25 Наурыз, 2019

Елдік пен мемлекеттіліктің жаңа бренді

915 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін
Елдік пен мемлекеттіліктің жаңа бренді

Қара жерге халық ие болғаннан мұрақты жанның мұраты – елді ел қылу. Жел үйір желбегей жұрттың қамсауы, қалқаны болу әсте оңай емес. Жазғытұрымғы желкеміктей оңнан да, солдан да есетін дүрия дүниеде тұрлаулы темірқазық қажет. Біраз жыл бұрын Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев айтқан бірауыз сөз жиі еске түседі. «Тәуелсіздікті сәт са­йын қорғауымыз керек» деген-ді Қазақстанның Тұңғыш Президенті. Жаһанға мәлім болған «Назарбаев моделі» арқылы бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығара білген бірлігімен қазақстандықтар бұл байламды байыппен бекітті. Елбасының жетекшілігімен Қазақ елі кеңестен қалған «тарихи» мұраларды да, әлем кеңістігіндегі геосаяси орнын да елдің ерекше жетістіктеріне айналдыра білді. Бұған мысал ретінде бүгінгі Қазақстанның жаппай қырып жоятын ядролық қаруға қарсы және жаһандық бейбітшіл, бітімгершіл саясатын, сондай-ақ Еуразияның апайтөс даласында алып мемлекеттердің арасында сауда-көлік логистикасы ретінде қарқынды дамуын айту жеткілікті. Ұлы дала төсінде адамзат көшін ғаламат бағытқа бұрған сақара салтанатын тиянақтап, түп тегіміздің көшелі тарихын Тәуелсіз Қазақстанның таңдауымен сәтті сабақтастырған Елбасының елдік сананы еселей түскен еңбегі еленді. 

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың президенттік қызметіне кіріскендегі Астана атауын Қазақстанның Тұңғыш Президентінің есіміне ауыстыру туралы алғашқы ұсынысы да қастерлі Тәуелсіздік төңірегіне топтасқан тұрақты даму идеясын нықтаудың, одан әрі нығайтудың нақты көрінісі іспетті. Өйткені еңселі елорда еліміздің тәуелсіздікке тән жаңа пассионарлық рухын қалыптастырды, өңірлердің дамуына серпін берген қозғаушы күшке айналды. Енді, міне, жаңа тұрпатты Қазақстанның жаңа даму жолындағы ұлан-ғайыр мақсат-міндеттеріне Нұр-Сұлтан атауымен тағы да ту алып шыққандай.

Әлбетте, қала атауы, оның ішінде астаналар атауы – елдің еншілес бір атрибуты саналады. 20 жылдық белесінде елордамыздың Астана атауы да әлемге мәшһүр болып, елдіктің ерекше нышаны, бірегей бренд ретінде танылды. Бүгінде бақордамызға айналған бас қалада Астана атауымен қосарлана аталатын қаншама әлеуметтік-мәдени нысандар бар. Мәселен, «Астана-Опера», «Астана-Арена», «Нұр-Астана», «Эйр-Астана» және «Астана» аталатын спорттық клубтар мен телеарналар туралы айтсақ та жеткілікті болар. Ақпарат және қоғамдық даму министрі Д.Абаев бүкіл дүниеге белгілі бұл брендтің сақталатынын, сонымен бірге «Нұр-Сұлтан» атауын жаңа бренд ретінде дамытудың әлеуеті зор екенін жеткізген болатын.

Жалпы, елдіктің ең әуелгі ірге­тасын қалаған мемлекет қайрат­кер­лерінің есімін елордаларға берудің үлгілі үрдісі бұрыннан бар. Бұл ретте тарих парақтарынан сан мысал келтіруге болады. Және бұл атаулардың басым бөлігі белгілі дәрежеде халықтың, мемлекеттің болмыс-бітімімен астасып, сіңісіп кетеді. 

Тұманды күндері, күндері емес-ау, діні басқа, ділі басқа жұрттардан сұраусыз таңылған ел-жер, шәр атау­лары жауыр аттай жортақтатқан, арқаны аяздай қарып, шемен шер болып қатқан арты жар, алды тұйық болған қысылтаяң дәуірлерде, тұтас кезеңдерде өмір сүрген халық елдік санамен, мемлекеттік мүддемен қабыл алған бұл жаңа атау тарихи мәні терең, арқалар жүгі ауыр қастерлі құндылыққа құрмет болуға тиіс!

Думан АНАШ,

«Egemen Qazaqstan»