Аймақтар • 23 Наурыз, 2019

Қасым-Жомарт Тоқаев Шымкент қаласының даму жоспарымен танысты

1450 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

 Бүгін  Қасым-Жомарт Тоқаев Шымкент қаласына келді. Мемлекет басшысы Шымкенттегі Əкімшілік-іскерлік аймағында «Шымкент Сити», Əуежайдың жаңа терминалы, Қошқар ата өзенінің жағасын абаттандыру, «Ескі қалашық» (Цитадель), «Тұран» шағынауданы құрылыс жұмыстары жобаларымен танысты. Алдағы уақытта аталған орталықта 47 көпқабатты үй (2990 пәтер) тұрғызылмақ. Оның 33-і бюджет есебінен, қалған бөлігі  инвестициялар есебінен салынады.

Қасым-Жомарт Тоқаев Шымкент қаласының даму жоспарымен танысты

Қала әкімі Ғабидолла Әбдірахымов Президентке қалада құрылысы жүріп жатқан бірқатар жобаларды таныстырды. Ауқымды жобалардың бірі ретінде Шымкент сити қалашығына тоқталып, жаңа ауданға Highvill, Bazis-A, Bi Group, Otau Group компаниялары инвестиция салып жатқандығын жеткізді.

Аталған жаңа ауданда жақын болашақта 5 мектеп, 9 бабақша, мектеп тыс 2 мекеме, 1 емхана мен 12 дәріхана, 1,5 млн.м2 аумаққа  көпқабатты тұрғын үй құрылысы салынады. Жалпы аумағы 427 гектар жерге 50 000 тұрғын қоныстанады деп жоспарлануда. Ірі құрылыс компаниялары конгресс-холл, драма театры, мультифункционалды мәдени орталық, мұз аренасы, жүзу бассейны, 600 орындық қонакүй, банк бөлімшелерінің құрылысына қатыспақ.  

Сапар аясында Қазақстан Президенті үшінші мегаполистегі 4 гетар аумақты алып жатқан шаһардың ежелгі тарихынан сыр шертететін Шымкент ескі қалашығының эскизді жобасын көріп, оң бағасын берді.

Айта кетерлігі, қаланың қақ ортасында орналасқан цитадельдің ауданы 40*50 м,  биіктігі 25м, жобаның құны шамамен 8,3 млрд теңге. Қазіргі таңда мұнда Шахристан қазба жұмыстарын жалғастыру, қорғау аумағының жобасын әзірлеу, ескі қалашық орнын жаңғырту, Оңтүстік және батыс бөліктерінің белдеулерін күшейту бойынша құрылыс жұмыстары жүргізілуде.

Сонымен қатар Шымкенттегі тарихи орындардың бірі «Қошқар ата» өзені жағалауы жобасы қолға алынуда. Жалпы ауданы 54,6 гектарды құраған аумақтың 10,56 гектарына көгелдандыру жұмыстары жүргізілсе, 1,52 гектарына сәулеттік композицияларының құрылысы алаңы орналасқан. Өзен жағалауына 302 400 м2 аймаққа 32 көпқабатты тұрғын үй салу жоспарлануда.  Жобаның жалпы құны 32,4 млрд теңгені құрайды.

Президент өз кезегінде шаһардағы жолаушы тасымалына байланысты бірқатар жобалармен де танысып шықты. Соның бірі ретінде  жаңа әуежай құрылысына баса назар аударылуда. Осыған орай құны 17,5 млрд теңгені құрайтын «Scat әуекомпаниясы» жаңа терминалы салынбақ. Аталған алаңда автокөлік жолымен қамтамасыз ету, ұшақтарға арналған перрон құрылысы, әуежай аумағын абаттандыру бойынша құрылыс басталмақ. Жақын болашақта ескі әуежай орнынан 3 қабатты ғимарат, 4 телескоптық дәліздің ғимараты тұрғызылмақ. Жоба жүзеге асқан жағдайда қазіргі 14 рейстік қызмет көрсету 36 рейске дейін өседі деп күтілуде. 

Сондай-ақ, мемлекет басшысы Шымкент теміржол вокзалының құрылысын қайта жүргізу жобасын көріп шықты. жаңартудан өткен жолаушы тасымал бекеті осы жылдың желтоқсан айында пайдалануға берілмек. Нәтижесінде вокзал ғимаратының аумағын 1700-ден 3500-ге дейін кеңейіп, бірдей уақытта 5500 ден 9000 жолаушыға дейін қабылдай алатын дәрежеге жетпек.   

Сапар аясында Қазақстан Президенті үшінші мегаполистегі «Азала Текстиль» фабрикасы мен «Медикер» медициналық орталығынның өндіріс орнында болды.  Әрі, осындағы жұмыс барысымен танысты.

«Азала Текстиль» фабрикасында бүгінде 650-ден астам адам еңбек етеді. Олар нарыққа көрпе мен жастық тысы, сүлгі мен жаймалар, тұрмысқа қажетті тоқыма бұйымдарын шығаруда. Кәсіпорын айына 500 тонна мақтаны өңдеп, одан 1,5 миллион метр мата тоқиды.

Шымкент қаласына жасаған жұмыс сапары барысында Президент Наурыз мейрамы қарсаңында жаңадан ашылған заманауи медициналық орталықты аралап көрді. Отандық клиниканың жұмысымен танысқан Қасым-Жомарт Кемелұлы  денсаулық сақтау саласына баса мән беруді тапсырды.  Мұнда қаладағы алғашқы спорттық медицина орталық жұмыс істейді. Шымкентте баламасы жоқ бірегей медициналық құрылғысы бар орталықта тұрғындарға медициналық қызметтің барлық түрі көрсетіледі. Ал, спорттық медицина орталығында кәсіпқой спортшылар дайындық пен оңалту процестерін өте алады. «Тәулігіне 500-ге дейін науқас қабылдай аламыз»,  дейді клиниканың бас директоры Бақытжан Позилов.

Нұршат ТӨКЕН,

«Egemen Qazaqstan»

Шымкент