Стратегиялық серіктестік серпіні
Сәрсенбі, 12 қыркүйек 2012 7:39
Қазақстанға ресми сапармен Корея Республикасының Президенті Ли Мен Бак келеді. Ли Мен Бактың бұл соңғы үш жылдағы Қазақстанға үшінші сапары болмақ. Мұның өзі оның Қазақстанға деген ерекше құрметі мен екі ел арасындағы жоғарғы деңгейдегі ынтымақтастықтың деңгейін көрсетсе керек.
Сәрсенбі, 12 қыркүйек 2012 7:39
Қазақстанға ресми сапармен Корея Республикасының Президенті Ли Мен Бак келеді. Ли Мен Бактың бұл соңғы үш жылдағы Қазақстанға үшінші сапары болмақ. Мұның өзі оның Қазақстанға деген ерекше құрметі мен екі ел арасындағы жоғарғы деңгейдегі ынтымақтастықтың деңгейін көрсетсе керек.
Оңтүстік Корея басшысының есімінде де терең астар бар. «Ли Мен Бак» қазақ тілінде «шапағат әкелуші адам» деген мағынаны білдіреді екен. Ырымшыл қазақ үшін қонақтың құтты болғаны – нұр үстіне нұр. Жетпісті еңсерген Президент Ли бизнес басқару бойынша бакалавр білімін алып, 1965 жылы «Хенде», корпорациясында еңбек жолын бастап, басқарушылық қабілетін танытады. Саясаттағы қадамы 1992 жылы Парламентке сайлануынан басталады. Жеті жылдан кейін Оңтүстік Корея астанасы Сеулдің мэрі қызметіне кіріседі. Қала басшысы ретінде ол тұрғындардың әл-ауқатын, тіршілігін көтеру, экологиялық жағдайды жақсарту, Сеул қаласын халықаралық қаржы орталығына айналдыру және әкімшілік басқару жүйесіне ақпараттық жоғары технологияларды ендіру ісіне ерекше көңіл бөліп, нақты нәтижелерге қол жеткізеді. Ли Мен Бак қала басшысы ретінде Оңтүстік Корея астанасының орталығында Қазақстанның аллеясының ашылуына да атсалысқан болатын.
Ли Мен Бак СЕО (Chief Executive Officer – бизнес ортада пайдаланылатын термин, бюрократиялық кедергілерден ада) тәсілін ұстанушы екенін жасырмайды. 2007 жылы республика президенттігіне сайланғаннан кейін мемлекеттік басқаруға корпоративтік басқару қағидаларын енгізе бастады.
Ол өзінің 2008 жылғы желтоқсандағы радиожолдауында барлық мүлкін кедей отбасыларға таратып беру ниетін жария еткен болатын. Ал президенттік жалақысының тек біріншісін ғана өзі пайдаланып, қалғанын ай сайын балаларға көмек қайырымдылық қорына аударып келеді.
Ли Мен Бак елімізге сапары қарсаңында Қазақстан мен Оңтүстік Корея мемлекетаралық байланысының бүгіні мен болашағы және әлемдік көкейкесті мәселелер туралы ой бөліседі.
– Қазақстан мен Оңтүстік Корея арасындағы байланыс белсенді дамуүстінде. Оған жоғары деңгейдегі ұдайы ресми сапарлар да дәлел.Дегенмен де, екіжақты қарым-қатынаста ерекше көңіл бөлетін немесе әліде түрен түспей жатқан бағыттар бар ма?
– Екі ел арасында 1992 жылы дипломатиялық байланыс орнатылғаннан кейін, яғни соңғы екі онжылдықта Корея мен Қазақстан қарым-қатынасы қарқынды дамыды. Ал 2009 жылдың мамыр айында екі ел байланысы стратегиялық серіктестік деңгейіне көтерілді. Қазіргі таңда Корея мен Қазақстан энергетика, табиғи ресурстар және өнеркәсіп инфрақұрылымын жетілдіру бағытында біршама жетістіктерге қол жеткізді. Әрине, өмір қозғалыс десек, замана дамуымен екі ел арасындағы байланыс та әртүрлі бағыттар бойынша тереңдей түспек. Мәселен, біздің елдеріміздің серіктестікті атом электр стансалары, жоғары жылдамдықтағы темір жол байланысы, ғылым мен жоғары технологиялар, денсаулық сақтау, шағын кеме тұрғызу мен логистика, сондай-ақ қоршаған ортаны қорғау бағыттары бойынша дамытуына мүмкіндіктері мол.
– Ал Қазақстанға бұл жолғы сапарыңыздың мақсаты қандай?
– Менің Қазақстанға бұл сапарым Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың арнайы шақыруымен, яғни менің Балқаш су электр стансасының кірпішін қалау салтанатына қатысуыма байланысты болып отыр. Жаңа электр станса – Қазақстан мен Корея мемлекетаралық экономикалық серіктестігіндегі айтулы жоба. Екі ел арасындағы дипломатиялық байланыстың жиырма жылдығын биыл мерекелей отырып, біз достық қарым-қатынасымызды мемлекет басшыларының жоғары деңгейдегі сапарымен стратегиялық серіктестік ретінде бекемдей түспекпіз.
– Өзіңіз білетіндей, Қазақстанда тарихы өткен ғасырдан бастау алатынкорей диаспорасы тату-тәтті өмір сүріп жатыр. Бұл фактор екі еларасындағы мәдени байланыстың да тереңдеуіне қаншалықты әсеретеді деп ойлайсыз?
– Мен Қазақстанда 100 мың этностық кәріс тұратынынан және оларды тіпті қазақтың төртінші жүз өкілдері деп айтатынынан да хабардармын. Олар экономиканың, саясаттың, ғылым мен мәдениет, спорттың сан саласында жемісті еңбек етіп, елдің дамуына өзіндік үлестерін қосып келе жатқанын білемін.
Мен кәріс өкілдерінен тұратын қазақстандық азаматтар елдегі этностық ұлыстар арасындағы ең үлгілілері болып, Қазақстан Республикасының дамуы жолында еңбек етеді деп сенемін. Біздің ұлыс өкілдері сондай-ақ екі ел арасындағы мәдени-экономикалық байланыста «жанды» көпір ретінде қызмет етеді деп үміттенемін.
– Мамыр айында Сеулде Ядролық қауіпсіздік жөніндегі саммит өтіп,оған Президент Нұрсұлтан Назарбаев бастаған қазақстандық делегацияда қатысты. Көпшілік білетіндей, 29 тамыз Н.Назарбаевтыңбастамашылығымен, БҰҰ Бас Ассамблеясының шешімімен Ядролықсынақтарға қарсы халықаралық іс-қимыл күні деп жарияланды. ОңтүстікКорея мен Қазақстан ядролық қаруды жаһандық деңгейде таратпаудақаншалықты рөл атқарады деп ойлайсыз?
– Нұрсұлтан Назарбаев пен қазақстандық делегацияның Ядролық қауіпсіздік бойынша екінші Сеул саммитіне қатысқандарына алғысым шексіз. Дәл сол Саммитте Қазақстан пайдаланылған ядролық отынды қауіпсіздендіру бойынша шараларды аяқтағанын жария етті. Жасыратыны жоқ, бұл отын 700-ден аса ядролық қаруды жабдықтауға жететін өнім еді. Алайда, Қазақстан әлемдік деңгейдегі тарихи шешім қабылдады. Қазақстанның бұл тарихи қадамы Сеул саммитінің табысты өтуіне де үлкен үлес қосты.
Қазақстан ядролық қаруды қысқарту және таратпау жөніндегі пікірталасқа белсенді қатысып жүр. Ал ядролық қаруды таратпау жөніндегі аймақтағы көшбасшы мемлекет екені даусыз. Қазақстан тәуелсіздік алғаннан кейін бірден өз аумағында ядролық сынақ жүргізбейтінін және ядролық қаруға қарсы екенін жария етті. Дәл осы мәлімдемеден кейін Қазақстан ядролық қаруды таратпау және жою бойынша айтарлықтай нәтижеге қол жеткізіп, халықаралық қоғамдастық үшін үлгі көрсетті. Қазақстан Семейдегі ядролық полигонды жауып, Ақтаудағы ядролық реакторды тоқтатып, Орталық Азияда ядролық қарусыз аймақ жасау бағыты бойынша бастама көтерді. Мен Қазақстанның мұндай күш-жігеріне тәнтімін.
2009 жылдың 2 желтоқсанында БҰҰ Бас Ассамблеясының 64-ші сессиясында 29 тамыз Ядролық сынақтарға қарсы халықаралық іс-қимыл күні деп жарияланды. Бұл да Қазақстан бастамасы еді. Халықаралық айтулы күннің үшінші жылдығына орай, мен Қазақстанды құттықтаймын. Екіжақты терең байланыстарды негізге ала отырып, біздің мемлекеттер бұл бағытта бірлесе жемісті жұмыс істейді деп сенемін.
– Соңғы кезде жиі айтылып жүрген Сеулдің Орталық Азиядағы«ресурстық дипломатиясына» кеңінен тоқталсаңыз. Оның негізгімақсат-міндеті қандай?
– Орталық Азиядағы мұнай, газ, минералдар сияқты табиғи ресурстарға бай мемлекеттермен Корея энергетикалық серіктестікті дамыта отырып, өзара тиімді әлемдік экономикалық қауымдастық құруға үміттенеді. Аймақтағы энергетикалық ресурстарды игеруге алдыңғы деңгейдегі технологиялар және Кореяның экономикалық даму тәжірибесін пайдаланатын болсақ, екі жақ үшін де тиімді серіктестік моделін құруға мүмкіндік болар еді. Ашығын айту керек, Корея энергетикалық бағыт бойынша Таяу Шығысқа өте тәуелді. Мұнайдың 80 пайызын дәл сол аймақтан тасылмалдаймыз. Орталық Азия мемлекеттерімен энергетикалық серіктестік орнату арқылы Корея аса жоғары тәуелділіктен құтылып, энергияның импорт көздерін көбейтіп, барынша тұрақты энергетикалық ресурстарға қол жеткізеді. Орталық Азия мемлекеттері өз кезегінде, энергетикалық құрылғылар, жобалау, сондай-ақ Кореяның тәжірибесі мол сала – жол салу және жалпы экономикалық, әлеуметтік инфрақұрылым бағытында ілгері жылжиды.
– Сіз кезінде Сеул сияқты ірі қаланы басқарып, мол тәжірибежинақтадыңыз. Сіздің ойыңызша қазіргі әлемде қалалардың болашағықалай болмақ?
– Мен 2004 жылы Қазақстанға алғаш сапармен Сеул қаласының мэрі ретінде келіп едім. Ал қазір мен Корея Президенті ретінде үшінші рет келгелі отырмын. Қазақстанға аяқ басқан сайын елдегі, әсіресе, Астананың іскерлік орталығында жүріп жатқан жаңа құрылыстардың куәсы боламын. Президент Назарбаевтың басшылығымен Қазақстан саяси тұрақтылық негізінде үздіксіз даму жолындағы ұлтқа айналып отыр деп есептеймін. Мұнымен қоса, Астана аз уақытта бой көтерген сәтті қала ретінде көптеген әкімшілік шаһарлар үшін үлгі болып отыр. Әрине, бұл – Президент Назарбаевтың аса көрегенді саясатының нәтижесі.
Көптеген дамушы мемлекеттерде қалалар мен ұлт тәуелсіздігінің дамуы тұспа-тұс келеді. Корея да бұл үрдістен шет қалмады. Жаңғыртулар барысында еліміз ауыл шаруашылығы аймақтарынан қалаларға халықтың жаппай көшуін бастан кешірді. Нәтижесінде, Сеул мен оның маңайындағы қалалардағы тұрғындардың саны жалпы ел халқының жартысынан асты.
Шектеулі кеңістікте күн сайын көбейіп бара жатқан адамдарды қамтамасыз етіп, сұранысты қанағаттандыру үшін қалаларда түрлі ғимараттарды барынша кеңейтуге тырыстық. Біз тар аймақта тіршілікті жалғастыру үшін жаңа құрылыс салудан гөрі, сұранысты төмендетіп, бар ғимараттарды аса үлкен тиімділікпен өзгертуге мәжбүр болып отырмыз. Экологиялық бәсекелестікте қалалық өнеркәсіп пен шаруашылықты дамыту мақсатында Чхонгечхон газ ағымы жобасын жаңғыртуды бастадық. Бұл жоба шеңберінде Сеул қаласы тұрғындарының тұрмысы да, қоршаған орта да біршама жақсарды. Президент қызметіне кіріскеннен кейін де, аталған жобаны іске асыру барысында қол жеткізген тәжірибе негізінде белсенді түрде төрт жобаны жалғастырдым. Олар климаттың өзгеруіне күрес бағытындағы шаралар шеңберінде өзендерді қалпына келтіру мен көгалдандыру болып табылады. Қалалардың келешегі тек экологиялық тазалықта, ауаның ластанбауында және көгалдандыруда болмақ. Яғни, болашақтың қаласы тек жасыл қалалар болу керек.
– Кореяаралық мәселені реттеуде алтыжақты үнқатысу қаншалықты табысты болады деп ойлайсыз?
– АҚШ-пен 29 ақпандағы келісімге қарамастан, 13 сәуірде Солтүстік Корея құрлықаралық зымыран ұшырды. Осының салдарынан халықаралық қауымдастықтың Пхеньянға деген сенімі жоғалды. Мұндай кезде алты жақты келіссөздерді жалғастыру туралы айту артық болар. Қазіргі таңда, бастысы – Солтүстік Кореяның өз міндеттемелерін халықаралық келісімдерге және БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінің қарарына сәйкес орындауы маңызды болып отыр. Ең бірінші, Пхеньян ядролық қарудан бас тарта отырып, түсіністік пен қолдау танытып, халықаралық сенімді қайтаруға тырысуы керек.
– Жақында Солтүстік Корея аймағы арқылы Оңтүстік Кореяға құбыр тарту бастамасы көтерілді. Бұл туралы пікіріңіз қандай?
– 80-ші жылдарың екінші жартысынан бастап, Ресейден Солтүстік Корея арқылы Оңтүстік Кореяға табиғи газ тартуды армандадым. Мұндай жоба Ресейдің Қиыр Шығысы мен Корея арасында экономикалық ынтымақтастықты дамытумен қатар, Корея түбегінде тұрақтылық пен бейбітшілікке негіз болар еді.
Ресей мен Оңтүстік Корея арасындағы 2008 жылғы келісімге сәйкес, екі елдің газ өндіретін компаниялары арасында жұмыс деңгейіндегі келіссөздері жүріп жатыр. Президент Путинмен бұл бағыттағы кездесулеріміз бұл жобаға қарқын береді деп ойлаймын.
– Биылғы жылдың басты оқиғасы Лондон Олимпиадасы болды. Онда оңтүстіккореялық спортшылар аса табысты өнер көрсетті. Спорт бейбітшілік көгершіні дейді. Сидней, Афина, Турин олимпиадаларының ашылу салтанатында КХДР мен Оңтүстік Корея спортшылары бір тудың астында шыққаны есімізде. 2016 жылғы Рио-де-Жанейро Олимпиадасында қос Корея бірлескен команда ретінде өнер көрсетуге әзір ме?
– Бүгінге дейін корей бірлескен командасын 2016 жылғы Олимпиадаға жасақтау мәселесі қаралған емес. Дегенмен, Олимпиадаға қатысудың өзі аса маңызды. Екі Корея да жарыстарда қатар өнер көрсетіп, бейбітшілік фестивалінде өз қабілеттерін барша әлемге паш ете алады.
Бүгінге дейін Сеул мен Пхеньян арасында басқа сектордан гөрі дәл осы спорт саласында ынтымақтастық жоғары болып отыр. Екі Корея мемлекеті 2016 жылғы Олимпиада мен басқа да кореяаралық мәселені жақсартатын халықаралық шараларға бірлесе қатысуға қадамдар жасайды деп үміттенемін. Қазақстан Лондон Олимпиадасында жеті алты медальмен он екінші орынды иеленді. Шынтуайтында, халық санымен сараланатын болса, қазақстандықтар бірінші орынға шығар еді. Қазақстан олимпиадада спорттағы шеберліктерімен қатар, экономикалық мүмкіндіктерін де паш ете алды.
– Сіз өзіңіздің СЕО ұстанымында екеніңізді ашық айтып келесіз. Сіздің ойыңызша саясат пен бизнес бір-бірімен қаншалықты байланысты, бір-бірін қаншалықты толықтыра алады?
– Қазір Үкімет жұмысында жәй басқарушылық ұғымынан гөрі, менеджменттік идеясына баса назар аударылады. Әрине, басқарудың екеуі де бірдей көрінуі мүмкін, алайда екіншісінде халыққа қызмет ету сапасына ерекше көңіл бөлінеді. Менің компания басшылығындағы тәжірибем мемлекет басқаруда да көмектесті. Кәсіпкерлік ой-қабілет пен бизнесті дамытудағы іс-тәжірибе мемлекеттік деңгейдегі мәселелерді барынша тиімді шешуге де ықпал етуде.
Дегенмен, мемлекетті басқару бизнес операция жасаудан әлдеқайда жауапты да ауыр, өйткені үкімет жалпы халықтың әл-ауқатын жақсартып, елді өркендетуі керек. Қазір біздің Үкімет бай мен кедей, ірі бизнес пен шағын кәсіпкерлік, қарттар мен жастар арасындағы алшақтықты жою бағытында жұмыс істеп жатыр. Жаһандық қаржы-экономикалық екі дағдарыстан кейін мен Президент Әкімшілігінде бірыңғай экономикалық даму қағидатын бекіттім. Менің ойымша, біз жекелеген компаниялар мен акционерлердің жеке мүддесін, пайдасын, табысын ғана ойлау шеңберінен шығуымыз керек. Олар тұтынушылар мен жалпы қоғам мүддесін бірдей назарда ұстауы тиіс. Тек сонда ғана мемлекет пен бизнес екіжақты тепе-тең даму жолына түседі.
Әңгімелескен Ілияс ОМАРОВ,
журналист, арнайы
«Егемен Қазақстан» үшін.
Сеул.
Сұхбатты ұйымдастыруға көрсеткен көмегі үшін Қазақстан Республикасының Оңтүстік Корея Республикасындағы елшілігіне алғыс айтамыз.