16 Наурыз, 2019

Сенатор С.Айтпаева қосымша білім беру мәселелері жөніндегі пікірлесуге қатысты

977 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Парламент Сенатының депутаты, Қазақстан Республикасындағы Бала құқықтары жөніндегі уәкіл Сәуле Айтпаева Петропавл қаласында болып, балаларға қосымша білім беру жүйесін сақтау және дамыту мәселелері жөніндегі тиімді үнқатысудың ашық алаңында болған «Қосымша білім беру: болашаққа көзқарас» атты құрылымдық сұхбатқа қатысты.

Сенатор С.Айтпаева қосымша білім беру мәселелері жөніндегі пікірлесуге қатысты

Республика бойынша қосымша білім алатын балалардың жалпы саны 82,8% (2 639 074 адам) болып отыр. 1303 мектептен тыс ұйымдар мен мектептерде 63 мыңнан астам үйірмелер жұмыс істеп келеді. 70 мыңға жуық ұстаз мектептен тыс мекемелерде (мектептен тыс ұйымдарда 19 мыңнан астам және мектептерде 50 мыңнан астам педагог) қызмет атқарады.

Елбасының «Төртінші өнеркәсіптік революция жағдайындағы дамудың жаңа мүмкіндіктері» Жолдауын орындау мақсатында 2018 жылы аймақтарда қосымша білім беретін түрлі ұйымдардың негізінде 60 мыңнан астам оқушыны қамтып отырған 17 технопарк пен 16 бизнес-инкубаторлар құрылды. Бұл мақсатта 2,4 млрд.теңге бөлінген болатын. 2019 жылы 120 мың оқушыны қамтитын еліміздің барлық өңірлерінде 25 балалар технопаркі мен 18 бизнес-инкубаторлар қызмет көрсететін болады.

Республикада балаларға қосымша білім беру жөніндегі қажетті заңнамалық және нормативтік құқықтық база құрылды. 2019 жылдың ақпан айында Қазақстан Республикасында балаларға қосымша білім беруді дамытудың тұжырымдамалық тәсілдері, балалар музыка, көркемөнер және өнер мектептеріне арналған 85 білім беру бағдарламасы бекітілді.

Қазақстан Республикасында Бала құқықтары жөніндегі уәкіл С.Айтпаевамен бірге шараға білім және ғылым министрлігінің, Балаларға қосымша білім беру жөніндегі Еуразиялық Ассоциациясының, жергілікті атқарушы органдардың, Ұлттық кәсіпкерлер палатасының, «Нұр Отан» партиясының, ЮНЕСКО-ның Қазақстандағы кластерлік бюросының өкілдері, сондай-ақ  Францияның және төтенше және өкілетті өкіл елшісі, мектеп және мектептен тыс ұйымдар мен үкіметтік емес ұйымдардың жетекшілері, ата-аналар қауымы қатысты.

Құрылымданған үнқатысу жұмыстарының барысында балаларды оқытуға қазіргі заманғы мультимедиялық және цифрлық технологияларды қолдану, техника мен бизнес бағыттарына инновациялық моделдер енгізу, жалпы орта және қосымша білім беруді кіріктірудің түрлі сипаттары, STEM білімін дамыту, кәсіпкерлік ойлауды дамыту, эстетикалық, музыкалық білім беру және балаларды әлеуметтендіру мәселелері талқыланды.

Форум аясында Петропавл қаласындағы Оқушылар сарайы таныстырды және Win-win стратегиясын, ерекше білім алу қажеттіліктеріне мұқтаж балаларды оқытудағы инновацияларды, мектепке дейінгі жастағы балаларға арналған робототехниканы, сурет өнерінде IT-технологияларды қолдану бойынша 10 шебер-сыныптары өткізілді.

Сенатор С.Айтпаева балаларға қосымша білім берудегі келешек басым бағыттарды анықтайтын қорытынды ұсынымдарды беруге белсенді қатысты.

Елбасының 2018 жылғы 5 қазандағы Жолдауындағы «Тиімді сыртқы саясат»  тарауын жүзеге асыру мақсатында Қазақстандағы Бала құқықтары жөніндегі уәкіл С.Айтпаева шетелдік сарапшылармен қосымша білім берудің қазіргі заманғы үлгілерін дамытудың халықаралық тәжірибесін енгізу мәселелері, оқушылар сарайы мен үйлері жанындағы балалар технопаркінің желісін құру жөніндегі одан әрі ынтымақтастық жөніндегі жоспарларды талқылауды жалғастырады.