елдердің достығын, ынтымақтастығын нығайтуға, ШЫҰ-ға мүше елдер арасындағы рухани байланыстарды тереңдету мен достықты нығайтуға елеулі үлес қосып жүрген қытайлық және шетелдік тұлғаларға берілетін халықаралық сыйлық. Бұл жолы оған ШЫҰ-ға мүше мемлекеттердің саясат, әдебиет, өнер салаларында жемісті еңбек етіп жүрген көрнекті өкілдері ие болды. Қазақстаннан ақын, аудармашы, Л.Н. Гумилев атындағы ЕҰУ қытай тілі кафедрасының меңгерушісі, филология ғылымдарының докторы, профессор, халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының иегері Дүкен Мәсімханұлы марапатталған болса, Ресейден көрнекті өнер қайраткері, КСРО халық артисі, «Ресей-Қытай қарым-қатынасының 60 жылдығына еңбегі сіңген қайраткер» Мира Кольцова, ал Аспанасты елінің өзінен көрнекті түрколог-ғалым, профессор Ху Чжэнхуа, Тәжікстаннан осы елдің ҚХР-дағы төтенше және өкілетті елшісі Рашид Алимов, Өзбекстаннан мәдениет қайраткері Гүлнар Кәрімова, Қырғызстаннан мемлекет және қоғам қайраткері Сұлтан Раев ие болды.
Марапаттау рәсіміндегі құттықтау сөзінде ҚХР «Бейбітшілік сапары» мәдени байланыстар орталығының президенті, ШЫҰ бұрынғы бас хатшысы Чжаң Дэгуан мырза: «Қазақстандық ғалым Дүкен Мәсімханұлына бұл сыйлық оның Қазақ еліндегі қытай әдебиетін аудару мен зерттеу саласындағы елеулі еңбегі үшін, сондай-ақ Қазақстан үшін көптеген қытайтанушы мамандар тәрбиелеп, екі ел халқының достығы мен түсіністігін нығайтуға қосқан қомақты үлесі үшін беріліп отыр», – деді.
Марапаттау шарасының соңы ШЫҰ елдерінен келген қылқалам шеберлерінің «Тату көрші» атты көркемсурет көрмесіне ұласты.
«Егемен-ақпарат».