15 Қыркүйек, 2012

Бір желіден тамыр тартқан

321 рет
көрсетілді
12 мин
оқу үшін

Бір желіден тамыр тартқан

Сенбі, 15 қыркүйек 2012 7:43

Тәуелсіздік туы көкке шаншыла тігілгеннен бергі уақыттағы қазақ дипломатиясы жеткен табыстар ауыз толтырып айтуға тұрарлық. Сыртқы саясаттағы осындай табыстардың еселенуіне жер-жердегі Қазақстан елшіліктерінің қосып отырған үлесі айтарлықтай. 
Қазақстан Республикасының Әзербайжан Республикасындағы Төтенше және өкiлеттi елшiсi Серiк ПІРІМБЕТОВ екі ел арасында дипломатиялық қатынастардың орнауына 20 жыл толуына орай тілшіміз қойған сауалдарға жауап берген болатын.

 

Сенбі, 15 қыркүйек 2012 7:43

Тәуелсіздік туы көкке шаншыла тігілгеннен бергі уақыттағы қазақ дипломатиясы жеткен табыстар ауыз толтырып айтуға тұрарлық. Сыртқы саясаттағы осындай табыстардың еселенуіне жер-жердегі Қазақстан елшіліктерінің қосып отырған үлесі айтарлықтай. 
Қазақстан Республикасының Әзербайжан Республикасындағы Төтенше және өкiлеттi елшiсi Серiк ПІРІМБЕТОВ екі ел арасында дипломатиялық қатынастардың орнауына 20 жыл толуына орай тілшіміз қойған сауалдарға жауап берген болатын.

– Серiк Достанұлы, Қазақстан мен Әзербайжан арасындағы екiжақ­ты қатынастардың бүгiнгi жағ­дайына және олардың даму перспективаларына қандай баға берер едіңіз?

– Ең алдымен, тамыздың 27-сінде біздің елдер арасында дип­ло­ма­тиялық қатынастар орнағанына 20 жыл толса, бұл жәйт өз деңгейінде мерейтойы аталып өткенiн айта кеткім келедi. Әрине, тарихи өл­шем­мен бұл қысқа ғана мерзім, бі­рақ та егемендiк алғалы өткен екi он­жылдықта біздің елдер ынты­мақ­тастықтың қарқынды даму ке­зеңі­нен өттi. Біздің елдер арасында сын­дарлы саяси үнқатысу орнап, осы жылдар ішінде екiжақты қаты­нас­тардың барлық саласына қатысты кең көлемді келiсiм-құқықтық база құрылды.

Бiздiң ынтымақтастықтың ұзақ мерзiмдi басымдықтарын айқын бел­гiлеген Стратегиялық әрiптестiк және одақтастық қатынастар туралы шарт екі ел арасындағы терең тарихи бауырластық, ортақ тағдыр мен ұмтылыстарға негізделген ағайын­дық байланыстардың дамуын анық көрсетеді. Мемлекет басшылары­ның 2009 жылдың қазанында және 2011 жылдың қазанында өзара ал­масқан ресми сапарлары шең­берін­де қол жеткізілген уағдаластықтар, олардың ойдағыдай іске асырылуы ынтымақтастықты сапалы жаңа дең­­гейге көтеруге оң ықпал етіп отыр­ғаны анық.

– Қазақстан мен Әзербайжан БҰҰ, ТҮРКСОЙ, ТМД, ЭЫҰ, ЕҚЫҰ, АӨСШК сынды ұйым­дардың толық құқылы мүшелерi болып табылады. Сіздің пiкiрiңiз­ше, осы жағынан екi мемлекеттiң ынтымақтастығы қаншалықты нәтижелі болып табылады?

– Егемендiкке қол жеткізіп және халықаралық қоғамдастықтың то­лық құқылы мүшесі болған біздің елдер өзіміздің тәуелсiз сыртқы сая­сатымыз қалыптасуының қиын-қыс­тау кезеңдерінен бірге өтті. Осы тұрғыда бiздер халықаралық және аймақтық ұйымдар шеңберінде белсенді түрде әрекеттесіп, бір-бірі­мізді қолдап отыратынымызды баса айтып өткім келеді.

Қазақстан мен Әзербайжан бас­шылығының ең алдымен Таулы Қа­ра­бақтағы ахуалға, сонымен бiрге, Ауғанстан, Ирак, Таяу Шығыстағы және тағы басқа халықаралық және аймақтық сипаттағы көкейкестi мә­селе­лерге ортақ көзқарастары екі ел­дің үйлесiмдi ортақ ұстанымының бар екендігін көрсетедi. Өзара қол­даудың арқасында бүгінгі таңда Қазақстан мен Әзербайжан танымал аймақтық көшбасшылар болып отыр. Олардың мәртебесi және абы­ройы iрi халықаралық ұйымдардың басшылық орындарына сайлануы­мен анық дәлелденеді.

2010 жылы Қазақстан ЕҚЫҰ-ға төрағалығын сәтті өткізіп, оны ХХІ ғасырда ұзақ үзілістен кейінгі ұйым­ның алғашқы Саммиттін өткiзумен аяқтады. Биыл Азиядағы өзара іс-қимыл және сенім шаралары жө­ніндегі кеңестің мерейтойлы жылы. 1992 жылдың қазанында БҰҰ Бас Ассамблеясының 47-ші сессия­сын­да көтерген Елбасы Нұрсұлтан Назар­баевтың бастамасы нақты жүзеге асты. Бұл бастама тәуелсiз Қазақстанның сәтті жүзеге асы­рыл­ған сыртқы саяси бастамаларының ең алғашқыларының бірі болды.

2009 жылдың 3 қазанында Нах­чыванда өткен Түркiтiлдес мемлекеттер басшыларының IХ Саммиті жалпытүркілік интеграцияның жаңа кезеңінің өзіндік бір катали­зато­ры­на және бастапқы нүктесіне ай­нал­ды. Саммиттің қорытындылары бо­й­ынша Қазақстан, Әзербайжан, Қыр­ғызстан және Түркияның прези­дент­терi тарихи маңызы жоғары құжаттарға, Нахчыван Декларация­сы мен Түркiтiлдес мемлекеттер ын­тымақтастық кеңесін құру ту­ра­лы Нахчыван келісіміне қол қойды.

Былтырғы жылдың қазанында Алматыда өткен Саммитте Қазақ­стан Республикасы тұңғыш рет Түркі кеңесіне басшылық етті. Биыл тамыздың 23-інде Бішкекте өткен ТМЫК екінші Саммитінде төра­ға­лық Қырғыз Республикасына ауыс­ты. Келесі жылы мәртебелі әрі жа­уапты міндет Әзербайжан Респуб­ли­касына жүктеледі.

Бiздiң елдердің бiрлесіп атса­лы­суының арқасында бүгінгі таңда штаб-пәтерi Бакуде орналасқан Түркі елдері Парламенттiк Ассам­блеясы ойдағыдай жұмыс істеуде, Түркі академиясы, Ақсақалдар ке­ңе­сі өз қызметтерiн бастады, Түркі мәдениетi мен мұрасының қорын құру туралы келiсiмге қол жеткізілді.

Мәдени-гуманитарлық байла­ныс­­­тар бiздiң бауырлас халық­тары­мыздың қарым-қатынасының негiзі мен мықты тұғыры болып табы­ла­тыны даусыз. Бұл байланыстардың дамуы мен нығаюына ТҮРКСОЙ-дың жемiстi қызметі өз септігін тигізуде.

Бiздiң елдердің өкiлдері осы ба­ғытқа маңызды үлес қосып отыр­ғанын айта кету өте қуанышты жәйт. 2010 жылдың желтоқсанында халықтар арасындағы бейбітшілік және достық, өзара сенiмді ны­ғай­туға үлес қосып және түркiтiлдес елдердiң мәдени-рухани қатынас­та­рын дамытуға қосқан белсендi қыз­метi үшін Әзербайжанның халық әртісі Полад Бюль-Бюль Оғлыға Қазақстан Республикасы Тұңғыш Президентiнiң Бейбітшілік және келісім сыйлығы берілсе, 2011 жыл­дың мамырында халық­аралық ау­қымда әзербайжан мәде­ниетiн наси­хаттаудағы зор еңбегі үшін Қазақ­станның көрнекті қоғам қайраткері, Қазақстанның ЮНЕСКО жанын­дағы Тұрақты өкілі Олжас Сүлей­менов «Достлуг» орденімен мара­пат­талды. 2012 жыл­дың науры­зын­да Қазақстанның тағы бір өкілі, ТҮРКСОЙ Бас хатшысы Дүйсен Қасейінов Әзер­бай­жан Респуб­лика­сы мен түркi­тiлдес мемлекеттер арасындағы мә­де­ни байла­ныс­тарды нығайтудағы зор еңбегі үшін «Достлуг» орденімен мара­пат­тал­ды.

– Бәрімізге мәлім, қазақ жері көптеген этностық әзербай­жан­дар үшiн туған Отанына ай­нал­ды. Олар бүгінде екі елді бай­ла­ныс­тырушы «көпір» қызметін атқа­рып отыр. Бұл туралы не айта­сыз?

– Шынында да, әзербайжан диас­порасы – біздің республиканың аумағында өмір сүріп жатқан диас­поралардың ең ірілерінің бірі, олар 130 мыңнан аса адамның басын біріктіреді. Оның қалыптасуы ХХ ғасырдың отызыншы жылдарында жаппай қуғын-сүргін кезінде бас­талып, одан кейін 1944 жылы Грузин КСР-і аумағында тұрған әзер­байжандықтарды жаппай қоныс ау­дартудың екiншi кезеңі орын алды. Ең соңында, үшiншi «қоныс аудару» циклі 50-шi жылдардың орта­сына, тыңды игеру кезеңіне тұспа-тұс келді. Бүгiнгі кезде әзербайжан диаспорасы республиканың саяси өмiрiнiң белсендi қатысушысы бо­лып табылады.

Бүгінде әзербайжандар Елбасы Н.Назарбаев бастамасымен құрыл­ған Қазақстан халқы Ассамблеясы этносаралық және конфессияарлық келiсiм саласындағы стратегиялық бағдарламаларды iске асыратын ерекше орган болып табылатын ҚХА-ның жұмысына белсене ара­ласып жүр.

– Экономика саласында екі­жақ­ты қатынастардың да­муына Қазақ­стан-Әзербайжан Сау­да-эко­номикалық ынты­мақ­тас­тық жө­нін­дегі мемлекет­ара­лық комис­сияның жұмысы өз ықпалын қалай тигізіп отыр?

– Мемлекетаралық комиссия, әри­не, екiжақты сауда-эконо­ми­ка­лық қатынастарды байланыс­тыра­тын буын болып табылады. Мұнай-газ саласының бастаушы министр­лiктерiнiң жетекшiлерi (қазақстан­дық тараптан – Мұнай және газ министрі С. Мыңбаев, ал әзербайжан тарапынан – Энергетика және өнер­кәсiп министрі Н. Алиев) комис­сия­ның тең төрағалары болып табыл­ғаны бiздiң елдердің қатынаста­ры­ның деңгейі туралы және ұсынысы барлық салалардағы екiжақты ын­тымақтастық мәселелерінің кең ау­қымын қамтитын Мемлекетаралық комиссияның қызметінің маңыз­ды­лы­ғын айқындайды.

Ал сауда-экономикалық қаты­нас­тарға келер болсақ, бiздiң ел­дер­дің экономикаларының ырғақты да­муына қарамастан, өкiнiшке қарай, нақты себептерге байланысты өзара сауданың бүгiнгi көлемi бар әле­уетке сәйкес келмейтінін атап өту керек. Осыған байланысты, біз екi елдің iскер топтарының арасындағы байланыстарды кеңейту бойынша және жақын арада тауар айналымын 500 миллион АҚШ доллары, ал келешекте оны 1 миллиард долларға дейiн жеткізуге мүмкiндiк беретiн өлкеаралық ынтымақтастықты да­мы­ту бойынша шараларды іске асы­рып жатырмыз.

– «Әзербайжан-Қазақстан» Дос­тық қоғамы бiздiң мемлекеттеріміз арасындағы қарым-қаты­нас­тардың дәнекері іспеттес. Сiз­дiң­ше, мәдени-гуманитарлық сала­да­ғы ынтымақтастықтың достық көпiрін құру қаншалықты ма­ңыз­ды?

– Өте қызықты сұрағыңызға рах­мет. Бұл сұрақ өте көлемдi және оған қысқаша бiр мәндi түрде жауап беру мүмкін емес, бірақ, сонымен қатар, ол өте маңызды болып та­былады. Қазақтар мен әзербай­жан­дар­дың тарихи тамырлары мен дәс­түрлері бiр екенін, тілдері мен менталитеттері ұқсас екендігін ұмыт­паған жөн. Өмiр деген әр халыққа өзінің тағдырын анықтатады.

Өз отандарының ұландары, бір-бі­ріне аға-іні ретінде қараған, Ел­басы – Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Әбiш­ұлы Назарбаев пен Әзер­бай­жан Республикасының бұрынғы бас­шысы Гейдар Алиев екі тәуелсіз елдің құрылуының басында тұр­ғанын атап өту керек.

Бiзге, қазақстандық дипломат­тар­ға, әзербайжан халқының бауыр­лас қолдауын сезе отырып, Әзер­байжанда жұмыс iстеу, өзге елден келген шетел әрiптестерiмізге қара­ғанда әлдеқайда жеңiлдеу. Сон­дық­тан да, Гейдар Алиев атындағы «Әзер­байжан-Қазақстан» Достық қо­ға­мына барша әзербайжан хал­қын, ал 18 жыл бойы белсене жұ­мыс iстеп келе жатқан Атқару коми­тетiне Қоғам мүшелерін екі орта­дағы мықты дәнекер қатарына се­нiм­дiлiкпен жатқызуға болады.

Қазақстан Республикасы мен Әзербайжан Республикасы арасын­дағы дипломатиялық қатынастар орнағанының 20 жылдығына орай елшiлiк бірқатар шараларды жүзеге асырып, бұл шаралар Әзербайжан жұртшылығының оң қолдауына ие болды. Барлығын жіпке тізбей-ақ, солардың бірнешеуін айтып кетейін. Баку қаласында Абай Құнан­баев атындағы көшенiң салтанатты ашылу рәсiмі өтіп, ойшыл-ақынға ескерткіш тақта қойылды, Л.Н.Гу­милев атындағы Еуразия ұлттық университетiнiң тiкелей қатысуы­мен Баку мемлекеттiк университе­тiнде Абай атындағы қазақ тiлi, тарих және мәдениет орталығы ашыл­ды. Гейдар Алиев атындағы спорт ойын-сауық сарайының жанында елшiлiк ғимаратының маңайында қойылған iшi ұлттық нақышпен әрленген 10 қанат қазақ киiз үйiнiң, Қазақстан Президенті Н.Ә. Назарбаев­тың әзербайжан тiлiнен аударылып басылған «Қазақстан жолы» атты кiтабының тұсаукесерлері өтті.

Сонымен қатар, мерейтойлы жы­лы елшiлiк бастамасымен және Қазақстан Республикасының Мәде­ниет және ақпарат министрлiгiнің қолдауымен маусым айында Қазақ­станда Әзербайжанның мәдениет күндерi, ал қарашада Әзербайжанда Қазақстанның мәдениет күндерi өтедi.

Осы тәріздес екі елдің бір-біріне қол созған ықыластарының арқа­сын­да болған шаралардың бәрі ба­уырлас халық деп аталатын бір та­мыр­дан тараған мықты қазақ-әзер­байжан достық көпiрiн құрайды.

– Әңгімеңізге рахмет.

Әңгімелескен Анар ТӨЛЕУХАНҚЫЗЫ,

«Егемен Қазақстан».