26 Наурыз, 2019

Ақтамберді жыраудың басына кесене орнатыла ма?

2370 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін
Ақтамберді жыраудың басына кесене орнатыла ма?

Жақында Жарма ауданының орталығы – Қалбатау ауылында «Ұлы даланың жеті қыры – ұлттық ұлы құндылық» атты республикалық ғылыми-тәжірибелік конференция өтті. Алматыдағы М.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институты абайтану және әдебиет тарихы бөлімінің меңгерушісі, профессор Серікқазы Қорабай, Семей қаласындағы Шәкәрім атындағы мемлекеттік университетінің профессоры, тарихшы Мұхтарбек Кәрімов, осы оқу орнындағы ақындар мектебінің жетекшісі Айман Ақтанова сынды ғалымдар қатысқан жиында Жарма өңірінің даңқты тұлғаларын ұлықтау жайы жан-жақты сөз болды.

Конференцияны аудан әкімінің орынбасары Айдар Ибраев ашқаннан кейін Серікқазы Қорабай сөз алып, мазмұнды баяндама жасап, сөзінің соңында бірқатар ұсыныстарын ортаға салды. «Абай ауданы Құндызды ауылы шетіндегі Жүрекадыр жотасына жерленген Ақтамберді жырау мен Сабырбай, Түбек ақындардың басына күмбезді кесенелер орнатылса, Үшбиік ауылында Сыбаннан шыққан 17 ақынға музей ашылса, Қалбатаудағы көшелердің біріне «Он жеті ақын» атауы берілсе, Жарма ауданында «Ұлы бабалар ізімен» атты ғылыми-танымдық экспедиция ұйымдастырылса деймін. Ақтамберді жырау, Ақтайлақ би, Дулат, Сабырбай, Түбек ақындарға аудандық өлкетану музейінен арнайы бұрыштар ашылса, олардың өлеңдерін жатқа айтудан оқушылар арасында аудандық сайыс өткізілсе артық етпес еді.

Жарма өңірінен шыққан қазақ цирк өнерінің негізін салушы, «Ағашаяқ» атанып кеткен әйгілі Назаролла Жүндібайұлы атындағы аймақтық өнер байқауы ұйымдастырылса, бүкіл Орта жүзде бәйге бермеген атақты тұлпар Қарашегір шыққан Көкентоғай мекеніне белгі қойылса ғибратты іс болар еді», - дейді С.Қорабай.

Азамат ҚАСЫМ,

«Egemen Qazaqstan»

Шығыс Қазақстан облысы,

Жарма ауданы