«Ең алдымен, баршаңызды Ұлыстың ұлы күнімен шын жүректен құттықтаймын! Әз-Наурыз рухани бай мұрамыздың жарқын символына айналды. Ұрпақтан-ұрпаққа жалғасып келе жатқан бұл мереке – халық бірлігінің негізі», деді Мемлекет басшысы Касым-Жомарт Тоқаев.
Ол өзінің түркі дүниесінің рухани астанасы – Түркістанға тағзым ету үшін арнайы келгенін айтты. Сондай-ақ өңірдегілермен жүздескеніне қуанышты екенін жеткізді.
«Түркістан – еліміздің алтын бесігі, мәдениетіміз бен руханиятымыздың символы және бүкіл халқымыздың бойтұмары. Елбасының бұл қалаға ерекше мәртебе беру туралы шешімі кездейсоқ емес. Ежелгі Түркістанның жаңғыруы және жаңаруы даму жолымыздың дұрыстығын көрсетеді. Президент ретіндегі алғашқы сапарымның Түркістаннан басталғаны мен үшін аса маңызды», деді ол.
Мемлекет басшысы қоғамдағы әділеттілік атқарушы билікке байланысты екенін атап өтті.
«Үкіметтің, министрлердің, барлық деңгейдегі әкімдердің, полицияның, прокуратураның, соттардың басты мақсаты – азаматтардың құқығын қорғау. Мұндағы менің басты ұстанымым анық, айқын. Бұл – заңның үстемдігі. Заңнан жоғары ешнәрсе болмауы керек. Орталық және жергілікті органдардың басшыларына қатысты орынды шағым түскен жағдайда олардың бәрі жазаланатын болады», деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Ол өзінің президент ретіндегі негізгі ұстанымы сабақтастық екенін, Елбасының саясатын жалғастыратынын айтты.
Мемлекет басшысы сабақтастық жоқ жерде тек дағдарыс, тіпті жанжал, қақтығыс қана болатынын жеткізді.
«Екінші ұстанымым, бұл – әділеттілік. Әділеттілік жоқ қоғам ешқашан дамымайды. Тек қана қиыншылық, тауқымет, құлдырау болады.
Үшінші ұстанымым – ілгерілеу. Қазақстан бәсекелестікке толы әлемде тек қана алға жылжуды көздейді», деді ол.