Аймақтар • 21 Наурыз, 2019

Әулиеатадағы әсерлі мереке

1082 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Жамбыл өңірінің тұрғындары биыл екінші жыл Наурыз мейрамын 9 күн бойы атап өтуде. 14-22 аралығындағы әр күнге түрлі атау беріліп, соған сәйкес түрлі шаралар ұйымдастырылып келеді.

Әулиеатадағы әсерлі мереке

Бүгін де Әулиеата халқы Ұлыстың Ұлы күнін ерекше салтанатпен қарсы алуда.
  21 наурыз «Береке күні» ретінде аталып, көне Тараз шаһарында «Қош келдің, Әз-Наурыз» мерекелік шарасы ұйымдастырылды. Айтулы шара Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың «Ұлы даланың жеті қыры» мақаласындағы «Түркі әлемінің бесігі» бөлімін айшықтайтын театрландырылған көрініспен ашылды. Ұлыстың Ұлы күнінде 700-ге тарта өнерпаздың қатысуымен «Көктем» хореографиялық композициясы және домбырашы, қобызшы және дауылпазшылардың қатысуымен олардың күй орындау шеберліктерін көрсететін композициялар көпшілік назарына ұсынылды. 
  Сонымен қатар, жамбылдық жұртшылық Бағдат Сәмединова, Әділ мен Дана, Алишер Каримов, Әбдіжаппар Әлқожа және Кенен Әзірбаев атындағы Жамбыл облыстық филармониясы әншілерінің концертін тамашалады. Мереке күні Тараз қаласындағы Ы.Сүлейменов, Абай даңғылы, Төле би және Желтоқсан көшелерінің қиылыстарын қамтитын аумақ қазақ ауылына айналып кеткендей еді. Абай даңғылының бойына тоғыз киіз үй тігіліп, мұнда өңірдегі көпбалалы және аз қамтылған отбасылар және мүмкіндігі шектеулі азаматтарға арналып дастархан жайылды. Сонымен қатар, Ы.Сүлейменов көшесінің бойына да шатырлар орнатылып, ашық аспан астында дастархан жайылды. Бүгінгі «Береке күні» 5 мыңға тарта адамға наурыз көже таратылды. Осы мезетте жуырда ғана күрделі жөндеуден өтіп, пайдалануға берілген Қайрат Рысқұлбеков атындағы саябақта ұлттық спорт ойындарынан жарыс, алтыбақан ұйымдастырылды.

Хамит Есаман, 
«Egemen Qazagstan»

Жамбыл облысы