«Шымкенттің инженерлі-коммуникациялық инфрақұрылымын жүргізу және қаладағы көлік инфрақұрылымын жетілдіруге республикалық бюджеттен бөлінетін қаржы қарастырамыз. Бұл үшін бюджеттен арнайы жоспарланған қаржы бар. Шымкенттің төрт жағынан кіріп-шығатын магисталді жолдарды жетілдіруге, көпір құрылысына және қаланың әр бөлігін бір-бірімен байланыстыратын орталық жолдардың құрылысына мән береміз. Салалық министрліктерге соны қала әкімдігімен кеңесіп, қаржы бөлінуін шешуді тапсырамын» деді Асқар Мамин.
2015 жылы бекітілген шаһардың бас жоспарына сай Тұран шағын ауданы қаланың солтүстік бөлігінде орналасқан. Жалпы алаңы 1190 гактарды құрайды. Шағынаудан батысында Бәйдібек би даңғылымен шектеседі, солтүстігінде А-2 «Алматы-Термез» автокөлік дәлізі жатыр.
Аталған ауданда көпқабатты тұрғын үйлердің, әлеуметтік және коммерциялық нысандардың құрылысы қарастырылған. Мұндағы жеке үйлердің құрылысы үшін 3046 учаске қаралған. Қазіргі таңда салынғаны - 1 325 жеке сектор.
Айта кетерлігі, шағын ауданда тұрғындар санының аз болуына байланысты инженерлі инфрақұрылым әлі толық тартылмаған. Қазірге мұнда 4 мыңға жуық тұрғын қоныстанған. Барлық инженерлік желімен қамтамасыз етілгеннен соң шағын аудандағы тұрғындардың жалпы саны 67 мың адамға жетпек.
Бүгінде жаңа шағын ауданда инфрақұрылым тарту жұмыстары үш кезең бойынша жүргізілуде.
Шағын ауданда жалпы ұзындығы 33,7 шақырым болатын 13 магистральды автожолдың құрылысы қаралған. 13 жұмыс жобасы жасалды.
Негізгі магистраль Бәйдібек би даңғылынан 2-3 шақырым жерде «Адия» және «Отау Строй» тұрғын үй кешендері орналасқанын ескере отырып, алғашқы кезеңде, жалпы ұзындығы 7,8 шақырым болатын №1, 2 және 7 көшелердің, 21 мың шаршы метр жаяу жүргіншілер жолы мен 23 мың шаршы метр веложолдың құрылысын бастау туралы шешім қабылданды. Жобаның жалпы құны 2,4 млрд теңгені құрайды. 925 млн тенге игеріліп, биылғы жылдың соңында пайдалануға беріледі деп жоспарлануда. Жұмысты «Отау Строй» ЖШС және «ЭнергоЭксперт» ЖШС мердігер мекемелер атқаруда.
Екінші кезеңде жалпы ұзындығы 16,7 шақырым болатын, жаяу жүргіншілер және веложолдары бар 5 көшенің (№3, 4, 5, 6 және 10) құрылысы жоспарлануда. Жобаны жүзеге асыру үшін, «Өңірлерді дамыту – 2020» бағдарламасы бойынша, Ұлттық экономика министрлігіне 5,4 млрд теңге көлемінде қаржы бөлу үшін бюджеттік сұраныстар жіберілді.
"Үшінші кезеңде жалпы ұзындығы 9,1 шақырым болатын қалған 5 көшенің (№8, 9, 11, 12 және 13) құрылысы қаралған. Жобаның құны – 1,9 млрд теңге" дейді Шымкент қалалық Тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық және энергетика басқармасының басшысы Нұрлан Әлімқұлов.
Бұған қоса жалпы құны 10,4 млрд теңге сомаға сумен жабдықтау, су өткізу, электрмен және газбен жабдықтау желілерін тарту қажет.
Нұршат ТӨКЕН,
«Egemen Qazaqstan»
Шымкент