Саясат • 26 Наурыз, 2019

«Қаламқас» кен орнындағы жағдай бойынша қылмыстық іс қозғалды

1266 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Бұл жөнінде бүгін Маңғыстау облысы өңірлік коммуникациялар қызметінің Орталық коммуникациялар қызметімен бірлесе өткізген брифингінде айтылды.

«Қаламқас» кен орнындағы жағдай бойынша қылмыстық іс қозғалды

Тікелей эфирде өткен брифинг барысында «ҚазМұнайГаз» ҰК АҚ басқарма төрағасының өндіріс жөніндегі орынбасары Ж.Марабаев Қаламқас кен орнының ұңғымасында болған жағдай туралы айтты. Ағымдағы жылдың 13 наурызында «Маңғыстаумұнайгаз» АҚ-ға қарасты Қаламқас кен орнының күрделі учаскесінде ұңғыманың құрылысы барысында кен орнының орталық бөлігіне тән техногендік сипаттағы газ-су аралас табиғи бұрқағы шыққан. Наурыздың 13-24 күндері мамандар күрделендірілген бұрғылау ерітіндісімен ұңғыманы жуу жөніндегі жұмыстарды, сондай-ақ грифондарды жою үшін жөндеу-оқшаулау жұмыстарын жүргізген. Осы жылғы 25 наурызда сағат 04:46-да 8232 ұңғыманың аумағында 16 наурызда жер бетіне шыққан газ-су қоспасының ошағы жана бастады. 04 сағат 58 минутта «Семсер-Өрт сөндіруші» ЖШС жауынгерлік тобы шақырылған орынға келді. Құрбан болған және зардап шеккендер жоқ.

Апат орнына 25 наурызда сағат 14:30-ға қарай өртті ауыздықтау үшін қосымша Ақтау қаласының МӨҚҚ 6 өрт сөндіру тобы келіп жеткен. Өртті сөндіруге 4 автоцистерна, 1 жылжымалы сорғы стансасы, 1 газ-су сөндіруші автокөлігі келтірілген. Қазіргі уақытта өрт шыққан жерде Маңғыстау облысының ТЖД, «Семсер – Өрт сөндіруші» ЖШС және «Файр протекшн ЛТД» ЖШС жеке құрамының 53 адамы және өрт сөндіру техникасының 12 бірлігі жұмылдырылған. Өртті сөндіру барысында жанған жерді тасымалданатын лафеттік оқпандармен сөндіру үшін бірнеше рет талпыныстар жасалды, алайда өрт ошағына кірме жолдардың жоқтығына байланысты өртті ауыздықтау мүмкін болмады. Оперативті өрт сөндіру штабын Маңғыстау облысы ТЖД бастығы Қ.Базарбаев басқаруда. Штаб құрамына «Маңғыстаумұнайгаз» АҚ бас директорының бірінші орынбасары Б. Иманбаев, ҚМ Индустриялық даму және өнеркәсіптік қауіпсіздік комитеті департаментінің басшысы С.Қазақбаев, КӘАҚҚ РОШ Маңғыстау филиалының (бұрқаққа қарсы қызмет), «СиБу» ЖШС өкілдері және басқалар кірді.

Гүлайым ШЫНТЕМІРҚЫЗЫ,

«Egemen Qazaqstan»

Маңғыстау облысы