Демократия жөніндегі алғашқы әлемдік форум
Сәрсенбі, 10 қазан 2012 7:22
Конституциялық Кеңестің Төрағасы И.Рогов пен Президенттің кеңесшісі Е.Ертісбаев үстіміздегі жылдың 8-10 қазаны аралығында Страсбург қаласында бүгінгі демократиялық модельдердің кемшіліктері мен қалыптасқан жағдайын талқылау үшін түрлі мемлекеттердің саяси және іскер басшыларын, ғалымдары мен азаматтық қоғам белсенділерін бір үстел басына қосқан Демократия жөніндегі Бірінші Страсбург әлемдік форумына қатысты. Бұл басқосу Еуропа Парламенті, Франция үкіметі, сондай-ақ Эльзас пен Страсбург қалаларының жергілікті және өңірлік биліктерінің бастамасымен өтті.
Сәрсенбі, 10 қазан 2012 7:22
Конституциялық Кеңестің Төрағасы И.Рогов пен Президенттің кеңесшісі Е.Ертісбаев үстіміздегі жылдың 8-10 қазаны аралығында Страсбург қаласында бүгінгі демократиялық модельдердің кемшіліктері мен қалыптасқан жағдайын талқылау үшін түрлі мемлекеттердің саяси және іскер басшыларын, ғалымдары мен азаматтық қоғам белсенділерін бір үстел басына қосқан Демократия жөніндегі Бірінші Страсбург әлемдік форумына қатысты. Бұл басқосу Еуропа Парламенті, Франция үкіметі, сондай-ақ Эльзас пен Страсбург қалаларының жергілікті және өңірлік биліктерінің бастамасымен өтті.
БҰҰ Бас хатшысы Пан Ги Мун және Еуропа Кеңесінің Бас хатшысы Торбьорн Ягланд форумға қатысушыларды құттықтап сөз сөйледі. Талқылау аясында Конституциялық Кеңестің Төрағасы «Демократия, жаһандану және егемендік» тақырыбында, ал Президенттің кеңесшісі экстремизм тақырыбында сөз сөйледі.
ХХІ ғасырдың басындағы әлем – бұл, бірінші кезекте, жаһандану әлемі, оның барысында экономикалық, саяси, мәдени және т.б. үдерістер жекелеген елдердің шегінен шығып отырады. Алайда, бұл, түптеп келгенде, конституциялық-құқықтық және өзге де институттары, өзінің ішкі және сыртқы саясатын жүзеге асыруда тәуелсіздік кепілдіктері бар егемен мемлекеттердің ынтымақтастығы секілді мемлекетаралық және халықаралық қатынастардың негізін жоққа шығармайды. Бұл демократияландыру үдерісіне де қатысты.
Рухани мәдениет пен имандылық саласындағы орасан зор қайта өзгертулер нәтижесінде қазіргі уақытта өмірге көзқарасты қалыптастыруда көптеген проблемалар бірінші орынға шығуда. Мәселен, кез келген мемлекеттегі демократияның жай-күйінің басты өлшемі болып табылатын адам құқықтары мен бостандықтары мәселесін алайық. Егер бастапқы кезде адам құқықтары институты мемлекеттің тек ішкі құқығында ғана дамытылып келсе, қазір жағдай мүлде өзгерген: адам құқықтары ішкі құқықпен де, халықаралық құқықпен де реттеледі. Бұл орайда халықаралық құқықтың рөлі барған сайын арта түсіп, мемлекеттер тарапынан сақталуға тиіс адамның негізгі құқықтары мен бостандықтарын реттейтін халықаралық қағидалар мен нормалар барған сайын егжей-тегжей нақтылануда. 1948 жылғы Жалпыға ортақ адам құқықтары декларациясының, Азаматтық және саяси құқықтар туралы, Әлеуметтік, экономикалық және мәдени құқықтар туралы халықаралық пактілердің және өзге де құжаттардың рухани мәні, идеялары мен қағидалары әлемдегі көпшілік елдер конституцияларының негізін құрайды.
Сонымен бірге, лаңкестік, діни экстремизм, ымырасыз сепаратизм секілді қазіргі заманғы қауіп-қатерлер мен бой көрсетулер мемлекеттің тұрақтылығы мен қауіпсіздігін шайқалтады. Заңсыз есірткі және қару-жарақ саудасы, заңсыз көші-қон, адам саудасы және ұйымдасқан қылмыс орасан зор қауіп төндіреді.
Біресе лаулап жанып, біресе кей өңірлерде бықсып жатқан қаржы-экономика дағдарысы қазіргі заманғы көптеген конституцияларда бекітілген адамның экономикалық және әлеуметтік құқықтарын қамтамасыз ету мәселесін көлденең тартып, күрт қиындатып жіберді. Оның теріс салдары тоқырауға ұшыраған елдерді құтқару бағдарламасымен айналысып жүрген халықаралық және өңірлік ынтымақтастық ұйымдарына әсерін тигізуде.
Таяу апталардағы, тіпті соңғы күндердегі оқиғалар біздің бүгінгі пікірталасымызға тікелей қатысы бар басты екі аспекті төңірегінде ереуілге шығушылардың наразылығы қордаланғанын көрсетеді. Біріншіден, халықаралық институттардың қысым жасауы салдарынан ұлттық үкіметтер әлеуметтік бағдарламаларды қысқарту туралы шешімдер қабылдауда. Екіншіден, ереуілшілердің пікірінше, «жаһандық басқару» органдарының өз өкілеттіктерін асыра пайдалануы, мемлекеттердің конституциялық юрисдикциясына араласуы және сонымен бір мезгілде халықаралық ұйымдардың «атқарушы тармағының» позициялары күшейе түсуде.
Қазіргі заманғы қауіп-қатерлер мен бой көрсетулер жаһандану және мемлекеттердің егемендігі ұғымдарының қатарласып өмір сүруі мен ара-қатынасы проблемасын одан бетер өршітіп жіберді. Халықаралық-құқықтық тұрғыдан нақты да жан-жақты реттемейінше, адамдар, ұйымдар, мемлекеттер арасындағы өркениетті қатынастарды қамтамасыз ететін нақты заңнама болмайынша адамзаттың жаһандық деңгейдегі проблемаларын шешу тұтастай алғанда мүмкін болмауда. Бұл – жаһандық тәртіптің объективті заңдылығы.
Осыған орай, ортақ проблемаларды шешу жолындағы интеграциялық үдерістерді тереңдету және әлемдік қоғамдастықтың іс-әрекетін біріктіру мақсатында мемлекеттер өздеріне ерікті түрде міндеттемелер алып, өздерінің кейбір функциялары мен өкілеттіктерін мемлекеттерден жоғары деңгейде әрекет жасайтын халықаралық ұйымдарға береді (БҰҰ, ЕҚЫҰ, Еуропалық Одақ және т.б.). Бұл өзін өзі ақтайтын қадам және өзін демократиялық, құқықтық мемлекет ретінде көрсететін, халықаралық қоғамдастықтың тең құқылы мүшесі санайтын мемлекет үшін берерінен алар пайдасы көп болады деп ойлаймын.
Талқыланып отырған тақырыпты одан әрі тереңдету үшін мүмкіндігінше құқық аясынан шықпай, бұл проблеманы халықаралық құқық пен ұлттық конституциялық құқықтың ара-қатынасы шеңберінде талқылау қажет деп санаймын. Осы жолмен жүре отырып, бүгінде көп қолданылатын «жаһандану» және «егемендік» терминдері халықаралық құқықтың актілерінде жеткілікті түрде регламенттелмегенін байқауға болады. Саясаткерлер, ғалымдар мен журналистер, пікірталасқа қатысушы өзге де адамдар бұл терминдерге сан қилы мағына беріп, әңгіме желісін бұра тартқаны соншалықты, істің пайдасына жарар бірер ұйғарым немесе ұсыныс жасау мүмкін болмай қалды.
«Егемендік» ұғымының түп-тамыры негізінен ұлттық заңнамада жатыр. Халықаралық құқыққа қатысты қолдану кезінде «мемлекеттің халықаралық құқық субъектілігі» термині мағынасы жағынан соған мейлінше жақын келеді. Элементтер жиынтығында – халықаралық құқық қабілеттілік, халықаралық іс-әрекетке қабілеттілік, сондай-ақ халықаралық деликт қабілеттілік – БҰҰ-ға мүше мемлекеттің халықаралық құқық субъектілігі шектелмейді. Тіпті, белгілі бір жағдайларда мемлекетке нақты бір шарттармен белгілі дәрежедегі қосымша міндеттемелер жүктелген кезде де шектелмейді.
Осы жерде халықаралық қатынастардың тағы бір аспектісі туралы айта кеткенді жөн көрдім. Бұл қатынастарда трансұлттық корпорациялар емес, саяси, философиялық, экологиялық, спорттық және т.б. қызығушылық бойынша өзінің мүшелерін біріктіретін клубтар емес, тек мемлекет қана тиісті бір ұлттардың (халықтардың) бірден-бір ресми өкілі бола алады. Халықаралық саясаттың жаңа авторлары қаншалықты белсенділік танытқанымен, бұдан біз ешқайда да қашып құтыла алмаймыз.
Сонымен, егер белгілі бір ел халықаралық ұйымға ерікті түрде кіріп, оның қағидаларын, нормалары мен ережелерін сақтаймын деп уәде бергенде ол неден айырылады?
«Өз» халқының атынан сол халықтың мүддесіне орай мемлекет билігін іске асыру құқығына ие болған ұлттық мемлекет өз функциялары мен өкілеттіктерінің бір бөлігін ерікті түрде халықаралық ұйымға береді. Тек осылай болғанда бәрі де орын-орнына келеді. Халықты толғандырып отырған егемендіктің шектелуі, оның көлемі, ұлттық егемендіктің халықаралық егемендікке қарсы қойылуы секілді әңгімелер де тыйылады.
Айта кетерлігі, «Еуропалық Одақтың конституциясы – Лиссабон шарты», Еуропалық Одақтың федеративтік мемлекет ретіндегі функциялары мен өкілеттіктеріне қатысты барлық ережелердің одан алынып тасталуы арқасында референдумдардан өтті. Бұл орайда біз қазір бюджеттік одақ құруға талпынған қадамдарға түсіністікпен қараймыз.
Жалпылама айтылатын тағы бір мәселе. Мемлекет өз функциялары мен өкілеттіктерінің бір бөлігін қай салада халықаралық-құқықтық реттеуге бере алады? Бұл рәсім демократия саласында қолданылуы мүмкін бе? Түптеп келгенде, азаматтардың саяси құқықтары мен бостандықтарын назарға алсақ, бұл – болып жатқан іс. Ал ұлттық демократиялық институттарды, биліктің бөлінуі қағидатын, парламенттер мен үкіметтердің, конституциялық бақылау органдарының құзыреттерін, мемлекеттің аумақтық ұйымдастырылуын қайда жатқызамыз? Әртүрлі революцияларды экспорттау арқылы режімдерді күштеп орнатудан сенімді әріптестікті ажырататын өлшемдерді қалай әзірлеп, сақтауға болады?
Бұл орайда, мейлінше қолайлы экономикалық, экологиялық және тағы басқа жағдайларда күй кешіп, жаппай тоқшылық орнаған қоғамға ғана емес, «партиялық-саяси» тәсілмен басқаруды қоя тұрып, технократ-мамандардың қолына тізгін берілетін экстремалды жағдайларға, мәселен, «қолмен басқару» жағдайларына есептелген конституциялық механизмдерді әзірлеу жөнінде тек жалпылама ұсыныс беруге болады деп ойлаймын. Мұнда халықаралық құқықтың актілері мен ұлттық конституциялар арасындағы қайшылықтарды шешу мүмкіндігіне ие конституциялық бақылау органдарының рөлі орасан зор болмақ.
Осы тұрғыдан алғанда, Қазақстан Республикасының практикасы сіздерде қызығушылық туғызады деп ойлаймын.
Тәуелсіздігін алғаннан кейін Қазақстан сыртқы саясатта көп векторлы модельді таңдады. БҰҰ, ЕҚЫҰ, ИЫҰ, ТМД, АӨСШК және т.б. секілді беделді халықаралық ұйымдарға мүше болып, еліміз БҰҰ-ның Жарғысында және іргелі халықаралық актілерде бекітілген халықаралық құқықтың негізгі қағидаларына ден қоятынын біржақты жария етті.
Кейінгі жылдары Қазақстан Азаматтық және саяси құқықтар туралы, Экономикалық, әлеуметтік және мәдени құқықтар туралы халықаралық пактілерді ратификациялады. Адам құқықтарын қорғау саласындағы бірқатар көп жақты халықаралық әмбебап актілер, солардың ішінде геноцид қылмысының алдын алу және ол үшін жазалау туралы, нәсілдік кемсітушіліктің барлық нысандарын жою туралы, бала құқықтары туралы, кепілге алуға қарсы күрес туралы, азаптауларға және басқа да қатыгез, адамгершілікке жатпайтын және ар-намысты қорлайтын іс-әрекеттер мен жазалау түрлеріне қарсы және т.б. конвенциялар қолданыстағы құқық жүйесіне қосылды.
Осы актілерді танып-мойындаудың қисынды жалғасы ретінде еліміздің заңнамасы солардың талаптарына сәйкестендірілді. Айта кету керек, қазіргі таңда кейбір елдер, әсіресе, егемендігіне енді ғана қол жеткізген елдер өздерінің қауіпсіздігіне төнген қатердің күшеюіне байланысты халықаралық актілердің ережелерін өздерінің ұлттық мүдделеріне орайластырып ішкі заңнамасына енгізуде. Бұл ретте олар өздерінің құқығын, бірінші кезекте, мемлекеттің конституциялық құрылысы мен сыртқы саясаттағы қызметінің қағидаларын бекітетін ұлттық конституциялардың нормаларын басшылыққа алады. Қай жағдайларда және қай мақсатта өздеріне халықаралық міндеттеме алу қажет екенін мемлекет өздігінше айқындайды.
Қазақстанның егемендігі республика қатысушысы болып табылатын халықаралық қатынастарға да қолданылатынын біз әркезде ескеріп келдік. Сондықтан, ұлттық заңнамада болсын, халықаралық актілерде болсын Конституцияның үстемдігі қағидаты конституциялық деңгейде бекітіліп, барлық бағыттарда іске асырылып келеді.
Конституциялық Кеңес Негізгі Заңның жоғары тұруын және тікелей қолданылуын қамтамасыз ететін мемлекеттік орган ретінде тиісті субъектілердің өтініштері бойынша халықаралық шарттарды олардың Конституцияға сәйкестігі тұрғысында қарау өкілеттігіне ие. Конституциялық Кеңес өз практикасында Конституция мен халықаралық шарттардың ара-қатынасы мәселелерін бірнеше рет түсіндірген болатын. Бұл ретте Конституциялық Кеңес республиканың Конституция нормаларына сәйкес келетін халықаралық шарттары мен өзге де міндеттемелері ғана Қазақстан Республикасында қолданылатын құқық болып танылады деп біржақты атап көрсетті.
Мемлекеттің өзінің кейбір функцияларын ұлттан жоғары құрылымдарға беру мүмкіндігі және халықаралық ұйымдар шешімдерінің заңдық күші туралы мәселелер де Конституциялық Кеңестің қарау нысанасы болды. 2009 жылғы 5 қарашадағы № 6 нормативтік қаулыда Конституциялық Кеңес, Қазақстан Республикасының iшкi және сыртқы саясатты қалыптастыру мен iске асырудағы тәуелсiздiгi және дербестiгi оның негiзiн құрайтын егемен мемлекеттiң, конституциялық және халықаралық деңгейде танылған мәртебесi республикаға, Негiзгi Заңның ережелерi мен нормаларын сақтай отырып, елiмiздiң мемлекеттiк органдарының жекелеген өкiлеттiктерiн халықаралық ұйымдар мен олардың органдарына беру туралы шешiм қабылдауға мүмкiндiк бередi, деп атап көрсетті. Қазақстан Республикасы Конституциясының 4-бабының республика бекiткен халықаралық шарттардың республика заңдарынан басымдығы болады және мұндай шешiмдер тiкелей қолданылады деген нормалары Қазақстан Республикасының халықаралық шарттарына сәйкес құрылатын халықаралық ұйымдар мен олардың органдарының шешiмдерiне қолданылады. Бұл ретте, Негiзгi Заңның 4-бабына сай Қазақстан Республикасының халықаралық шарттарына сәйкес құрылатын халықаралық ұйымдар мен олардың органдарының шешiмдерi Қазақстан Республикасының Конституциясына қайшы келмеуге, адамның және азаматтың конституциялық құқықтары мен бостандықтарына нұқсан келтірмеуге тиiс. Халықаралық ұйымдар мен олардың органдарының, республиканың егемендiгi оның бүкiл аумағын қамтитындығы және Конституцияда белгiленген мемлекеттiң бiртұтастығын және аумақтық тұтастығын, республиканы басқару нысанын өзгертуге болмайтындығы туралы Конституцияның 2-бабы 2-тармағының және 91-бабы 2-тармағының ережелерiн бұзатын шешiмдерi Қазақстан үшiн мiндеттi деп танылмайды.
Бұл өтінішті қарау кезінде Еуропа Кеңесінің Венеция комиссиясы бізге үлкен сарапшылық көмек көрсетті, сол үшін біз оған алғысымызды білдіреміз.
БҰҰ-ның Адам құқықтары жөніндегі кеңесінің, БҰҰ-ның Азаптауларға қарсы комитетінің, Белоруссия, Қазақстан және Ресей арасындағы Кеден одағы комиссиясының юрисдикциясын тану туралы Қазақстанның шешімдері осы құқықтық көзқарастарға сүйеніп қабылданған.
2001 жылы Конституциялық Кеңес облыстық соттардың бірінің өтініші бойынша, Қазақстан мен Ресей Федерациясы арасында жасалған «Байқоңыр» кешенін жалға алу туралы шарттың және «Байқоңыр» кешені аумағында құқық тәртібін қамтамасыз етуде құқық қорғау органдарының өзара іс-қимылы туралы келісімнің жекелеген нормаларын конституциялық емес деп тапты. Кеңестің бұл шешімінде де Конституцияның республика аумағында жоғары тұруы қағидаты, халықаралық шарттардың міндетті түрде оған сәйкес болуы атап көрсетіледі.
Алайда бұдан ұлттық заңнама мен халықаралық құқық арасындағы қандай да бір текетіресті байқауға болмайды. Конституцияның кіріспесі мен 8-бабында Қазақстанның халықаралық құқық қағидалары мен нормаларын құрметтейтіні, ынтымақтастыққа және тату көршілікке бағытталған саясат жүргізетіні туралы айтылады. Қазақстан Конституциясында әлемдік қоғамдастық жаппай таныған адам құқықтары мен бостандықтары түгел көрініс тапқан. Халықаралық сарапшылардың бағасы бойынша, республика Конституциясы, әсіресе, тұлғаның құқықтық мәртебесіне арналған оның «Адам және азамат» деп аталатын бөлімі адам құқықтары туралы жаппай танылған халықаралық актілердің талаптарына жауап береді.
2007 жылы елімізде конституциялық реформаларды жүргізер кезде Қазақстан да осы пікірлерді басшылыққа алды.
Өлім жазасына қатысты толғақты мәселеге келер болсақ, Қазақстан оны кезең-кезеңімен жоюды ұстанады. 2003 жылдан бастап елімізде өлім жазасына кесу үкімдерін орындауға мерзімсіз тыйым салынған. Конституцияға енгізілген түзетулер бұл жазалау шарасының қолданылу аясын айтарлықтай тарылтты. Егер бұрындары Конституция Қылмыстық кодексте көзделген 50-ден астам бап бойынша аса ауыр қылмыстар үшін өлім жазасын белгілеуге жол берсе, енді өлім жазасы адамдардың қаза болуымен байланысты террористік қылмыстар жасағаны үшін, сондай-ақ соғыс уақытында ерекше ауыр қылмыстар жасағаны үшін ең ауыр жаза ретінде заңмен белгіленеді, ондай жазаға кесілген адамға кешірім жасау туралы өтініш жасау құқығы беріледі.
Халықаралық терроризм актілері жаһан бойлап тараған бүгінгі таңда әлемдік қоғамдастық бұл аса қауіпті құбылысқа қарсы күресудің тиімді тәсілдерін таба қоймағаны белгілі болып отыр. Тиісінше, халықтың басым бөлігі өлім жазасын сақтап қалуды терроризмге қарсы тұрудың қажетті бір тәсілі ретінде қарастырады. Нақ сондықтан, ХХІ ғасырдың қауіп-қатерлеріне бара-бар жауап қайтару үшін Қазақстан адамдардың қаза болуымен байланысты террористік қылмыстарды соғыс уақытында жасалатын аса ауыр қылмыстарға теңестірді, оларды жасағаны үшін қолданылатын өлім жазасы бұл жазаны жоюға бағытталған Азаматтық және саяси құқықтар туралы халықаралық пактіге Екінші факультативтік хаттамаға қайшы келмейді.
Демократиялық үдерістерге орасан қауіп төндіретін тағы бір құбылыс – бұл сыбайлас жемқорлық. Қазақстан Республикасы өзінің тәуелсіздігін жариялаған күннен бастап-ақ сыбайлас жемқорлыққа қарсы мақсатты түрде саясат жүргізіп келеді. 1998 жылдың шілдесінде Қазақстан ТМД аумағында алғашқы болып, бұл келеңсіз құбылысқа қарсы күресуде сапалы түрдегі жаңа кезеңге бастау болған «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес туралы» Заң қабылдады. Бүгінде республикамызда сыбайлас жемқорлыққа қарсы күресу үшін қажетті құқықтық, ұйымдастырушылық және өзге де алғышарттар жасалған деп айтуға болады.
Тәуелсіз сот болмайынша демократияны көз алдымызға елестете алмаймыз. Өткен жылдар ішінде мемлекеттік биліктің дербес әрі қуатты тармағы ретінде бірыңғай сот жүйесін орнықтыруға бағытталған шаралар кешені іске асырылды. Әлемдегі демократиялық елдердің көпшілігіндегі секілді, қылмыстық істер бойынша сотқа дейінгі іс жүргізуде тұтқындауды санкциялау құқығы прокуратура органдарынан соттарға берілді. Қылмыстық іс жүргізуде алқабилер институты енгізілді. Жыл өткен сайын соттардың мамандануы тереңдей түсуде. Елімізде мамандандырылған қылмыстық, әкімшілік, экономикалық, ювеналдық және қаржылық соттар қызмет етіп келеді. Соттарды материалдық-техникалық қамтамасыз ету айтарлықтай жақсарды.
Өткен жылы Қазақстан өзінің 20 жылдық мерейтойын атап өтті. Бұл айтулы оқиғаға еліміз өмірдің барлық саласындағы толағай табыстарымен жетті. 2010 жылы Қазақстан Республикасы ЕҚЫҰ-ға төрағалық ету жөніндегі өзінің мәртебелі де жауапты миссиясын абыроймен атқарып шықты. Қазақстанның төрағалық етуі, республика Президенті Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев мәлімдегендей, төрт «Т» ұранымен өтті, оның мағынасы: «траст» (сенім), «традишн» (дәстүр), «транспаренси» (ашықтық) және «толеранс» (төзімділік). Бұл қағидалардың ЕҚЫҰ-ның барлық үш өлшеміне де, атап айтқанда, гуманитарлық өлшеміне де қатысы бар. Қоғамдағы келісім мен тұрақтылыққа басымдық бере келе, әсіресе, осы саладағы өзінің бірегей тәжірибесін ескере отырып, Қазақстан демократиялық реформалардың алға жылжуы мен құқықтың рөлі күшеюін белсенді түрде қолдап отырады.
ЕҚЫҰ-ға қатысушы елдердің мемлекет және үкімет басшылары 2010 жылғы 3 желтоқсанда Астанада қабылдаған Декларацияда адамның құқықтары мен негізгі бостандықтарын сақтай отырып, бейбітшілікті қолдау туралы Қазақстан Республикасының Конституциясымен үндес ереже бекітті.
Үстіміздегі жылы Қазақстан халқының саны 1,5 млрд. адамды құрайтын, 57 мемлекетті біріктіретін Ислам Ынтымақтастығы Ұйымы Төрағасының міндетін атқаруды табыспен аяқтап келеді.
2009 жылдан бастап бүкіләлемдік қоғамдастық Ядролық сынақтарға қарсы халықаралық іс-қимыл күнін атап өтуде. Оны Қазақстанның ұсынысы бойынша БҰҰ Бас Ассамблеясы жариялаған болатын. 1991 жылғы 29 тамызда Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың Семей ядролық сынақ алаңын жабу туралы тарихи да батыл шешімі қабылданған болатын. Соның арқасында қазір бүкіл әлем Қазақстанды жаһандық антиядролық қозғалыстың көшбасшысы ретінде таниды.
Бұл жерде ерекше айта кетерлігі, Қазақстан қуаты жағынан әлемдегі 4-орынды иеленген ядролық арсеналдан өз еркімен бас тартты. Бұл теңдессіз қадамға Мемлекет басшысы бүкіл адамзаттың өмір сүру негіздерін айқындайтын бұлжымас жалпыгуманистік қағидаларды ұстана отырып, бірінші кезекте, адам үшін ең маңызды, оның ең басты және туа біткен құқығы – өмір сүру құқығын қамтамасыз ету үшін барды.
Қазақстан жерінде әлемдік және дәстүрлі діндердің төрт съезі өтіп, олардың көшбасшылары бір үстелде бас қосты. Қазақстандағы бейбітшілікті, тұрақтылықты және оның экономикалық дамуын қамтамасыз етуде төзімділік шешуші факторға айналды.
Үстіміздегі жылғы 13 наурызда республика Президенті «Құқық арқылы демократия үшін Еуропа комиссиясындағы (Венеция комиссиясындағы) Қазақстан Республикасының мүшелігі туралы» Жарлыққа қол қойды. Мемлекет басшысының бұл актісі Еуропа Кеңесі Министрлер Комитетінің Қазақстанның тиісті өтінішін қанағаттандыру туралы шешімінен кейін қабылданды. Бұл Қазақстанның құқық үстемдігін нығайту саласындағы жетістіктерін халықаралық қоғамдастық танып-мойындауын айғақтай түседі.
Әлемдік қаржы-экономикалық дағдарыс, Жер шарының түкпір-түкпіріндегі жағдайдың ушыға түсуі халықаралық қоғамдастық тарапынан жаңа шаралар қабылдануын қажетсінеді. Бұл орайда Қазақстан басшысының дағдарыстан шығудың бір құралы ретінде жаңа тұрпатты бірыңғай әлемдік валюта енгізу жөніндегі ұсынысы үлкен қызығушылық туғызуда. Қазақстан дағдарысқа қарсы жаһандық шешім іздеуге қатысушылар санын мейлінше арттыруға шақырады. Осы мақсатқа жету үшін Астана экономикалық форумы негізінде G-Global үнқатысу алаңын құру бастамасы ұсынылды.
Демократияландыру үдерісі Қазақстанда күн санап күшейіп келеді. Қоғамымызды одан әрі демократияландыру, жеке бастаманы дамыту, әрбір қазақстандыққа қамқорлық жасау еліміздің бағдарламалық-стратегиялық құжаттарының, республика Президентінің Жолдаулары мен сөйлеген сөздерінің негізгі мазмұнын құрайды. Мемлекет басшысының таяуда жарияланған, қоғамымызда оң қабылданып, тың серпіліс туғызған «Қазақстанның әлеуметтік жаңғыртылуы: Жалпыға Ортақ Еңбек Қоғамына қарай 20 қадам» атты мақаласында елдің әлеуметтік жаңғыртылуы қоғамды жаңа индустриялық-инновациялық экономика жағдайында өмір сүруге дайындауды, Қазақстанның үдемелі экономикалық дамуы мен қоғамдық игіліктермен қамтамасыз ету арасындағы оңтайлы тепе-теңдікті табуды, құқық пен әділеттілік қағидаларына негізделген әлеуметтік қатынастар орнатуды мақсат тұтады, деп айрықша атап өтілген.
Өзінің көзбояу екенін көрсеткен тұтынушылық қоғам тұжырымдамасының орнына Елбасы Жалпыға Ортақ Еңбек Қоғамының идеясын ұсынды. Оның мынадай маңызды конституциялық негізі бар: әркімнің еркін еңбек ету құқығы, қызмет түрін және мамандығын еркін таңдау құқығы, кәсіпкерлікпен шұғылдану және өзінің мүлкін кез келген заңды кәсіпкерлік қызметпен айналысу үшін пайдалану құқығы және т.б.
Қазақстан өзін бірте-бірте адам және оның өмірі, құқықтары мен бостандықтары ең қымбат қазынасы болып табылатын демократиялық, құқықтық және әлеуметтік мемлекет ретінде орнықтырып келеді. Бұл үрдіс жаһанда болып жатқан оқиғалармен тығыз байланысты. Осы жылдар ішінде біз мемлекеттің ішкі дамуы мен жаһандану үдерістері арасындағы көкейге қонымды тепе-теңдікті табуды үйрендік. Күмән тудырмас бір жәйт – баршаға да, әркімге де жарасты шешімді табу үшін біріне «жақсы», ал біріне «жаман» болып көрінген шешімді бір-біріне күштеп таңбай, ортақ мүдде жолында мәмілеге келу керек. Яғни, әуелі келісіп алып, содан соң: «Әлемдік өркениеттер, мәдениеттер мен діндер арақатынасын екі баллдық жүйемен бағалауға болмайды» деп бір рет кесіп айту керек.
Игорь РОГОВ,
Қазақстан Республикасы Конституциялық Кеңесінің Төрағасы.