Аймақтар • 24 Наурыз, 2019

А.Мамин Президенттің су тасқыны кезеңіне дайындық жөніндегі тапсырмаларының орындалуымен танысты

635 реткөрсетілді

Премьер-Министр Асқар Мамин Алматы облысына жұмыс сапары аясында Мемлекет басшысының көктемгі су тасқыны кезеңіне дайындықты қамтамасыз ету жөніндегі тапсырмаларының орындалу барысымен танысты.

А. Мамин көру алаңына барды, онда Қорғас өзенінде селден және су тасқыны қаупінен қорғану жобаларының іске асырылу барысын тексерді. Премьер-Министрге бөгеттердің құрылыс жұмыстарының басталуы туралы баяндалып, арна қалыптастыратын және сел тасқынынан қорғану құрылыстарын салу жобасы таныстырылды. «Қазселденқорғау» ММ басшысы Т. Баймолдаев көпір құрылымын қорғау мақсатында еріген қар суларын өткізу үшін өзен арнасы бойымен жағаны бекіту жұмыстары аяқталғанын, патрульдық-трактор жолымен Шүкірбұлақ бөгетінен Қазанкөл көліне дейін жалпы ұзындығы 17 шақырым болатын құрылыс жүргізіліп жатқанын баяндады. Төтенше жағдайларды ескерту және алдын алу шараларына ерекше көңіл бөлінді.

Премьер-Министр Қазақстан–Қытай шекарасында елдер арасында тауар айналымын ұлғайтуға, ҚР транзиттік әлеуетін арттыруға бағытталған Орталық Азиядағы аса ірі «Нұр жолы» өткізу пунктіне және «Қорғас — Шығыс қақпасы» АЭА құрғақ портына барды.

«Нұр жолы» өткізу пунктін аралау кезінде Премьер-Министрге 2018 жылдың қыркүйек айынан бастап инновациялық технологиялардың арқасында, шекара арқылы күн сайын 2 500-ге жуық көлік құралы, оның ішінде 2 200 жүк және 300 жолаушылар көлігі өткізілетіні туралы баяндалды. Сонымен қоса, оның өткізу мүмкіндігін тәулігіне 5 000-ға дейін жеткізу қарастырылған. Бұл орайда, көлік ағындарын бөлу процесін автоматтандыру жүк көлігінің өту уақытын 40 минутқа дейін қысқартуға (тіркеуден бастап өткізу пунктінен шығарғанға дейін) мүмкіндік берді. Шекарадан кідіріссіз өтудің бұл жүйесі ТМД аумағында алғаш рет енгізілген. Жобаны іске асыру 2020 жылға қарай орта есеппен 20,3 млрд теңге көлемінде қаражаттың қосымша түсуін қамтамасыз етеді.

Айта кетейік, жұмыс сапары барысында Премьер-Министрге Нұркент жаңа қаласын тұрғызудың алдағы жұмыстары мен қазіргі жағдайы туралы баяндалды. Елді мекенде тіршілікті қамтамасыз ету, соның ішінде тұрғын үй мәселелерін шешу барысы туралы ақпарат берілді.

Баннер
Соңғы жаңалықтар

Ұқсас жаңалықтар