Фото: shuttersctock
Үкіметтің мәліметінше, медициналық мекемеде ауқымды жаңарту жұмыстары басталған. Қазіргі таңда аурухананың материалдық-техникалық базасы мен инженерлік инфрақұрылымы қайта жаңартылып жатыр. Жоба аясында магниттік-резонанстық томографияға арналған жеке бөлмелер мен заманауи зертхана ашылады. Бұл тұрғындарға күрделі тексерулерді ауданнан шықпай өтуге мүмкіндік береді.
Сонымен бірге қабылдау бөлімі халықаралық талаптарға сай қайта жабдықталады. Реанимациялық төсектермен қамтамасыз етілген жаңа жүйе дәрігерлерге шұғыл жағдайдағы пациенттерге жедел әрі тиімді көмек көрсетуге жол ашады. Жөндеу толық аяқталған соң аурухана жоспарлы және жедел медициналық қызмет көрсетудің қазіргі стандарттарына сәйкес жұмыс істемек.
Ведомство өкілдерінің айтуынша, аталған жаңғырту медициналық көмектің қолжетімділігі мен сапасын арттыруға ықпал етеді.
Қаржы министрлігінің дерегіне сәйкес, арнайы қор арқылы әлеуметтік және коммуналдық нысандарды дамытуға жалпы көлемі 482 млрд теңге бөлінген. Оның ішінде «Ауылдық денсаулық сақтауды жаңғырту» бағдарламасы аясында ел аумағында 183 медициналық мекемені жаңарту көзделген.