Аймақтар • 15 Наурыз, 2019

Шымкентте тұрғындардың өмір сапасын жақсартуға арналған арнайы штаб құрылды

1173 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Елбасының «Нұр Отан» партиясының кезекті XVIII съезінде айтқан тапсырмаларына орай Шымкент қаласында аз қамтылған отбасылардың өмір сапасын жақсартуға арналған арнайы штаб құрылды. 

Шымкентте тұрғындардың өмір сапасын жақсартуға арналған арнайы штаб құрылды

Штабтың құрамына депутаттар, құзырлы орган өкілдері, «Нұр Отан» партиясының төрағалары, Кәсіпкерлер палатасының мамандары, 4 аудан әкімдері, басқарма басшылары енгізілген. Олар шаһардағы көмекке иек арта алатын үміткерлердің санын анықтауда.

Бұл туралы қалалық ақпараттық-коммуникациялық орталықта өткен  баспасөз мәслихатында қала әкімінің орынбасары Гүлжан Құрманбекова айтып өтті.

«Біздің ең басты мақсатымыз халықтың әлеуметтік статусын анықтау, оларға мемлекеттік деңгейде көмек көрсету. Осы мақсатта қала әкімдігі тарапынан өткен жылы 10774 отбасы атаулы әлеуметтік көмек алса, биыл 1 сәуірден бастап 20000-нан астам отбасыға дейін ұлғаяды. Жергілікті бюджет есебінен биылғы 8 Наурыз «Халықаралық әйелдер күні» мерекесіне орай, «Алтын алқа», «Күміс алқа» иегерлеріне 5 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде 9 632 анаға барлығы 119,9 млн. теңге төленуде. Қазіргі таңда, қаламызда 37 276 азамат тұрғын үй кезегінде тұр. Оның ішінде 14 501 азамат әлеуметтік жағынан әлсіз топқа жатады. Үкіметте полиция, педагогтар, дәрігерлер және басқа қызметшілер үшін «7-20-25» бағдарламасы аясында бастапқы жарналарын субсидиялау тетіктері қарастырылуда. Жобада әлеуметтік көмек алатын азаматтарға 1 млн. теңгеге дейін қайтарымсыз негізінде сертификат беру қарастырылған. Ал, бюджеттік кредиттер 0,01 пайызбен 15 жылға дейін 1 млн. теңге несие беру қаралған», дейді қала әкімінің әлеуметтік салаға жауапты орынбсары.

Шымкенттік аналар тамыз айында мемлекеттік жәрдемақыдан бөлек 100 мың теңгеден алатын болады. Бұл дегеніміз көпбалары аналарымыз үшін үлкен көмек. Қала тұрғындары үшін жергілікті билік апта сайын «Ашық есік» күнін ұйымдастырып, жаңа сипаттағы көмектерді алудың тәртіптерін жан-жақты түсіндіруде.

Сонымен қатар, Шымшаһарда аға буын өкілдерінің уақытын тиімді өткізу үшін «Белсенді ұзақ өмір сүру» орталығын ашу жоспарланған. Онда спортпен шұғылдану, шахмат, компьютерлік сауаттылығын ашу, құқықтық және психологиялық қызметтер көрсетілетін болады.

Көп балалы аналарға қызмет көрсету сапасын арттыру үшін қала билігі жаңа форматта жұмыс істей бастады. Соның жарқын дәлелі «Аналар орталығының» ашуы. Ол жерде алтын құрсақ аналар үшін психологиялық және құқықтық, тұрғын үй және әлеуметтік төлемдер бойынша қызмет көрсетіледі.

Сондай-ақ, Жұмыспен қамту орталығында көп балалы аналарға цифрлық сауаттылығын арттыру мақсатында тегін оқу курстары ұйымдастырылуда. Бүгінгі таңда пилоттық режимде «Meyirim.kz» қайырымдылық электронды порталы жұмыс істеп тұр. Мақсаты, жеке және заңды тұлғалардың қайрылымдылық іс-шараларын реттей отырып, электрондық портал арқылы аз қамтылған отбасыларға ашық және біріңғай әлеуметтік көмектер ұйымдастыру. Мұнан бөлек, әлеуметтік саладағы мемлекеттік қызметтерді оңтайландыру үшін «Ел көмек» әлеуметтік порталы жүзеге асырылатын болады. Азаматтарға ыңғайлы болу үшін алдағы уақытта толықтай цифрландыруға көшпек.

«Қазір әлеуметтік карта бойынша жұмыс істеп жатырмыз. Атаулы әлеуметтік көмекке құжаттар сәуір айынан бастап қабылданады», дейді қала әкімінің орынбасары Гүлжан Құрманбекова.

Айта кетерлігі, Шымкент әкімдігінің бірегей жобасы – «Meyirim.kz»  қайырымдылықтың автоматтандырылған есеп жүйесі іске қосылғалы 120 отбасыға азық-түлік, тұрмыстық қажеттілік заттарымен көмек көрсетілді. Бұдан бөлек жалғыз басты 6 баланың анасына демеушілер есебінен тұрғын үй берілді.

Аталған әлеуметтік портал сәуір айынан бастап іске қосылады. Жыл соңына дейін жағдайы өте төмен 2000-ға жуық отбасыға көмек көрсету жоспарлануда.

Нұршат ТӨКЕН,

«Egemen Qazaqstan»

Шымкент