25 Наурыз, 2019

Арман ӘЛМЕНБЕТ. Көңіл қалтарыстарындағы үш сурет (этюдтар)

1276 реткөрсетілді

***

Қай жылы екені есімде жоқ. Әйтеуір бір көктемде, Алматының жылымшы, жұмсақ соқыр жаңбыры жауып тұрғанда бір үйдің ығында, аяқ астымда жылжып ағып бара жатқан суға қарап ойланып тұрғаным бар. Айналада ешкім жоқ, өзім ғана. Не істеп жүрмін, кімді күтіп тұрмын, қай үйдің жанында тұрмын? Білмеймін.

***

Міне, күздің жылы кешінде Абай көшесінің бойымен келе жатырмын. Алдымда елуге таяған бір еркек, қырықтан асқан бір әйел және 5-6 жастағы бір қыз бала кетіп барады. Жақындай бере естідім, қыз бала еркекке қарап, ұстамайсың деп, шешесінің қолын өзіне қарай тартып қалды. Әйел еркекке қарап: «қызғанатыны бар енді», – деп күлді. Ер адам да қызарып, «сөйте ме?» деп, күлген боп жатыр. Мен озып кеттім. Алыстан қараған адамдар, қызын еркелетіп бара жатқан ерлі-зайыпты деп ойлаған шығар.

***

Көрші бөлмеде бір отбасы тұрды. Жиырма бес жастағы Әсел деген қыздары бар. Оның енді ғана жүре бастаған, тілі шықпаған ұлы бар.

Мен мектепті енді бітіріп, Алматыға келген бетім. Әрі-бері өткен сайын Әселдер тұратын бөлмеге қараймын. Ол үйде бас-аяғы төрт адам тұрады. Басқа үшеудің көзіне түспей, Әселге қарауға тырысамын.

Ол көбіне баласына да қарамай, өзімен өзі болып отырады немесе есікке таяу жерде теледидар көріп жатады. Күйеуі қайда екенін білмеймін, бірақ жоқ екені анық.

Сегізінші наурыз күні гүл алып, Әселді күттім. Ол түске қарай үйден шығып, жұмыстан түннің бір уағында келетін. Терезесі аулаға қарайтын ас үйде отырып күттім. Елдің бәрі әлдеқашан жатып қалған. Бір кезде ақ пәлтесі мен ақ етігін киген, шашын төбесіне түйіп алған, жылы түнге масайып, асықпай басып Әсел келе жатыр екен. Есіктің алдынан күтіп алдым да, гүлімді бердім. Қуанып, бірақ онысын білдірмеуге тырысып қабыл алды. Мен ештеңе айтпастан бөлмеме кетіп қалдым. Әсел қатты таңғалмағандай көрінді.

Одан кейін Әселмен сөйлескен де жоқпын.

Жер кеуіп, күн ысығанда Әселдер үйден көшетін болды. Көңіл-күйлері де көтеріңкі. Шешесінің әңгімесінен түсінгенім, Әселдің күйеуі түрмеден шыққалы жатыр екен.

 

Баннер
Соңғы жаңалықтар

Ұқсас жаңалықтар