Облыс орталығындағы «Статус» ойын-сауықтық кешенінің директоры Асқар Біләлов Талдықорған қаласының тұрғыны Индира Қарабековаға үш бөлмелі пәтер сатып алып берді.
- Қарабековтер жанұясын біраз уақыттан бері білемін. Бұған дейін азық-түлік себеттері түрінде қайырымдылық көрсеткенбіз. Үйлеріне келген сайын лайықты өмір сүруге жағдай жасалмағанын байқайтынмын. Сондықтан Наурыз мерекесі қарсаңында осындай сыйлық жасауды шештік, - дейді кәсіпкер.
Сегіз баласы бар Индира Қарабекова бұған дейін саяжайдан пәтер жалдап тұрып келген. Кәсіпкер Асқар Біләлов бұл отбасына үнемі қол ұшып беріп жүреді екен. Ал 3 бөлмелі үйдің кілтін сыйға алғаны күтпеген қуаныш болды. Кәсіпкер пәтірді толық жөндеп, керекті жиһаздарын да сатып алып беріпті.
- Біздің жеке үйіміз болады деп армандайтынбыз. Бірақ бұл арманымыз осыншама жылдам орындалады деп ойламаппын. Асқардың жасаған жақсылығы үшін алғыс білдіремін. Бүгін біздің өміріміз күрт өзгерді, - дейді көпбалалы ана Индира.
Қалмаханбет МҰҚАМЕТҚАЛИ,
«Egemen Qazaqstan»
Алматы облысы