«Ашық әкімдік» шарасында халыққа түсіндірілген негізгі мәселе – Елбасының «Әлеуметтік қамқорлық» бағдарламасы аясында көрсетілетін жаңа әлеуметтік шаралардың барысы болды.
Облыс әкімі Алтай Көлгіновтің қабылдауына бұл күні аз қамтылған 60 отбасының өкілдері келді.
- Көмекке мұқтаж отбасылардың өкілдері арасынан өз кәсібін ашуға талпынушылардың көп болуы – қуанышты жағдай. Бұл өте дұрыс бағыт. Өйткені мемлекетіміздің өзі бизнесімді бастаймын, кәсібімді жүргіземін деген адамға қолайлы жағдай туғызып отыр. Бүгінде кәсіпкерлік ісі қолжетімді әрі пайдалы, - дейді Алтай Көлгінов.
Ашық әкімдікке келушілердің көбі тұрғын үй және жұмыспен қамту мәселелері бойынша шағымданған. Сонымен бірге әлеуметтік төлемдерді төлеудің жаңа жүйесі туралы білгісі келетіндер де өте көп. «Әлеуметтік қамқорлық» жаңа әлеуметтік шаралары және аз қамтылған отбасыларға көрсетілетін мемлекет жәрдемі туралы бұл күні 220 батысқазақстандық нақты ақыл-кеңес алды.
Бұл күні Орал қаласындағы жұмыспен қамту орталығына 125 адам келген екен. Атқарушы биліктің ең лауазымды тұлғаларына тіке жолығып, өз мәселесін жайып салу, сауалына нақты да кесімді жауап алу тұрғындардың көңілінде сенімділік ұялатады. Орал қаласының әкімі Мұрат Мұқаев аз уақыт ішінде 25 азаматпен бетпе бет жүздесіп, ашық қабылдады.
«Ашық әкімдік» шарасына Ақжайық ауданында – 64 адам, Тасқалада – 29, Жаңақалада – 26 адам келген екен. Сауалдардың көбі жоғарыда айтылғандай, әлеуметтік бағытта болды. Баспаналы болу жолдары, әлеуметтік жеңілдіктерге қол жеткізу, ауыл кәсіпкерлеріне мемлекет көмегі мәселелері ең өзекті болды. Айта кетейік, Президенттің тапсырмасымен атаулы әлеуметтік көмектің 1 сәуірден беріле бастауы, оның мөлшерінің 20 789 теңгеге көбеюі, басқа да мемлекет қолдауы тұрғындардың көңілінен шығып жатыр.
Айта кетейік, Батыс Қазақстан облысында «Ашық әкімдік» шарасы екі жылдан бері тұрақты өтіп келеді. Биылдың өзінде 26 қаңтарда – 525 адам, ақпан айында – 695 адам «Ашық әкімдік» қабылдауында болды. Солның ішінде өңір басшысы Алтай Көлгінов 145 адамды тіке өзі қабылдаған.
Қазбек ҚҰТТЫМҰРАТҰЛЫ,
«Egemen Qazaqstan»
Суретті түсірген Виктор ПРЕДЫБАЙЛО
Батыс Қазақстан