Аймақтар • 18 Наурыз, 2019

Мемлекеттік қызметшілер балалар ауылының тәрбиеленушілерін Наурыз мейрамымен құттықтады

1182 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Маңғыстау облысы бойынша департаменті, Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл ұлттық бюросының облыстық департаменті, Президенті жанындағы мемлекеттік басқару академиясының Маңғыстау облыстық филиалы бірлесіп облыстық отбасы үлгісіндегі балалар ауылының тәрбиеленушілерін Наурыз мерекесімен құттықтап, сый-сияпат жасады.

Мемлекеттік қызметшілер балалар ауылының тәрбиеленушілерін Наурыз мейрамымен құттықтады

Бұл шараға Арнайы мониторингтік топ, Әдеп жөніндегі кеңес мүшелері және БАҚ өкілдері қатысқан болатын. Наурыз мейрамы қарсаңында ұйымшылдық таныта білген топ балалармен көрісті және Амал мерекесімен құттықтап, болашақта білікті мамандар қатарын толықтыруға тілектестігін білдірді.

«Облыстық отбасылық үлгідегі балалар ауылы» мемлекеттік мекемесінің негізгі міндеттеріне жетім, тастанды, ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларды отбасылық өмірге жақын бағып-күту, тәрбиелеу және еліміздің жан-жақты дамыған жеке тұлғасын қалыптастыру, әлеуметтік қоғамға бейімдеу болып табылады. Әсіресе балаларды отбасы жағдайында дербес өмірге тәрбиелеу, оқыту, сауықтыру және рухани – адамгершілік дамуына қалыпты жағдайлар жасауда тәрбиешілер, әлеуметтік педагог және психолог барын салуда. Яғни балалардың әлеуметтік қорғалуын, оңалуын және бейімделуін, денсаулығын сақтау, психофизикалық жай – күйін нығайту және профилактикалық шаралар жүргізу, сонымен қатар балалардың құқықтары мен мүдделерін қорғау, болашақ кәсібін дұрыс таңдауына жәрдемдесу үшін осындай кездесулер маңызды.

Айта кету керек, отбасы үлгісіндегі балалар ауылының тәрбиеленушілері жан-жақты, мәдени шараларға белсенді қатысады, оқу озаттары аз емес, түрлі олимпиадаларға қатысып жүлделі орындарға ие болып жүргендері бар.

Мемлекеттік қызметшілер мен қоғам өкілдері әсерлі де, мағынасы сөздер айтып берді, естелікке суретке түсіп, балалармен қызықты әңгіме дүкен құрды. Меймандармен болған кездесуде тәрбиеленушілердің орындауында әндер айтылып, өлеңдер оқылып бимен жалғасты,  спорттық жарыстар ұйымдастырылды. Арқан тарту, қазақша күрес және гір көтеру сияқты сайыста атой салғандар диплом, медаль, Кубок және қаржылай сертификаттарға ие болды.

Наурыз мейрамына арналған мерекелік іс-шаралардың идеялық-құндылықтық мазмұны өзінің өзектілігін жоғалтқан емес. Наурыз мейрамын тойлаудың негізгі мақсаты жалпыұлттық келісімді және қазақстандық патриотизмді нығайту, рухани жаңғыру және тарихи сананы жаңғырту құндылықтарын дәріптеу болып табылады.

Гүлайым ШЫНТЕМІРҚЫЗЫ,

«Egemen Qazaqstan»

Маңғыстау облысы