22 Наурыз, 2021

Ұлы күнді ұлықтау («Қазақ» газетінің Наурыз мейрамын қалай дәріптегені хақында)

2467 рет
көрсетілді
16 мин
оқу үшін
Ұлы күнді ұлықтау («Қазақ» газетінің Наурыз мейрамын қалай дәріптегені хақында)

Бүгінгі болмысымыздың бүтін бір бөлігіне айналған Наурыз мерекесі тар жол, тайғақ кешуі көп қилы кезеңнен өткені баршаға мәлім. Мейрамның 1926 жылға дейін қазақ жерінде тойланып келгені, арада алпыс екі жыл өткен соң қайта аталып өте бастағаны айтылып та, жазылып та жүр. Алайда ілгері заманда да Наурызды үнемі өз деңгей­інде мереке­­леу­дің мүмкіндігі бола берме­ген сияқты. Елдің басына түскен әртүрлі ахуал, халық­тың әр алуан көңіл күйі той тойлаудан аулақ­татқаны белгілі. Оның үстіне қалың бұқараны бодандықта ұстаған өктем жұрт өз бағыныштыларын ата салты­нан, байырғы дәстүрінен ажыра­ту­ға тырысып бақты. Сөйтіп «Ол күнде Наурыз деген бір жазғытұрым мейрамы болып, наурыздама қыламыз деп, той-тама­ша қылады екен. Сол күнін «ұлыстың ұлы күні» дейді екен. Бұл күнде бұл сөз құрбан айтында айтылады», – деп ұлы Абайдың өзі мән берген ұлыс мерекесі талай теперішті бастан кешті. 

Наурыздың ықылым заманнан бері келе жатқан ұғым екені, әр дәуірде сипаты біршама өзгеріп отыр­ғаны тура­лы деректер жеткілікті. Оның атауы ең көне деген рухани құнды­лық­тарымызда да ұшырасады. Бұл – айтулы мейрамның ғұмырының ұзақтығының дәлелі. Мысалы, қазақ күн­тіз­бесін егжей-тегжей­лі зертте­ген Мыңбай Ысқақов «наурыз» сөзі­нің ежелден қазақ тұрмысына сіңіп кеткенін айта келіп, ертеден келе жатқан дастандардың бірі – «Қобы­лан­ды батыр» жырының мынадай үзіндісін ұсынады:

Қаз жайлауын саз деймін,
Наурыздан соң жаз деймін.
Көлден ұшқан қаздаймын,
Наурыздан соңғы жаздаймын.

Осының өзі де бүкіл түркі халық­та­ры­на ортақ Наурыздың талайғы тарихы жөнінде бірқатар тұжырым жасауға жетелейді. 

Ұлттың жоғын жоқтап, мұңын мұң­­да­ған «Қазақ» газеті де ұлыстың ұлы күнін әркез естен шығарған жоқ. Басы­лым жыл сайын мүмкіндігіне қарай наурыз айының басында қалың елге сәлем жолдап, газет арқылы көрісіп, таным­дық мәлімет беріп тұрды. Алаш жұртына кең танымал газет шыға­ру­­шылар мен авторлар халықтық ұғыммен астасып кеткен бұл мейрамға баса маңыз берді. Ұлыстың ұлы күнін барша жұртқа кеңінен насихаттай отырып, мерекенің түрлі себеппен елен­бей қалып жүргенін де еске салып қою­ды ұмытпады. Сол арқылы оны ұлт зердесінен шығармау қажеттігін әбден санаға сіңірді. «Қазақ» газеті алғаш шыққан 1913 жылғы наурыз айын­дағы басқарма атынан берілген мақа­лада былай делінеді: «Наурыз – қазақ­ша жыл басы. Бұрынғы кезде әр елде Наурыз туғанда мейрам қылып, бас асып, қазан-қазан көже істеп, ауылдан-ауылға, үйден-үйге жүріп, кәрі-жас, қатын-қалаш, бәрі де мәз болып көрі­сіп, араласып қалушы еді». Осыған қарап, ұлттың ұйысуына ұйытқы болған сол кезеңде де ұлыс күнін мереке­леу дәстүрі өз деңгейінде бола қоймағанын аңға­рамыз. «Қазақты» шыға­ру­шылар соны еске сала отырып, Наурыз­дың танымдық маңызын арттыра түсуді мақсат еткен. Мерекенің нақты күнін белгі­леу мәселесін жолға қойып, ескі жыл қайыру бойынша 9 наурыз­дан бас­тау керек дегенді зердесіне жаттатуды көз­дейді. Осылайша дәлдей түсудің өзін­дік себептері де жоқ емес. «Бұл кезде ол ғұрып, қазақ арасында қалып бара жатқан секілді, наурыздың қай айда, ай күні болуы хақында әртүрлі сөйленеді. Біреулер Наурыз марттың бірінде, екіншілер тоғызында келеді деседі, һәр жұрттың белгісі, күнде жаңа жыл туады, ескі жыл бітіп, жаңа жыл бастал­ғанда: «іс жаңа жылда қайырлы болсын, жаңа бақыт нәсіп болсын», – деп құт­тықтасады, ол күнді мейрам қылып, шат­тықпен өткізеді», – делінеді аталған мақа­лада. 

Осыған орай «Қазақтың» 1914 жыл­ғы 9 наурыздағы 53-нөмірінде «Қыр баласы» деген бүркеншек атпен «Жаңа жыл» деген мақала жазған Әлихан Бөкейхан да өз пікірін білді­ре­ді. Ол Нау­рыздың нақ осы күні бас­та­­лу­ының себебін ғылыми негіз­деп түсін­діреді. Мәсе­ле­нің түп-төркініне үңі­ліп, бірқатар тарихи деректерді алға тартады. Алаш қайраткерінің тұжырымы «Біздің қазақ жаңа жылы мартта болғаны адасқан емес. Жаңа жыл мартта болса, күн мен түн тең бол­ған­­нан бастау керек. Ескі стильде бұл күн 9-ыншы март болады», – деп түйінделеді. Әлихан осы мақа­ласында ескі күнтізбе мен жаңа күнтіз­­бенің айырмашылығын да талдап ұғын­­ды­рады. ХІХ ғасырда екі стильдің арасы 12 тәулікті қамтығанын, бұрынғы 7 наурыздың Еуропада 19 наурызға сәйкес келетінін, ХХ ғасырда жаңа стиль жүйе­сі бойынша кем дегенде бір тәулік қосылатынын, сондықтан екі стильдің арасы 13 күн болатынын айтады. 

Ұлыстың ұлы күнінің наурыздың 9-ында аталатынын негіздеу тек мұны­мен ғана шектел­мейді. Газеттің осы мейрамға қатысты мақа­лаларының бәрінде де бұл мәсе­ле қозғал­май қал­май­ды. «9-ыншы мартта түн мен күн теңеледі. Содан кейін күн ұзарып, жылы бола бастайды. Күн жылы­ға айналғаны – жазға айналғаны. Сон­дық­тан 9-ыншы март жаз басы болып табылады... Сол тоқсанның басы 9-ыншы март болғандықтан, бұл күн «Наурыз», яғни, «жаңа күн» деп атала­ды», – делінеді «Наурыз құтты болсын!» деген мақалада. «Қазақ» газеті осы арқы­лы Наурызды, одан басқа да рухани құнды­лық­тарды жоқтаушының рөлін атқарады. 

Әлихан мен Ахмет сынды кемеңгер көшбастаушылары бола тұра ұлттың бас басылымы қашанда елмен ақыл­да­сып, ойласып отыру дәстүрінен айны­ған емес. Газет басқармасы өз ұста­нымдарын баяндай келіп, мәселені халық­тың талқыға салуын сұрайды. Оқырмандардан ойлы пікір, ұтымды ұсыныс күтеді. «Осы туралы білетін адамдар «Қазаққа» жазса екен, біздің Жаңа жыл – Наурыз анық жылдың қай айында һәм қай күнде басталады? Біз оқушы­ларымызды Жаңа жылмен құт­­тықтауға Наурыздың анық қай күні туаты­нын біле алмадық, ғафу өтінеміз», – деп басы­лымның оқушы­ларына ой тас­тайды, пайдалы кеңес қосуын өтінеді. Белгілі бір маң­ызды тақырыптың төңі­регінде оқырманмен ой бөлісу – «Қазақ­тың» негізгі ұстанымы. Сөйтіп олардың баспа­сөз­ге ықыласын арттырады, газет­тің шын мәнінде халықтың «көзі мен құлағына» айналуына жол ашады. «Міне, табиғаттың осындай көңілді өзгерістерінің кезеңінде біздің жаңа жылымыз Наурыз туып, ата ғұрпы­мыз­ды ұмытпай, белгілі бір күнді жыл басы қылып алсақ, ұнамды іс болар еді», – деген құлаққағыс та осындай көзқарастың жемісі.

Ежелгі заманнан бастау алатын, соғда­лық­тар «наусарыз», хорезмдіктер «наусарджи», армяндар «навасарди», чуваштар «норас-ойахе» деп атаған Наурыз­дың тарихын баяндауға да «Қазақ» газеті жеткілікті көңіл бөлді. Негізгі міндеті ұлт санасын ояту болып сана­­латын басылым бұл турасында да өзінің ағартушылық ұстанымынан жаңылмайды. Қазақтың ұлы мереке­сінің тамыры тереңде екенін оқыр­ман­да­рына ұқтырып, оларды таным­дық мәліметпен байыта түседі. 

Әлихан Бөкейхан аталған мақала­сын­да әлемдегі елдердің Жаңа жылды тойлау дәстүрін талдап-таразылайды. Соның ішінде бүкіл түркі жұртының ортақ мере­кесі – Наурыздың тарихын да ежелгі дәуірден іздейді. Ол әр елдің жалпыхалықтық күнтізбелерге бейімделу тәжірибесіне тоқталып, ұлыс күнінің бастауын арыға жылжытады: «Біздің түрік жұрты сол Халдей заманынан бері моңғолмен бірге жасап, аралас тіршілік етіп келеді. Біздің Жаңа жылдың да шыққан жері осы айтылған екі өзеннің (автордың қолданысында – Іфрат һәм Дижле, Б.О.) өлкесіне барады-ау деймін». Ә.Бөкей­ханның осы шағын ғана мақа­ла­­сының танымдық мәліметі мол. Онда әлемдік күнтізбелердің пайда болуы, оны қолдану ерекшеліктері, мән-маңызы, есептеу жүйесі туралы деректер ұсынылған. Ол Вавилон халқы Халдей деп те аталатынын ескертіп, «Халдей жаңа жылы жазғытұрғы күн мен түн теңелетіннен басталушы еді. Бұл күнді парсы тілінде «Наурыз» дейді, Жаңа жылдың басы дейді. Жаңа жылда халық қуанып, бір-біріне гүл, жұмыртқа сыйлаушы еді. Парсы ақыны Хафиз Жаңа жыл мейрамын неше буын қылып мақтайды», – деп ой өрістетеді. 

Басылым бетінде Наурыздың жай-жапсары туралы келе жатқан жылдың сипатымен байланыстыра жазылған мақалалар да кездеседі. Мысалы, 1915 жылғы наурызды қарсы алуға арналған «Оренбург. 9 март» деген мақалада былай делінеді: «Бүгін – жыл басы Наурыз. Міне, «барыс» кетіп, «қоян» келіп тұр. «Қоян» – халыққа жайсыз жылдың бірі. Осымен төрт «қоянды» көрейін деп тұрмын. Бұл төртеуі де халыққа жайлы болған жоқ. «Қоян» жылы не малға, не жанға ауыртпалық түсірмей өткен емес». Мақала авторы одан әрі 1880 жылғы қоянда жұт болып, мал қырылғанын, 1892 жылғы қоянда қазақтар жұтап, бүкіл Ресейде ашаршылық болып, көнек ауруы­­нан, обадан адамның көп шығынға ұшырағанын, 1904 жылғы қоянда қазақтың онша жұтай қоймағанын, бірақ Ресей мен Жапония арасында соғыс болғанын, оның салқыны бізге де тигенін айтады. Келіп жатқан мына қоян жылының да қырғын соғыстың үстіне тап келгенін баяндайды. Сөйте тұра, «жаман айтпай – жақсы жоқ» деген ежелгі салтымыз бойынша, алдағы жылдың берекелі әрі жайлы болуына тілек білдіреді. 

Сонымен қатар «Қазақтың» бе­тін­де Ж.Жәнібековтің аудармасымен жария­ланған М.Расул Заденің мына бір мақаласы назар аудартпай қой­майды. Ол Наурыздың мән-мағы­­насын тәптіштей отырып, Түр­кия­мен шекарадағы соғыс сал­да­ры­­нан «еркектері туралған, әйел­де­рі бет-бетімен қайда болса сонда қаш­қан, бала-шағалары тау-тас арасына бытырап кеткен, қысқасы, тұра­ғы күл-талқан болған» мұсылман халық­та­рының тағдырына деген аяныш сезі­мін оятады. «Наурыз. Атынан да белгі­лі жаңа күн. Бірақ бұл марттың тоғызы біз үшін шынымен жаңа күн бол­ып жетер ме? Қорқынышты соғыс­­тың қанды оқиғалары, ұлт арпа­лы­суы­ның жексұрын кейіптері таби­ғат­­тың ең әдемі бір күнін мейрамға арнаған біздің әлемге де аз бәле, аз қайғы келтірген жоқ», – деп ашына отырып, елді сабырға шақырады, бірлікке үндейді. Ұлыстың ұлы күні деп дәріптегенімізбен мереке деге­ні­міз тыныштығы бұзылмаған елдің еншісіндегі ғана құндылық екенін еске салады. Мерекенің игілігін қиналған жұртқа, қалжыраған ұлтқа демеу көр­сетуге жұмсау жөніндегі ниетін аңғар­та­ды. 

«Мінеки, жуырда мейрам келеді. Білеміз, көп кісі осы күннен мейрам қамын жеп жатса керек. Бірақ мынау ескерілсін. Адамшылық, мұсылмандық һәм ағайындықты сезіп, бауырмалдық қызуымен жанданған бір кісі мұндай қанды жылда, ұлтының, отандасының басына мың түрлі бәле келген бір заманда қалайша шат көңілмен мей­рамды қарсы алсын?», – дейді мақа­ла авторы. Оның «Күншығыс мұсыл­ман­дарының, әсіресе Кавказ мұсылмандарының ардақты игі мейрамы – Наурыз» алдындағы ұсынысы бірлікті көздеген басылымның мұра­тымен де үйлесім тауып тұр: «Айта­й­ын деп келе жатқаным, ей, бауырлар, ...анық бір Наурыз еліміздің салтынан болса, биылғы Наурызға ұс­тай­­тын ақшамызды Кәріс һәм Арда­һан соғы­сында шабылғандарға бере­йік». Біз бұдан халықтың қамын жеген «Қазақтың» Наурыз арқылы бұл мерекенің діні бір, тілі ұқсас халық­тар­ды біріктірушілік рөлін көрсеткенін байқаймыз.

Ұлт басылымы ара-тұра Наурыз туралы өлең-жырларға да орын беріп тұрды. Дүниені соғыс өрті шарпып, ел қиындыққа ұшырып жатқан кездің өзінде газетті ұйымдастырушылар жұртты мерекелік көңіл күйден арылтпауды жөн санады. Қазақы қалыпты, табиғи тіршілікті жырлаған төмендегі өлең­нен ұлттық болмысымызды айқын аңғарамыз.

Сәлем бердік, жас Наурыз, 
жылдың басы!
Жұрттың күткен мінекей 
ықыласы!
Көжесін қып, күйбеңдеп, 
басын асып,
Бермек һәркім барынша қонақасы.

Келгеніне құттықтап бірін-бірі,
Қуанышта, көрісіп кәрі, жасы.
Көңілі түгіл адамның сен 
келген соң,
Самарқанның елжіреп тұр 
көк тасы. 

«Қазақта» жарияланған мақала­лар­дың дені Наурызды қадірлеу, оны дәстүрімізге берік енгізу, өмір салты­мыз­ға айналдыру мақсатынан туындайды. «Наурызды мейрам етушілер Үндістан, Иран, Ауған, Бұхара, Кавказ, Түркістан һәм біздің қазақ жерінде. Бұл заманда Наурызды мейрам етушілер қазақ арасында сиреп бара жатқан сияқты көрінеді. Басқалар тастамай Наурызды мейрам етіп отырғанда, біздің қазақтың тастайтын жөні жоқ-ақ», – деп дабыл қаққан. «Рустың жаңа жылы қыс ортасында, нағыз сақылдап тұрған суықта келеді, біздің Жаңа жылымыз – Наурыз марттың басында болсын, ортасында болсын, әйтеуір мартта келетін болса, шын мағынасымен Жаңа жыл деп айтуға лайық», – деп ұтымды ой тастаған, «Мейрам – ұлт­тың жеке-жеке болған мүшелерін бірік­тіріп, бір денедей қылып қосатын бір дәнекер», – деп ұйымшылдыққа үндеген, «Қызықты жақсы мезгілдің басы 9-ыншы март болса, бұл күнді мейрам етпегенде, қандай күнді қазақ мейрам етер?», – деп кесімді пікір айтқан мақалалар әлі күнге дейін құнды­лығымен ерекшеленеді дер едік. 

Қорыта айтқанда, ұлттың көзін ашып, санасын сергіткен «Қазақ» ұлыс­тың ұлы күні – Наурыздың тарих беде­ріндегі өз орнын табуына, тілегі бір туыс халықтардың ортақ мерекесі ре­тінде жадымызда жатталуына үлкен үлес қосты. 

Бауыржан ОМАРҰЛЫ, 

ҰҒА корреспондент-мүшесі, филология ғылымдарының докторы, профессор