Көзі тірісінде елдің сүйіспеншілігі мен құрметіне бөленген өнер иесінің 100 жылдығына орай кеше Өскемендегі А.Пушкин атындағы облыстық кітапханада ретро-фестиваль форматында «Әлемі әдемі Әмина» атты еске алу кеші өтті. Шара барысында шаһардағы Ағайынды Абдуллиндер атындағы Шығыс Қазақстан өнер колледжінің студенттері Әмина Өмірзақова түскен фильмдердегі әуендерді шырқаса, облыстық қызмет көрсету колледжінің студенттері 50-70-ші жылдардағы ретро киімдер мен шаш қою үлгілерінің көрсетілімін ұсынып, актрисаның жалынды жылдарын, сол заман бейнесін көрерменнің көз алдына елестеткендей болды. С.Аманжолов атындағы ШҚМУ жанындағы «Шабыт» студенттер театрының өнерпаздары «Тақиялы періште» фильмінен шағын сахналық қойылым көрсетті. Қазақ киносының анасы атанған Әмина Өмірзақованы еске алуға арналған кешке жиналған қауым оның өмірі мен шығармашылығына арналған кітап көрмесін де тамашалады. Сахна саңлағының есімін ұлықтаған шараға арнайы келген облыс әкімінің орынбасары Әсем Нүсіпова: «Бүгінгі фестиваль - даңқты жерлесіміздің ғасыр тойын атап өтуге арналған кешенді шаралар легінің алғашқы парасы ғана. Алдымызда ұлы есімді ұлықтау мақсатындағы талай шаралар күтіп тұр. Олардың қатарында Семейде өтетін республикалық театрлар фестивалінің орны ерекше» деді. Еске алу кешіне жиналған жұрт бейнежолдау арқылы мерейтой иесінің замандастары мен өнердегі ізбасарларының лебіздерін тыңдады. Қазақстанның Халық әртісі Досхан Жолжақсынов 1971 жылы Алматыдағы Ғ.Мүсірепов атындағы балалар мен жасөспірімдер театрының табалдырығын алғаш аттағанда өзін жылы жүзбен қарсы алған ағалар мен апалардың алдыңғы легінде Әмина апамыздың болғанын, ол кісінің қамқорлығын көп көргенін тебірене еске алды. «Әмина апамыздың мерейтойы ұлы мерекелердің бірі екені сөзсіз. Әмина апамыздың сахнада ойнаған рөлдері халқымыздың асқақ өнерінің сан қырлылығын көрсетеді. Десе де актрисаны ел-жұртына әбден танытқан экран еді. «Абай әндері» фильміндегі Ажар бейнесі арқылы апамыз үлкен экранға қадам басты. Содан кейін «Тақиялы періште» секілді әйгілі фильм дүниеге келді. Әмина апамыз қазақ өнерінің дамуына үлесін қосқан асқақ аналарымыздың бірі», - деді актер.
Әмина Өмірзақованың өнердегі әріптесі, сахнадағы серіктесі болған Роза Әшірбекова да бейнежолдау арқылы жылы лебізін білдіріп, Алматыдағы Ғ.Мүсірепов атындағы балалар мен жасөспірімдер театрындағы музейдегі актрисаның өмірі мен шығармашылығынан сыр шертетін жәдігерлерді көрермендерге таныстырды.
Азамат ҚАСЫМ,
«Egemen Qazaqstan»
ӨСКЕМЕН