Аймақтар • 24 Наурыз, 2019

Жетісудағы жетістіктер Үкімет басшысының назарына ұсынылды

618 реткөрсетілді

Премьер-Министр Асқар Мамин Алматы облысына жұмыс сапарымен келді. Үкімет басшысы алдымен Панфилов ауданындағы «Қорғас — Шығыс қақпасы» арнайы экономикалық аймағына орналасқан нысандармен танысты.

Үкімет басшысы алдымен барған «Нұр жолы» кедендік бақылау-өткізу бекеті өткен жылы ашылған. Бұл құрылым техникалық жабдықталу, көлік құралдарын тексеріп, өткізу жылдамдығы және бақылау жүйесін енгізу бойынша Қазақстандағы транзиттік-логистикалық қызмет көрсету сапасын жаңа сатыға көтерді. Қазір мұндағы жүк көліктерін кедендік және шекаралық рәсімдеу уақыты 40 минутқа дейін қысқарып, екі бағытқа 2500 автокөлік бір мезетте өте алады. Алдағы уақытта бекет тәулігіне 5000 көлікке дейін көлік өткізу мүмкінгіне көшеді.

Еліміздің транзиттік әлеуетінің артуына үлес қосатын нысандар негізінен «Қорғас – Шығыс қақпасы» арнайы экономикалық аймағында орналасқан. Премьер-Министр Асқар Мамин осы аумақта болып, бірнеше нысанды аралап көрді. Осы жерде Асқар Маминге жұмыс істеп тұрған өнеркәсіптік кәсіпорындардың жұмысының негізгі көрсеткіштері және жаңа нысандардың жобалары таныстырылды. Қуаттылығы жылына 60 000 тоннаны құрайтын «Феникс Фид Миллс» қоспа жем шығаратын зауыт биыл сәуір айында пайдалануға енгізіледі. 87 жұмыс орны құрылған.

«KIF Warehouses» серіктестігінің құрғақ жүк сақтайтын қоймаларының құрылысы алдағы сәуір айында аяқталмақ. Біріккен Араб әмірліктерімен әріптестік аясында жүзеге асқан жобаның жалпы құны 5,1 млрд теңге. Мұндағы «А» сыныпты қоймалардың 24964 шаршы метрі құрғақ жүк сақтауға арналса, қалыпты температурада жұмыс істейтін бөлігі 14 516 шаршы метрді алып жатыр.

Ал «Заря LTD» серіктестігінің жүгері тұқымын қабылдап, кептіріп, сақтауға арналған қоймасын іске қосуға 1,5 млрд теңге қаражат жұмсалған екен. Қазіргі күні алғашқы желісі толықтай іске қосылған қойма 15 мың тоннаға дейін шикізат сақтап, сыртқы нарыққа жөнелтіп отыр. Жақын күндері элеватор кешенінің екінші желісінің құрылысы аяқталып, өнім сақтау көлемі 2 есеге дейін көбеймек. Премьер-министр назарына ұсынылаған келесі нысан жүк терминалы болды. Мұнда күн сайын 100 тоннаға дейін жүк жөнелтіледі. «Қорғас – Шығыс қақпасы» арнайы экономикалық аймағындағы жүктерді буып-түйіп, діттегін жеріне жөнелтумен осы жүк терминалы айналысуда.

Жақында экономикалық аймақ аумағында «Qaz Lumiere» сауда орталығы ашылған еді. Мұнда алдағы күндері отандық өндіру­шілер үшін 15 күн бойынна өтетін сауда жәрмеңкесі ашылмақшы. Асқар Мамин сауда орталығында болып, дайындық жұмыстарын пысықтады.

Үкімет басшысы Панфилов ауданындағы Қорғас өзенінің жағалауын бекіту жұмысымен де танысты. «Қазселденқорғау» мекемесінің тапсырыс беруімен өзен жағасындағы құрылыспен «СК-Базиз» компаниясы айналысуда. Құны 30 млрд теңге тұратын жоба келер жылы толық аяқталуы тиіс. Қазір ұзындығы 6 шақырмға жуық дамбы салынған. Басқұншы ауылы мен «Достық» су арнасына дейінгі 9 шақырымдық жол жасалып, Шүкірбұлақ су қомасы мен Қазанкөл өзеніне дейінгі 17 шақырым жағалау бекітілген.

- «Қорғас – Шығыс қақпасы» арнайы экономикалық аймағындағы нысандардың маңызы зор. Сондықтан аумақты табиғат апатының салдарынан қорғауымыз керек. Бұл бағыттағы жұмыстар әлі де баяу жүріп жатыр. Бөлінген қаржының 9 млрд теңгеге жуығы ғана игерілген. Іске қарқын қосу керек, - деді Асқар Мамин Панфилов ауданындағы сапарын қортындылай келе.

Премьер-Министрдің Алматы облысындағы жұмыс сапары Талдықорған қаласында  жалғасты. Асқар Мамин облыс орталығында  алдымен ат шалдырған нысан – қалалық көпсалалы аурухана болды. Мұнда онкологиялық ауруларды ерте кезеңде анықтайтын жағдаяттық орталық жұмыс істейді. Соңғы үлгідегі радиологиялық-ақпараттық кешен қауіпті дертті бастапқы кезеңде анықтауға мүмкіндік береді. Орталық жұмысы толықтай цифрлық жүйеге көшкен. Қызметті орталық серверге қосылған жасанды интеллект атқарады. Әрі бұл жерге облыстағы 13 емдеу мекемесіне қойылған сексенге жуық  цифрлы қондырғылары тікелей жалғанған. Яғни, орталықтанған жүйеде науқас бойында обыр белгілерінің бар-жоғы оңай анықталатын болды.

- Орталық былтыр желтоқсан айында іске қосылды. Содан бері 36 мыңнан астам тексеруден өтіп, 146 адамда қатерлі ісік аурының белгілері анықталды. Бұл аймақтағы денсаулық сақтау салсын дамытудағы озық үлгі,- деді Үкімет басшысына орталық жұмысы  жайлы түсіндірген облыстық денсаулық сақтау басқармасының  басшысы Бауыржан Ысқақ.

Сондай-ақ, Асқар Мамин қаладағы «Талдықорған» индустриялы аймағының инфрақұрылымымен танысты. Бүгінде аймақ бойынша жалпы көлемі 4192,5 гектарды құрайтын 6 индустриялық аймақты дамыту бойынша жұмыс жүргізілуде. Облыс орталығындағы арнайы аумақта биыл екі жоба іске қосылады. Оның бірі майлы дақылдарды өңдейтін «Жетісу Мажико» агрокешенінің зауыты болса, екіншісі ет өнімдерін шығаратын «Лунюань Жетісу» зауыты болмақ.

Бағытты дамыту бойынша тиісті тапсырмалар берген Премьер іргетасы 1975 жылы қаланып, бүгінгі күнге дейін әлемдік деңгецде сұранысқа ие өнім шығарып отырған «Қайнар» аккумулятор зауытында болды. 1600 адам еңбек етеін зауыт былтыр 2,5 млн дана қуат батереяларын жасаған. Бұл қаржыға шаққанда  шамамен 27 млрд теңге болады.

Қалада жаңадан салынып жатқан көп қабатты тұрғын үй мен жедел медициналық басқару орталығының құрылысын көзбен көрген кейін Үкімет басшысы көп балалы аналарға арнап салынып жатқан коттежд қалашығы аумағына барды. Жалпы, биыл  Алматы облысында 784 мың шаршы метр баспана пайдалануға беріледі деп күтілуде. Оған «Нұрлы жер» бағдарламасы бойынша 19 млрд 100 млн теңге қаражат бөлінген.  Оған  42 мың шаршы метр жалға берілетін баспана салу көзделген. Ал 2,8 млрд теңге қосымша қаржы көп балалы отбасыларға арналған  8 тұрғын үй салуға жұмсалмақ.

Талдықорғандағы жұмыс сапары барысында Үкімет басшысы Асқар Маминге Алматы облысының «Әлеуметтік картасы» таныстырылды. Онда әлеуметтік қорғауды қажет ететін адамдарға арналған жоба мен көп балалы аналарды баспанамен қамтуға байланысты шараларға басымдық берілген.

Қалмаханбет МҰҚАМЕТҚАЛИ,

«Egemen Qazaqstan»

Алматы облысы

Баннер
Соңғы жаңалықтар

Ұқсас жаңалықтар