Бұл кездесу ұлттық құрама және жаңадан тағайындалған бас бапкер Михал Билек үшін ресми кездесудегі алғашқы ойыны еді. Яғни, футболшылар мен жаңа жаттықтырушының нағыз сыналатын сәті. 2019 жылдың басында бас бапкер болып тағайындалған чех маманы ақпан айында Түркияда Молдова құрамасына қарсы жолдастық кездесу өткізіп, ұлттық құрама футболшыларын бір тексеріп алған-ды. Билек еліміздің бас құрамасын бұған дейін басқарған жаттықтырушыларға қарағанда аз уақыттың ішінде ресми кездесу өткізсе де, ТОП-50 құраманың қатарындағы команданы жеңді.
Шотландияға қарсы кездесу алдында Михал Билек журналистермен тілдескенде футболшылар жанкүйерлерге тосын сый дайындап жатқанын айтқан еді. «Біз Шотландия құрамасының Ұлттар лигасындағы бірнеше ойынын көрдік. Жинақы команда екенін, допты өз аймағынан шабуылшыларға жылдам жеткізетінін байқадым. Дегенмен, ертең біздің жігіттер жанкүйерлерге тосын сый дайындауда».
Матч алдында Қазақстан құрамасының ойыншылар тізімі шығысымен экс-бас бапкер Стоиловтың кезінде көбіне қосалқы құрамда отырған бірнеше футболшыны байқадық. Қақпаны қорғау «Ордабасы» қақпашысы Дмитрий Непогодовқа сеніп тапсырылса, орталық қорғаушы болып тағы бір Шымкент командасының ойыншысы Темірлан Ерланов шықты. Сонымен қатар сол қапталдағы қорғаушы ретінде «Қайрат» ойыншысы Ян Вороговский орналасты. Ал жартылай қорғаныста Нидерландының «Хераклес» клубында ойнайтын Александр Меркель мен «Астана» футболшысы Юрий Перцух та бірінші минуттан бастап негізгі құрамда шықты. Қалған футболшылар бұған дейін де негізгі құрамда шығып жүрген болатын. Шотландияға қарсы ойында Темірлан Ерланов ұлттық құрамадағы дебют матчын өткізсе, Александр Меркель араға төрт жыл салып ұлттық құрамаға қайта оралды. Бір қызығы, Шотландия құрамасын жеңуге біз есімін атаған футболшылардың септігі көп болды.
Матчтың алғашқы 5 минутында екі құрама да бір-бірін алыстан байқасып жүрді. Ал ойынның 6-минутында отандастарымыздың алғашқы шабуылы бірден голға айналды. Александр Меркельдің әуелете асырған добына бірінші Юрий Перцух жетіп, есепті ашты. Есепте алға шыққан қазақстандық ойыншылар 27 мың жанкүйерлер жиналған «Астана Аренада» өте сенімді қимылдай бастады. Кездесудің 10-минутында Исламбек Қуаттан пас алған Ян Вороговский құрамамыздың екінші голын соғып, жанкүйерлерді бір желпіндіріп тастады. Бұл голдан кейін футболшыларымыздың жеңіске деген ұмтылысы арта түсіп, қорғаныс пен шабуылда сәтті ойын көрсете бастады.
Кездеудің екінші таймы да алғашқы бөлімнің сценарийімен басталды. Екінші таймның 6-минутында, ал жалпы кездесудің 51-минутында Бақтиер Зайнутдинов Қазақстан құрамасының ойындағы үшінші голын соқты. Зайнутдиновқа нәтижелі пас асырған Ғафуржан Сүйімбаев екенін айта кетейік. Үшінші голдан кейін Шотландия құрамасы ойын тізгінін өз қолына алатын шығар деп ойлағанбыз. Бірақ біздің футболшылар өз позициясында өте сауатты ойнап, қарсыластардың адымын аштырмады. Нәтижесінде, кездесу 3:0 есебімен Қазақстан құрамасының жеңісімен аяқталды.
«І» тобында сынға түсіп жатқан Қазақстан-Шотландия құрамасының кездесуі аяқтала салысымен Кипр мен Сан-Марино арасындағы матч басталды. Бұл ойында Кипр футболшылары 5:0 есебімен жеңіске жетті. Ал біздің топтың үздіктері саналған Бельгия мен Ресей футболшылары Брюссельде кездесті. ФИФА рейтингінде көш бастап тұрған Бельгия аталған матчта 3:1 есебімен солтүстіктегі көршімізді жеңіп кетті.
«Чемпионат» сайты Қазақстанның Шотландия құрамасын жеңгенін сенсацияға бағалап, біздің құрамаға таңғалғандарын жазады. Сондай-ақ Ресей құрамасының бас бапкері Станислав Черчесов үшін Қазақстанға қарсы ойын 2018 жылғы әлем чемпионатынан кейінгі ең маңызды кездесу болмақ дейді. Ал аты әлемге әйгілі Eurosport басылымы қазақстандық футболшыларының Шотландия қақпасына соққан голдары адамға нағыз эстетикалық ләззат сыйлады деген материал жариялады.
Әли БИТӨРЕ,
«Egemen Qazaqstan»