17 Наурыз, 2019

Бразилияда португал тіліне аударылған «Тәуелсіздік дәуірі» кітабы ұсынылды

1145 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Қазақстанның Бразилиядағы Елшілігі және Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы қоры Бразилия Сыртқы істер министрлігінің қолдауымен Қазақстанның қалыптасуы мен дамуы, оның халықаралық аренадағы рөлі туралы баяндайтын Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Тәуелсіздік дәуірі» атты кітабының португал тіліне аударылған нұсқасының тұсаукесерін өткізді.

Бразилияда португал тіліне аударылған «Тәуелсіздік дәуірі» кітабы ұсынылды

Іс-шараға Ұлттық Конгрестің мүшелері - «Бразилия-Қазақстан» парламентаралық достық тобының жетекшісі сенатор Чико Родригес және сенатор Кристовам Буарке, Бразилия Сыртқы істер министрінің байланыс және мәдениет жөніндегі орынбасары Марсия Доннер, Бразилия СІМ Ресей және Орталық Азия департаментінің директоры Ари Квинтелла, «Александр де Гусмао қоры» Экономикалық және саяси зерттеулер орталығының президенті Роберто Гойданиш, Ынтымақтастық жөніндегі бразилиялық агенттік директорының орынбасары Деметрио Карвальо, сондай-ақ Бразилияда аккредиттелген дипломатиялық миссиялардың басшылары, қоғам қайраткерлері, академиялық және іскер топтар және БАҚ өкілдері қатысты.

Сыртқы істер министрінің орынбасары Марсиа Доннер өмірі мен қызметі қазіргі Қазақстанның тәуелсіздігі мен дамуымен тығыз байланысты Президент Н.Назарбаев кітабының португал тіліндегі аудармасына жоғары баға берді. «Қазақстанда елші болған кезімде мен тамаша әдет-ғұрыптары бар және өр мінезді қазақстандық қоғамның жетістіктерін, өсуін және дамуын өз көзіммен көрдім. Бұл кітап Бразилия мен Қазақстан арасындағы өзара ынтымақтастық пен достастықты жақсартуға ықпал ететініне сенемін», - деді бразилиялық дипломат.

Қазақстанның Бразилиядағы Елшісі Қайрат Саржанов «Тәуелсіздік дәуірі» португал тіліне аударылған тұңғыш қазақ кітабы болғанын атап өтті. «Мемлекет басшысының еңбегі Қазақстанның қазіргі заманғы тарихының белгісіз фактілерін ашып қана қоймай, біздің Президентіміздің мінезін, қазіргі заманғы мемлекеттілікті қалыптастыру мен басқарудағы шешуші, прагматикалық және көреген саясатын көрсетеді», - деді елші.

Ресей және Орталық Азия департаментінің директоры Ари Квинтелла өз сөзінде Қазақстанның халықаралық аренада ерекше орынға ие екенін басып айтты. «Қазақстан президенті кітабының тұсаукесері Бразилия Сыртық істер министрлігің «Александр де Гусмао қоры» экономикалық және саяси зерттеулер орталығының залында өткені Қордың халықаралық қатынастардағы кең ауқымды тақырыптарды зерттеу міндеттемесіне берік екендігін растайды. Кітаптың португал тіліндегі басылымы бразилиялық кең аудиторияны қамтып, біздің еліміздің академиялық топтары арасында әсіресе танымал болатыны сөзсіз», - деп қосты А.Квинтелла.

ҚР Тұңғыш Президенті – Елбасы қорының Халықаралық ынтымақтастық бөлімінің жетекшісі Әлкей Марғұланұлы іс-шара қатысушыларының Қазақстан тарихын зерттеуге деген қызығушылығы үшін алғыс білдіріп, кітап кең ауқымға бағытталғанын және тәуелсіз Қазақстанның құрылуының негізгі кезеңдері туралы мүмкіндік беретінін атап өтті.

ҚР Тұңғыш Президенті – Елбасы қорының қолдауымен кітапты таныстыру рәсімі шенберінде «Белгісіз Қазақстан» фотокөрмесі ұйымдастырылып, қазақстандық музыкант, қобызшы, жас композитор Алмат Сайжан қазақ даласының баурап алатын әуендерін орындады.

Португал тіліндегі «Тәуелсіздік дәуірі» атты кітабы Бразилияның танымал «Nova Alexandria» баспасында басылып шығарылды.