25 Наурыз, 2019

Тұңғыш Президенттің тарихтағы рөлі жоғары

560 реткөрсетілді

Қ. Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік мемлекеттік университетінде «Елбасының тарихи рөлі» атты тақырыпта жиын өткізілді. Алқалы басқосуға жоғары оқу орынның басшылары, Ақтөбе облыстық Қазақстан халқы ассамблеясының мүшелері, оқытушылар мен жас ғалымдар қатысты.

— Мың өліп, мың тірілген халқымыздың арғы-бергі тарихында не бір алапат замандар өтіп, оның басына не бір қиындықтар төнгені белгілі. Біздің ел ретінде сақталып қалып, тәуелсіздік алуымыз — тағдырдың аса зор сыйы. ХХ ғасыр басында қазақтан озық, «өнер, білім бар жұрттар» қатарында болған кейбір халықтардың өздері мұндай бақытқа жете алмады. Бірақ тәуелсіздікке жеткен шақта алдымызда өтпелі кезеңдерге тән көптеген қауіп-қатерлерменқиын асулар тұрды. Елбасымыздың дана басшылығы арқасында соның бәрінен аман өтіп, әлемге танылған мемлекет атандық. Елбасы — КСРО күйреген күрделі кезеңдежаңа мемлекеттің негізін қалап, елімізді барша әлемге мойындатқан тұлға, — деді жиында ашып сөз сөйлеген Бауыржан Ердембеков. Бұдан әрі ол Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың қазақ елінің тәуелсіздігін баянды ету, ұлтаралық қақтығыстардың алдын алу, шет жерде жүрген отандастарымыздың елге оралуына жағдай туғызу, көршілес елдермен, соның ішінде Ресеймен шекараны айқындап, бекіту және ел экономикасын көтеру жолындағы ұшан-теңіз еңбектері жөнінде баяндап берді.

Ал Қазақстан корейлері Ассоциациясы Ақтөбе облыстық филиалының төрағасы Константин Цхай өз ой-пікірін төмендегіше түйіндеді.

— Елбасының өз өкілеттігін тоқтататындығы туралы Үндеуі бәріміз үшін күтпеген жағдай болды. Бұл, әрине,бір жағынанөкініш туғызғандай әсер қалдырды.Өйткені біз жас мемлекетіміздің жеткен барлық табыстары мен жетістіктерін Елбасының есімімен байланыстырамыз. Еліміздің сантүрлі этнос өкілдеріненқұралған халқы бір үйдің баласындай ынтымақпен бірлікте өмір сүріп келеді.Біздің ең үлкен байлығымыз - ынтымақпен бірлік. Бұл Елбасының болашақты болжай білетін көреген саясатының жемісі деп білеміз. Алдымызда тұрған бір нәрсе айқын. Елбасы – Тұңғыш Президентіміз саясаттан біржола кетпейді. Ол Қауіпсіздік Кеңесінің Төрағасы, Қазақстан халқы Ассамблеясының Төрағасы ретінде еңбек ете береді. Бұл бізді қуантады.

Жиында сөйлеген өзге де шешендер мен ғалымдар Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың Егемен еліміздің негізін қалаушы, мемлекет құрушы ретіндегі тарихи рөлін жоғары бағалайтындарын жөнінде түйін жасады.

Индира Жаймағамбетова,

журналист

Темір Құсайын,

«Егемен Қазақстан»

АҚТӨБЕ

Баннер
Соңғы жаңалықтар

Ұқсас жаңалықтар