18 Наурыз, 2019

Салахаддин

3012 рет
көрсетілді
9 мин
оқу үшін

Өзіміз ұзақ жылдар боданы болған және әр кезде де Батысқа қарап емініп қалған солтүстіктегі көршіміздің ықпалымен әзірленген оқу бағдарламасы бойынша білім алған біз дүниеде Еуропадан асқан ел жоқ, өркениет те, өнер-білім де тек соларда ғана дамыған деп түсіндік. Ғасырларға созылған осындай насихаттың нәтижесі болар, бар рахатты Батыстан іздеу дағдысы әлі күнге дейін жойылмай келеді. Шынымен де Шығыста, соның ішінде мұсылман әлемінде үлгі тұтарлық қайраткерлердің, олардың өнегелі істерінің мүлде болмағаны ма? Осындай сауалдарға жауап іздеу мақсатында аты әлемге мәшһүр болған бір тарихи тұлға туралы аз-кем мағлұмат беруді жөн көрдім.

Ол адамның аты-жөні – Сала­хад­дин. Мен тарихшы емеспін. Сондықтан бұл кісінің бүкіл өмірі мен қызметін баяндап беру менің міндетіме жатпайды және ол қолымнан де келмеуі мүмкін. Мен тек есімі Шығыс тұрмақ, бүкіл Еуропада аңызға айналған, ағылшынның атақты жазушысы Валь­тер Скотт ол туралы «Бойтұмар» деп ата­латын роман жазған адамның бір қы­рын ғана әңгімелеп өтпекпін.

Ұлты күрд болып табылатын Сала­ха­ддин Жүсіп ибн Аюби 1138 жыл­ы Ирактағы Тикрит бекінісінде дүниеге келеді. Кейін отбасымен бірге солтүстіктегі Мосул қаласына, одан соң Ливандағы Баалбек қаласына қоныс аударған Салахаддин есейе келе әкесінің қол астында өз қызметін бастайды. 1169-1171 жылдары Мы­сыр билеушісі болған Салахаддин сұлтан 1174 жылы Сирия билеушісі Нұраддин қайтыс болысымен елде тәртіпсіздіктердің туындауына байланысты Дамаскіге де өз билігін жүргізе бастайды. Салахаддиннің жоғары парасаттылығы мен қайырым­ды­лы­ғынан хабардар халық оны зор қошеметпен қарсы алады. Айта кету керек, Еуропаның көптеген билеушілері оқи да, жаза да білмейтін сол заманда Салахаддин оқи да, жаза да білетін сауатты билеуші болған. Аюбилер әулетінің негізін қалаушы болып табылатын ол қазіргі Ирак, Мысыр және Сирия мемлекеттерінің белгілі бір бөліктерін қамтитын аумақта өз билігін жүргізеді. 

Салахаддиннің ә дегеннен өте әділеттілігімен аты шығады, сұлтан мұқ­таж­дарға әркез көмектесіп, әл­сіз­­дерді қорғай жүруді өз парызы санаған. Жаратушының әділдігі жер жүзіне тарасын деген ниетпен әр апта сайын адамдарды қабылдап, олардың мұңын мұқият тыңдап, тиісті шешімдер шығарып отырады. Ол билік етіп тұрған жылдарда халықтың мұң-мұқтажын шешу үшін арнайы әлеуметтік жүйе де таға­йын­далады. Тумысынан ислам дінін берік ұстанып, Алланың ақ жолынан айнымаған, тіпті соғыс кезінде де шариғат заңдарын мүлтіксіз сақтаған сұлтан Құран сөзін кеңінен тарату үшін өзі билік еткен жерлерде медреселер ашып, халықтың діни сауатын көтеру ісін де кеңінен жолға қойған. Тарихи құжаттарда Салахаддиннің әділ­­дігі туралы мына­дай бір дерек келтірілген. Ибн Зухейр есімді бір кісі Салахаддиннің неме­ре інісі Такиаддиннің үстінен сұлтанға шағым айтып келеді. Немере інісін жақсы көре тұра арына адал қалпында қалған Салахаддин оған араша түспейді. Ақыры сұлтанның туысы сот алдында жауап беруге мәжбүр болыпты. 

Салахаддиннің мырзалығында да шек болмаған. Иерусалимді алғаннан кейін ондағы елшілерге сыйлық жа­сау үшін ол өзінің жерін сатуға дейін барған. Бір жолы дуан басшысы сұл­тан­ның бір қалада ғана сыйға тарт­қан жылқыларының саны он мың­­нан асты деп мәлімдеме жаса­ған көрінеді. Көмек сұрап алдына келген адамдардың бірде-бірін бос қайтармаған. Салахаддиннің шексіз жомарттығын жеке бас мүд­де­ле­рі үшін пай­даланғандар да аз болмапты. Қо­лында зор байлықтың бол­ғанына қарамастан Салахаддин қай­тыс болғанда оның артында шамамен 40-50 дирхам мен бір құйма алтын ғана қалыпты дейді.

Салахаддин 88 жыл бойына хрис­ти­­ан­дардың қарамағында болған, үш дін үшін қасиетті қала саналатын Иеруса­лимді азат етуші тұңғыш мұсыл­ман қолбасшысы. Бұл оқиға 1187 жылы болды. Салахаддиннің ұрысты шебер ұйым­дастыру тактикасының арқа­сын­­да кескілескен шайқаста жеңіске жет­кен мұсылмандар Иерусалим королі Ги де Лузиньян мен кресшілер қол­басшысы Рено де Шатильонды тұт­қын­ға алады. Мойнына мыңдаған мұ­сыл­манның қанын жүктеген кресшілер қол­басшысының басын өз қолымен шапқан сұлтан «король король­ді өлтіруге тиіс емес», деп Лузинь­янға кешірім жасайды.

Осы оқиғадан кейін екі ай өткенде Сала­хаддин өз әскерімен Иерусалим қаласына кіреді. Бұл шақта қалада нағыз дүрбелең басталған болатын. Оған себеп те жоқ емес еді. Осыдан дәл 88 жыл бұрын Иерусалимді басып алған христиандар қаладағы мұсылмандар мен иудейлерді қынадай қырып, қаланы қанға бөктіреді. Әйел демей, бала демей жаппай өлтіре берген кресшілер тіпті қаладағы католик дінінде жоқ христиандарға да еш аяушылық білдірмейді. Осылайша қолдарынан қан сорғалаған христиандар өздері жасаған жауыздықтары үшін мұсылмандар кек алады деп қорыққан еді. Бірақ мұсылмандардың іс-әрекеті оларды таңғалдырады. Қалаға енген Салахаддин христиандар жасаған озбырлықтың ізі де қалмасын деген ниетпен көшелерді алқызыл сумен жудырады, бірде-бір адам өлтірілмейді. Кек қайтаруға, адам өл­ті­руге тыйым салынады. Хрис­тиан­дар­ға белгілі бір төлем төлегеннен кейін бостандық беріледі, бірақ өз елдеріңе қайтасыңдар және бұдан былай соғысу үшін мұнда келмейтін боласыңдар деген шарт қойылады. Қалада христиандарға да, иудейлерге де Құдайға құлшылық етулеріне толық мүмкіндік беріледі. Осы оқиғадан кейін Еуропаға оралған кресшілер Салахаддиннің қайырымдылығы мен парасаттылығы туралы неше түрлі аңыз әңгімелер таратады.

Дегенмен Рим папасы тағына жа­ңа­­­дан отырған Григорий VIII Иеру­­салимді қайтару үшін тағы да крест жорығын ұйымдастырады. Бұл жолы кресшілерге «Арыстан жү­рек­ті Ричард» атанған Англия королі басшылық жасайды. Бірақ кресшілер келіп орналасқан жер көп ұзамай сасық иіс мүңкіген нағыз лас орынға айналады. Христиандардың гигиенасы мұсылмандарға қарағанда әлдеқайда төмен болды деп жазады кейін ол жөнінде тарихшылар. Жағалай жай­ла­ған кір-қоқыстың салдарынан крес­­шілер қолбасшысы Ричардтың өзі ауруға шалдығады. Оны естіген Сала­хаддин оған ішетін таза су мен жеміс-жидек жібереді. Бірақ ауруынан жазыл­ған король Салахаддин әскеріне қар­сы ұрыс ашып, 3 мың мұсылманды тұт­қынға алады және оларды алаңға алып шығып түп-түгел қырып салады. Кезекті бір шайқас кезінде Ричард ат­тан құлайды. Оны көріп қал­ған Салахаддин өзінің ұстанған қағи­да­ты­на адалдығын кезекті рет танытып, король жаяу соғыспауы керек деп оған екі бірдей ат жібереді. Ақыр соңында ағылшын королі Иерусалимді басып алуға және оны ұстап тұруға өзінің күші жетпейтінін түсінеді, сөйтіп Салахаддинмен бітім­ге келеді де еліне оралады. Осы арыс­тан жүректі Ричард, сұлтанның ізгі жү­регі мен кең пейілділігіне риза бол­ғаны сондай, Салахаддинді менің досым деп атапты. 

Иерусалим мұсылмандар қолына көшкеннен кейін сұлтанға бір қария келіп «О, ұлы Салахаддин, сен жеңдің. Бірақ христиандар мұсылмандарды қы­рып салғанда сенің оларға аяу­шы­лық білдіруіңнің мәнісі неде?» деп сұрапты. Сонда Салахаддин «Менің дінім мейірімді болуға, адамдардың өмірі мен арына қол сұқпауға, кек сақтамауға, ізгілікпен жауап қай­та­рып, кешірімді болуға және берген уәдеңде тұруға үйретеді» деп жа­уап беріпті. Сұлтанның осы сөзінен соң жаңағы қарт бірден ислам дінін қабыл­даған екен дейді. 

Сөзі­міздің соңында ең бір елеулі жайт­­ты ерекше атап өту қажет. Сала­хад­диннің биік парасаты мен адам­гер­шілік қасиеттері Еуропада орта ғасыр­ларда «Ерсерілердің ар-ождан ко­дексі» деп аталатын қағидаттың өмірге келуіне түрткі болған. Ол аз де­сеңіз, ХХ ғасырдың тарихи құжаты сана­­латын соғыс тұтқындарын азап­­тауға тыйым салатын атақты Женева конвенциясының негізіне де Сала­хад­дин сұлтанның ізгілікті істері үлгі ретінде алынған көрінеді. 

Сейфолла ШАЙЫНҒАЗЫ,

«Egemen Qazaqstan»