Аймақтар • 25 Наурыз, 2019

Ұлтты өркениет көшіне қосқан кемеңгер - Шәбден Тілеумұрат

499 реткөрсетілді

Бұл тарихи тұлғаның тарихи шешімі. Нұрсұлтан Назарбаев өз мәлімдемесінде билікте болған 30 жылына шолу жасап, мемлекет тарихындағы маңызды оқиғаларға тоқталып өтті. Шын мәнінде Тұңғыш Президент өте қиын, күрделі кезеңде ел тізгінін қолына алды. Кеңестік Қазақстан қалыптастыру жолында үлкен жауапкершілікті мойнына жүктеді. Қиын-қыстау уақытта елді аман алып шықты.

Осының бәрі мемлекеттік саясатта сабақтастықтың жүретінін көрсетеді. Тәуелсіздік жылдары Тұңғыш Президенттің ел қуатын еселеуге қосқан еңбегі мен үлесі шексіз. Елбасының талай жылғы тынымсыз еңбегінің нәтижесінде Қазақ мемлекеті жаңғырды. Шекарамыз белгіленіп, мемлекеттік рәміздеріміз анықталды. Тәуелсіз құндылықтар қалыптасты.  Отыз жылға жуық мемлекет басында болып, қаншама қиын-қыстау жағдайлардан шашасына шаң жұқтырмай шыға білген, Қазақстанды тәуелсіздік тұғы­рына қон­дырып, әлемдік өркениет көші­нің алдыңғы легіне қосқан тарлан тұлға бұл жолы да парасат биігінен таныла білді. Бұл – әлемдік өркениеттің озық үлгісі. Осы тарихи шешім арқы­лы ол өзінің адамзаттық құн­ды­лықтарға, әлемдік демократия­лық үрдіске, ұлттық мүддеге адал әлемдік деңгейдегі тұлға екендігін дәлелдеді.

Бүгінде Нұрсұлтан Назарбаев пен Қазақ­стан егіз ұғымға айналғанын еш­кім жоққа шығара қоймас. Жуырда ғана еліміздің бас ордасы Астана қаласын Нұр-Сұлтан қаласы деп өзгерту туралы шешім шықты. Бұл өте әділетті шешім, Елбасының ұзақ жылғы елі үшін еткен еңбегіне берілген биік баға. Осы уақытқа дейін егемен еліміздің айбынын асырып, мерейін тасытқан Астана қаласы бұдан кейін де Нұр-Сұлтан шаһары ретінде қазақ ұлтын әлемге әйгілей беретініне күмән жоқ. Сонымен қатар, бас қаланың Елбасы атымен аталуын киелі Әулиеата өңіріндегі партия ұйымдары да белсене қолдайды.

Тұңғыш Президент өз еңбектері арқылы біз қастерлеп айтатын «Мәңгілік ел», «Ұлы дала елі», «Қазақ елі» сияқты қасиетті ұғымдарды санамызға сіңіре білді. Сол арқылы ұлттың рухын көтеріп, кемел келешекке деген сенімін ұялатты. Осы жолда ол өзінің на­ғыз саясаткерге тән қырларын, тұлғалық шеберліктерін, адами қасиеттерінің бәрін көрсетті. Енді солардың бәрі тарихтың еншісіне айналып, ұзақ жылдар бойы зерттеушілердің нысанасына айналатын болады. Нұр-Сұлтан қаласында да кейінгі уақыттарда ел үшін маңызды шешімдер қабылданып, тарихи кезеңдер қалыптаса беретініне сенім мол.

Шәбден ТІЛЕУМҰРАТ,

«Nur Otan» партиясы Жамбыл облыстық филиалы төрағасының орынбасары, облыстық Қоғамдық кеңестің хатшысы

Баннер
Соңғы жаңалықтар

Ұқсас жаңалықтар