Осыған орай бүгін алтыншы шақырылымдағы Шымкент қаласы мәслихатының кезектен тыс қырық алтыншы сессиясында қала депутаттарының қолдауымен Шымкент қаласындағы Астана даңғылына Нұрсұлтан Назарбаев есімі берілді. Кезектен тыс ұйымдастырылған жиынға қала әкімі және мәслихат хатшысы, әкімдік мүшелері, жергілікті атқарушы орган басшылары қатысып, барлығы бұл шешімді қолдады.
«Елбасының өмір жолы өскелең ұрпаққа үлгі. Біз Нұрсұлтан Əбішұлының басшылығымен алғаш рет төл теңгемізді ұстағанымызды, Елтаңбамызға сүйсінгенімізді ешқашан ұмытпаймыз! Дəл осы кезеңде қазақтың алғашқы спортшылары Олимпиадада жеңіс тұғырының биігіне шығып, көк Туымызды желбіретіп, бүкіл əлемге Қазақстан Республикасының Əнұранын тыңдатты. Қаншама ауыл-аудандар қазақша атауын қайта алды. Тіпті, «Алма-ата» Алматы болып, «Чимкенттің» тарихи Шымкент аты қайта жаңғырды. Қазақ тілінің мəртебесі асты. Бір ғана Шымкент шаһарында жүздеген көпқабатты тұрғын үй салынды. Жаңа мектептер мен аурухана, емханалардың сəулеті қандай тартымды?! Астана! Есілдің жағасындағы бос жатқан даланы əсем қалаға айналдырудың орасан зор еңбек екенін бүкіл əлем мойындады. Ел еңсесін көтеретін сəулетті ғимараттардың саны көбейді. Тəуелсіз елдің іргесін бекітіп, бұғанасын қатайтты» деді Шымкент қаласы мәслихатының хатшысы Ғани Ташқараев.
Естеріңізге салар болсақ, Астана даңғылы – Шымкент қаласының бас көшесі. Онда қаланың әкімшілік-іскерлік орталығы орналасқан.
Нұршат ТӨКЕН,
«Egemen Qazaqstan»
Шымкент