Әлем • 25 Наурыз, 2019

Илон Маск: Марста қалашық салына бастағанын көргім келеді

833 реткөрсетілді

SpaceX және  Tesla компанияларының негізін қалаушы, америкалық миллиардер Илон Маск NASA  директоры Джим Брайденстайн ұйымдастырған  репортажда Марста қалашық салуды армандайтынын айтты. 

Ол өмірінің соңына дейін Марстағы қалашық құрылысының басталғанын көргісі келетінін атап өткен. Репортаж Наурыз мейрамынан бұрын жарияланды.

Жалпы, Джим Брайденстайнның Илон Маскпен жасаған интервьюін SpaceX компаниясы Crew Dragon зымыран тасығышын ұшыратын күні жасаған. Яғни, наурыз айының 2-сі күні аталған сұхбат ұйымдастырылса керек. Сұхбат барысында Илон Маск өзінің Марсқа ұшуға қатысты идеяларымен бөлісті. Атап айтқанда, ғарыш технологияларының бір мәрте ғана қолданылатыны Масктің көңілінен шықпайды екен. Ол: «Өзіңіз ойлаңызшы, бір рет қана қолданылатын ұшақ болса ше? Оның қандай қымбат боларын елестете алар ма едіңіз?!» деді. Миллиардер ғарыш технологияларын да көп мәрте пайдаланатын күнделікті жабдықтар деңгейіне жеткізуді армандайтын болса керек. Оның айтуынша көп мәрте пайдаланылылатын технологиялар бір рет пайдаланатын зымырандар мен аспаптардан 100 есе арзан болатынын айтты. Өз кезегінде Джим Брайденстайн АҚШ бұдан былай Айды зерттеу ісіне мұқият көңіл бөлетінін, оған бұрыңғыдай барып қана қайтпай, онда ғылыми базалар орналастырып, Ай бетінен ғарышты зерттеу ісін жалғастыратынын тілге тиек етті. Интервью барысында Джим Брейденстайн АҚШ биылдан қалмай ғарышкерлерді жаңа зымырандармен ұшыратынын айтты. Connersial crew бағдарламасы арқылы Халықаралық ғарыш стансасына бірнеше ғарышкер баруы мүмкін. Бірақ, нақты қай мезгілде ұшатынын айтқан жоқ.

Ең қызығы Илон Маск адамзатты ғарыштық өркениет ретінде, мультипланетарлық түр ретінде көргісі келеді екен. Әу баста бизнесмен Ресейге барып құрлықаралық баллистикалық зымырандар сатып алмақ болған. Ядролық оқтұмсықтары жоқ зымырандар арқылы Маск ғарышты игеруді көздеген. Алайда ресейліктер миллиардердің сұрағандарын тым қымбатқа бағалағандықтан, бизнесмен зымыран жасайтын компания құруға бел байлапты. «Олар тіпті менің бар қазынам жетпейтіндей ақы сұрады. Әйтпесе, әу баста зымыран құрастыратын компания құру ойымда жоқ еді», - дейді Илон Маск. Ал YouTube-те жарияланған бейнежазбаға пікір қалдырған азаматтар арасында ресейлік шенеуніктерді әжуаға айналдырғандар да бар.

Көрерменнің бірі «Роскосмос-қа рахмет, олар болмағанда Space X пен Tesla дүниеге келмес еді. Ал, «Роскосмос» қазір жерге қарап отыр»,- деп жазса, тағы бір көрермен «Илон Максті көргенде ғарышқа деген құмарлығы бір сәтке де кемімеген, бойын энтузиазм кернеген Сергей Королев есіме түседі», - деп жазды.

Илон Маск Falcon зымырандарын алғаш сынақтан өткізе бастаған кезде NASA-ның қолдауына сүйенгенін айтты. Бизнесмен өз қаржысының алғашқы үш зымыранды жасауға ғана жеткенін, төртіншісін жасау үшін әріптестері қолдарында бардың барлығын ортаға салғанын айтты. Ал төрт сынақтың алғашқы үшеуі сәтсіз болған. Төртінші зымыран ғана Илон Масктің қазіргі табысты жолының алғашқы қадамы болыпты. Ал қазіргі арманы Марста қалашық салу болса керек. Бизнесмен «Марста қалашық салу жұмысының басталғанын көруге өмірім жетсе, ең үлкен бақыты сол болар еді» деді.

Амангелді ҚҰРМЕТ, 

«Егемен Қазақстан»

Баннер
Соңғы жаңалықтар

Алматы облысында жер сілкінді

Аймақтар • Бүгін, 09:36

Ұқсас жаңалықтар