Қазақстан тарихында Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың есімі алтын әріптермен жазылатыны ақиқат.
Елдің қауіпсіздігі мен тұрақтылығын және өркенді дамуға серпін беретін реформаларды жедел де тиімді жүргізу үшін және бұл мақсатқа жетуде бірінші кезекте халықтың қолдауына ие болатын қабілетті де күшті тұлғаның қажет болатынын тарих парақтары әлдеқашан дәлелдеген. Тәуелсіз Қазақстан тарихында мұндай тұлға Нұрсұлтан Назарбаев болып айқындалды.
Тұңғыш Президентіміздің жетекшілігімен еліміз талай биік шыңдарды бағындырып, толымды табыстарға қол жеткізді. Оның барлығын тізіп шығу үшін том-томдап кітап жазсақ та жеткіліксіз.
Сарыарқа төрінен арайлы Астананың бой көтеруі – тәуелсіздіктің басты жемісі, Тұңғыш Президент Н.Назарбаевтың ерен еңбегінің нәтижесі деп білемін.
Бүгінгі Астана еліміздің саяси ордасы ғана емес, халқымыздың арман-мұратын асқақтатқан арайлы шаһар болып бекіді. Қазақтың елордасы Жер-жаһанда бейбітшілікті орнықтыруға үндейтін алаң ретінде танылды.
Қазақстан Республикасының Президенті Қ.Тоқаевтың ұсынысымен, Қазақстан Республикасы Парламентінің қолдауымен Астана қаласын Нұр-Сұлтан шаһары болып ауыстырылуын қолдаймын.
Нұрлы шаһар Нұр-Сұлтан Тұңғыш Президентіміздің төл тумасы ретінде Қазақ елінің мерейін асыра берсін!
Нұрғазы БҰХАРБАЕВ,
Шымкент қалалық мәслихатының депутаты