Аймақтар • 23 Наурыз, 2019

Имидждік іс-шараларды азайту қажет – Қ.Тоқаев

1298 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Түркістан қаласының жұртшылық өкілдерімен кездесуде мемлекет қаржысын үнемдеудің маңызын түсіндіріп берді. 

Имидждік іс-шараларды азайту қажет – Қ.Тоқаев

«Үкімет бюджетті тек мемлекетіміздің дамуына және қауіпсіздік мақсаттарына қайта бейімдеуге тиіс. Басты халықаралық форумдар өткізілді. Олардың пайдасы зор болды. Әсіресе, ЭКСПО-ны ерекше атап өткен жөн. Бұл – жаһандық деңгейдегі іс-шара. Бірақ қазір орталықта және жергілікті жерлерде өткізілетін имидждік іс-шараларды күрт азайту керек» деді Қ.Тоқаев.

Мемлекет басшысы Үкіметке, әкімдерге осындай тапсырма жүктегенін айтып, ысырапшылыққа мемлекет деңгейінде тосқауыл қою қажеттігін атап көрсетті.

«Қазақстанның экономикалық және әлеуметтік дамуының маңызды факторлары – дені сау ұлт, денсаулық сақтау саласын дамыту және саламатты өмір салтын қалыптастыру. Мемлекеттік шығыстардың басты міндеті – қарапайым адамдардың мәселелерін шешу. Тұрғындарымызға таза ауыз су, баспана, жұмыс орындары, жайлы өмір үшін инфрақұрылым қажет», деді Қ.Тоқаев.

Президент осы міндеттердің оңтайлы шешілуі үшін бірқатар шаралар атқарылатынын айта келе, «министрлер мен әкімдердің жұмысын нақты проблемаларды шешу нәтижелері бойынша бағалаймын» деді.