Орталық Азиядағы ядролық қарудан азат аймақ бірқатар ерекшеліктерге ие. Бұл ядролық қаруды белсенді түрде өрістету және сынау үшін полигон ретінде саналған солтүстік жарты шар өңіріндегі алғашқы ядролық қарусыз аймақ. Оған қоса, ОАЯҚАА ядролық қаруы бар мемлекеттер арасындағы ядросыз арал болып табылады. Ресми ядролық мемлекеттер – Ресей мен Қытай, сондай – ақ ядролық қаруды таратпау туралы шарт (ЯҚТШ) тұрғысынан танылмаған – Үндістан мен Пәкістанды атап өтемін. Сонымен бірге, Семей шартында уран қалдықтар қоймаларын және ядролық сынақ полигонындарын экологиялық оңалту бойынша міндеттемелер жазылған.
Қазіргі уақытта біз аймақтағы әріптестерімізбен бірлесіп түрлі бағытта дәйекті жұмыс жүргізіп келеміз. 2018 жылы Өзбекстан аймақтың төрағасы ретінде оған мүше мемлекеттердің атынан ОАЯҚҚА бойынша БҰҰ Бас Ассамблеясының кезекті қарар жобасын енгізді. Қарар 2018 жылы Нью-Йоркте БҰҰ Бас Ассамблеясының 73-сессиясы барысында консенсуспен қабылданды.
Қазақстан 2019 жылы ОАЯҚҚА төрағасы ретінде Орталық Азиялық аймаққа мүше мемлекеттерінің Астана қаласында кезекті консультативтік кездесуін өткізуді жоспарлауда. Төрағалық ету барысында біз аймақ шеңберінде үйлестіруді нығайту мәселелеріне, сондай-ақ «ядролық және радиоактивті материалдардың заңсыз айналымын болдырмау және Орталық Азиядағы Ядролық қарудан азат аймақ туралы шартқа қатысушы елдердің ядролық терроризмге қарсы күрес жөніндегі өзара іс-қимыл туралы шартты» ілгерілетуге назар аударуды жоспарлап отырмыз.
Семей шартының маңызды құрамдас бөлігі Ұлыбритания, Қытай, Ресей, АҚШ және Франция елдерінің өкілдері қол қойған жағымсыз кепілдіктер туралы Хаттама болып табылады. Қазіргі таңда АҚШ-тан басқа «ядролық бестіктің» барлық елдері Хаттаманы ратификациялады. Біз американдық тараппен бұл мәселе бойынша тұрақты түрде консультациялар өткізудеміз.
Жалпы алғанда, ядролық қарусыз аймақтар жаппай қырып-жою қаруын таратпау және қарусыздану мәселелерінде ең тиімді құралдардың бірі болып қалуда. Қазақстан Таяу Шығыста, Солтүстік-Шығыс Азияда және Еуропада ядролық қарудан азат аймақтарды құру бүкіл планетамыздың біртіндеп ядролық қарусыз бірегей аймаққа айналуы жолында ядролық қарусыз әлемнің географиясын кеңейтуге жол ашады деп санайды.
ҚР Сыртқы істер министрлігі ядролық қарудан азат аймақтардың барлығымен іс-қимылды нығайту бойынша Қазақстанның Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасын іске асыруда. Бұл ретте, елордада барлық аймақтар өкілдерінің кездесуін өткізу пысықталуда.
Гүлбаршын САБАЕВА,
«Еqemen Qazaqstan»
Алматы