07 Тамыз, 2012

Египет терроршыларды қатаң жазаламақ

266 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Египет терроршыларды қатаң жазаламақ

Сейсенбі, 7 тамыз 2012 7:49

Израиль мен Египет шекарасында 16 египеттік әскери қызметшінің қаза болуына соқтырған теракт әлемдік БАҚ-тар назарын өзіне аударып отыр.

 

Сейсенбі, 7 тамыз 2012 7:49

Израиль мен Египет шекарасында 16 египеттік әскери қызметшінің қаза болуына соқтырған теракт әлемдік БАҚ-тар назарын өзіне аударып отыр.

Теракт болысымен-ақ Египет президенті Мохаммед Мур­си әскери басшылықпен және  арнайы қызметтер басшыларымен шұғыл кеңес өткізіп, теракт жасаушылардың аяусыз жазаланатынын мәлімдеді. Осы ретте әскери киім киген лаңкестердің Египет армиясының Газа секторымен шекарадағы блокпостқа шабуыл жасағанын, кейбір содыр­лардың алдын-ала базаға еніп кеткенін айта кету қажет. Халықаралық жаңалық агенттіктері шабуыл жасаушы­лар­дың артында Синай жарты аралындағы терроршылар мен палестиналық содырлардың тұрғанын хабарлауда.

«Кьюриосити» Марстан фотосуреттер жіберді

АҚШ президенті Барак Обама «Кью­риосити» автоматты аппара­ты­ның Марстың үстіне табысты қо­нуы­на байланысты НАСА-ны құттықтады.

НАСА мамандарының айтуынша, аппарат Марстың үстіне мейлінше дәл­дік­пен қонған. Мамандар қазірдің өзінде пла­нетаның үстінен  бірнеше фотосуреттер алған көрінеді. Марсқа дейінгі жолдың 8 айдан астам уақытқа созылғанын атап өту қажет. Осы мерзім аралығында аппарат шамамен 570 млн. шақырымдай қашықтықты ұшып өткен. Аппа­рат­тың құны да өте қымбат, ол шамамен 2,5 млрд. доллар тұрады. Бұл  америкалықтардың Қызыл планетаны игеру тарихындағы ең қымбат миссия болып  табылады екен.

Үкімет әскері шешуші шабуылға дайындалуда

Сирияның  мемлекеттік теледидары ел әскері «жал­дамалы терроршыларды» Алеппо қаласында өте үлкен шығындарға ұшыратты деп хабарлауда.

Елдің экономикалық астанасы саналатын Алеппода қа­зір өте ауыр шайқастар жүруде. Әскери  мәліметтерге қара­ған­да, ереуілшілерге қарсы кең көлемді шабуыл жасаушы үкі­мет әскерлерінің саны 20 мыңға жеткен көрінеді. Ере­уіл­ші­лер де өз кезегінде елеулі  шабуылға шығуға дайын екен­дік­терін мәлімдеуде. Бұған дейін Сирия армиясы ереуіл­шілерді олар осы уақытқа дейін қолда ұстап келген Дамаскінің соң­ғы ауданынан ығыстырып шығарғанын хабарлаған болатын. Үкімет әскерлері  артиллерияны пайдаланып, ереуілшілерді ұшақтармен және тікұшақтармен шабуылдауда.

Ішкі терроризм ретінде танылды

АҚШ полициясы сикхтер храмында орын алған қанды қыр­ғын­ды «ішкі терроризм» жағдайы ретін­де тергейтінін хабарлаған.

Қазіргі уақытта Висконсин штатында бол­ған оқиғаның нақты жағдайлары айқындала бастады. Бел­гісіз біреу діни рәсім өтіп жатқан шақта Оэк Крик қа­ла­­­сындағы сикхтер хра­мына басып кірген. Тер­рор­шының беталды атқан оғы­нан 6 адам қаза тапты. Қылмыс жасалған орынға полиция келген кезде қылмыскерге құқық қор­ғау­­шы­ның бі­рін жа­ра­лаудың сәті түскен көрінеді. Бірақ оның серігі сол жерде терроршының көзін жойған. Сикхтер қоғам­дас­ты­ғын­да қанішер өз ортамыздан шыққан жоқ па деген үрей де бар.

Иран президентін

Меккеге шақырды

Сауд Арабиясының королі Абдал­ла ІІ Иран президенті Махмуд Ахмадинежадты тамыз айының ортасында болатын төтенше ислам саммитіне қаты­су­ға шақырды.

Ислам ынтымақтастығы ұйымына мүше 57 мемлекет басшылары қатысатын төтенше саммит  Меккеде 14-15 тамызда өтеді. Форумның мақсаты, Сауд Арабиясы сыртқы істер министрі Сауд әл-Фейсалдың айтуынша, жікке бөліну  қаупі төніп тұрған қазіргідей күрделі уақытта ислам әлемнің бірлігін тағы бір айғақтау.  Соған байланысты ұйымдастырушылар үшін саммитке осыған дейін қарым-қатынастар тым күрделі болып келген Теһран өкілінің қатысуы өте маңызды болып табылады.

Хиросима қасіретінің 67 жылдығы атап өтілді

Жапонияда Американың Хироси­ма қаласына атом бомбасын тас­та­­ғанына 67 жыл толуы аталып өтуде.

Қалалық Бейбітшілік саябағында өт­кен мемориалдық рәсімге елдің премьер-ми­нис­­трі Есихико Нода қатысқан. Обелис­кінің ішіне атом бомбасының құрбаны болған 280.959 адам­­ның аттары жазылған жаңа тізім қойылған. Құрбандар қатарына  соңғы бір жылда қосылғандар саны 5729 адамды құрап отыр. Хиросима қаласының мэрі өз сөзінде «Фукусимада» болған апатқа да тоқталып өткен. Сонымен бірге, ол өзге елдерді де әлемді ядролық қарудан азат ету жөніндегі Хиросима мен Нагасаки тұрғындарының тілегіне қосылуға шақырды.

Курд содырлары шабуыл жасады

Түркияның оңтүстік-шығысында түрік әскерлері мен курд содырлары арасында болған қақтығыстан 19 адам қаза тапқан.

«Бостандық» радиостансасының хабарлауынша, ұрыс курд ереуілшілерінің бір тобы Иракпен шекарадағы елді мекендердің біріндегі әскери бекетке шабуыл жасағаннан кейін басталған. Қаза болғандардың арасында 6 түрік солдаты, 2 жергілікті тұрғын және 11 курд содырлары бар көрінеді. Оның сыртында түріктің 15 әскери қызметшісі түрлі дене жарақаттарын алған. Осыдан 2 апта бұрын аталған провинцияда түрік армиясы Курд жұмысшы партиясының содырларына қарсы ірі әскери операция өткізген болатын. Сөз ретінде  Курд жұмысшы партиясын АҚШ пен Еуроодақтың террорлық ұйым деп танитынын да айта кету қажет.

Интернет материалдары негізінде әзірленді.