27 Наурыз, 2019

Ninety One тобы корей телешоуында жеңіске жетті

1053 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Белгілі қазақстандық Ninety One тобы «I Can See Your Voice» телевизиялық шоуының жеңімпазы атанды.

Ninety One тобы корей телешоуында жеңіске жетті

«I Can See Your Voice» - тіпті ән айта алмайтындар да жеңіске жетуі мүмкін алғашқы шоу. Шоу тұжырымдамасы да қарапайым. Әрбір эпизодта шақырылған орындаушы сарапшылар командасының көмегімен 4 раунд барысында шоу қатысушыларының қайсысы ән  айта алмайтындығын анықтауы қажет. Эпизод соңында бір ғана орындаушы қалып, ол арнайы шақырылған орындаушымен бірге ән айтуы тиіс. 

Егер жеңімпаз ән айтып жүрген өнерпаз болса, онда сингл жазуға мүмкіндік алады. Ал ән айта алмайтын қатысушы жеңсе, жүлдеге тігілген 4,5 мың долларға ие болады. Қазақстандық бойз-бен кастингтен сәтті өтіп, бағдарламаның алты қатысушысының қатарын толықтырды. Ал шақырылған әртіс қыздардан құралған Mamamoo k-pop болды.

«Төрешілер Ninety One Орталық Азиядағы танымал топ немесе Сеулге білім алуға келген қарапайым студенттер екендігін табуы тиіс еді. Ninety One тобының әншілері финалға шығып, онда Mamamoo репертуарындағы «Yes I am» композициясын жанды дауыста орындады. ALEM (Батырxан Мәліков), ACE (Азамат Ашмақын) және BALA-ның (Данияр Құлымшин)  дауысы төреші қыздармен қатар Kim Jong- kook, Leeteuk (Super Junior), Yoo Se-yoon сынды шақырылған танымал өнер жұлдыздарын таң қалдырды», - деді топтың продюсері Ерболат Беделхан.

Кореяның эстрада жұлдыздары қазақ әншілерінің корей тілінде таза өнер көрсеткендеріне риза болды. Сонымен қатар олар топтың жетекші рэпері ZAQ-тың (Дулат Мұхаметқалиев) жас белсенді екендігіне  және Q-pop бағыты  мен қазіргі қазақ музыкасын жақтаушылардың бірі екендігіне таңданыстарын білдірді.  Шоу аяқталғаннан кейін 1 сағат өтісімен Кореяның  ұлттық Naver (Google баламасы) іздеу жүйесінде Ninety One ең көп сұранысқа ие болған сөзге айналды. Шоу соңында Ninety One тобы толық құрамда өздерінің «Aiyptama» әнін орындады. Mamamoo мен Ninety One дуэті орынған ән YouTube арнасында жарияланған үш күннің ішінде 500 мың көрілім жинады.

«Қазақстандық топтың шығармашылығына қызығушылық күрт артты. Оған барлық әлеуметтік желілердегі жазылушылар санының артуы, сонымен қатар топ клиптерінің астына шетелдік жанкүйерлер қалдырған оң пікірлер дәлел бола алады.  Ninety One біртіндеп әлемдік нарықты бағындырып келеді және Кореядағы жеңіс  оның алғашқы баспалдағы ғана», - деді Ерболат Беделхан.