«Тәуелсіздіктің 28-ші көктемінде Елбасымыз өз өкілеттілігінен бас тартты. Тұңғыш Президентіміздің тосын шешімі қазақстандықтар үшін күтпеген жағдай болғаны рас. Өткен ғасырдың тоқсаныншы жылдарындағы қиындықтан елді құтқарып, қой үстіне бозторғай жұмыртқалаған бүгінімізге жеткізген Елбасының жасаған еңбегіне қазақ халқы ғана емес, әлем жұрты да жоғары баға берді.
Тәуелсіздік жылдары ішінде еліміз талай шыңды бағындырып, талай белестен өтті. Еліміз Орта Азия мен ТМД-дағы көшбасшы елге айналды. Арқа төсінде сәулеті келіскен жаңа Астанамыз бой көтерді. Бұның барлығы - тұңғыш Президентіміздің еңбегі. Оған ешкім таласпасы анық.
Биылғы жылдың 20 наурызда ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев астанамызға Тұңғыш Президент – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың есімін беру туралы ұсыныс жасады. Батыс Қазақстан облысының «Ақжайық» футбол клубы бұл ұсынысты толығымен қолдайды. Өйткені Елбасы - Қазақстанды құлдыраудан құтқарған тұлға. Сондай-ақ еліміздегі татулық пен бірлік - Тұңғыш Президентіміздің салиқалы саясатының арқасы.
Елімізде спорттың, соның ішінде футболдың дамуына да Елбасы сүбелі үлес қосты. Елімізде талай спорттық нысандар салынып, біразы жөнделді. Спорт инфрақұрылымы жақсарып, спортшыларымыздың нәтижелері өсті. Нұрсұлтан Назарбаев Тәуелсіз Қазақстанның дамуына орасан зор үлесін қосты. Оның ішінде спорт саласының өркендеуіне үлкен қолдау жасап келді. Елбасы басқарған кезеңде қазақстандық спортшылар ең мәртебелі спорттық додаларда жеңіске жетіп, өздерінің жеңістерін Тәуелсіз Қазақстан мен Нұрсұлтан Әбішұлына арнағанына куәгер болдық. Бұл дегеніміз - Елбасының спортқа үлкен көңіл бөлетінінің көрінісі.
Мемлекетті құрған адамның есімімен қаланы атау тәжірибесі бар. Мәселен, Вашингтон қаласы баршаға мәлім. Нұрсұлтан атындағы қаланың болғаны Тәуелсіздіктің символы іспеттес. Тәуелсіз Қазақстан мен Назарбаевтың аты - синонимдер! Астанаға Нұрсұлтан Назарбаевтың есімін беру - нақты әрі талас тудырмас шешім және ел-халқының Елбасы еңбегіне берген бағасы! «Ақжайық» футбол клубының ұжымы» делінген хабарламада.