28 Наурыз, 2019

Ұлттық Ядролық Орталық – JAEA: сенімді ынтымақтастықтың жемісті тәжірибесі

660 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Семей сынақ полигонындағы радиоэкологиялық мәселелерді шешу үшін өзара әріптестік жұмыстарды арттыру Қазақстан мен Жапония арасындағы маңызды мемлекеттік мәселе болып отыр.

Ұлттық Ядролық Орталық – JAEA: сенімді ынтымақтастықтың жемісті тәжірибесі

Курчатовтағы Ұлттық Ядролық Орталықтың Бас директоры, ғалым Эрлан Батырбеков Күн Шығыс еліне сапары кезінде «JAEA», яғни Жапонияның Атом энергиясы жөніндегі агенттігінің президенті Toshio Kodama мырзамен келіссөздер өткізді. Кездесу барысында Эрлан Ғаділетұлы мен Toshio Kodama «EAGLE» жобасы шеңберінде жүзеге асырылған шапшаң нейтрондардағы реакторлардың қауіпсіздігі саласындағы ынтымақтастықтарының жоғары деңгейін және ілгерілеуін атап өтті.

- «EAGLE» бірегей жоба,-деді Эрлан Батырбеков,-әлемде алғаш рет реакторлық жағдайларда материалдарын балқыту арқылы тәжірибе жүргіздік. Бұлардың барлығы да Қазақстан АТОМ-ды соғыс құралы ретінде емес, бейбіт бағытта насихаттайтындығын және дамытатындығын көрсетеді.

«EAGLE» атауына ие болған жоба жөнінде алғашқы келісімшарт 1995 жылы желтоқсанда жасалды. Бұл шапшаң нейтрондардағы авариялық реактордың балқытылған отынын белсенді аймақтан реактор корпусының ішіндегі қауіпсіз жерге ауыстыру қажеттігі туралы тұжырымдаманы тәжірибе арқылы растауға бағытталды.

2015 жылдың наурыз айынан бастап жобаның үшінші сатысы «EAGLE-3» іске асырылуда, мұндағы жұмыстар отынның шапшаң нейтрондардағы реакторының жұмысына арналған. Қазіргі уақытқа дейін Курчатовтағы «ИГР» реакторлық кешенінде «EAGLE» халықаралық жобасы бойынша ауқымды реакторішілік оншақты эксперимент ойдағыдай өтті. Реактордан тыс «EAGLE» стендінде де 52 сынақ-тәжірибе жүргізілді. Осылайша халықаралық деңгейде танылған бірегей нәтижелерге қол жеткізілді.

Кездесу барысында «JAEA» президенті Toshio Kodama мырза Жапония Министрлер кабинетінің шапшаң реакторлар саласында жаңа саясат қабылдағаны туралы хабарлады. Kodama мырза JAEA агенттігінің алдағы уақытта да Жапониядағы атом энергиясының аталған бағыты бойынша, оның ішінде осы саладағы халықаралық ынтымақтастық үшін жауапты негізгі ұйым болып қала беретінін атап айтты.

«JAEA» ұйымы шапшаң нейтрондардағы реакторлар технологияларының даму стратегиясы бойынша жол картасын әзірлеуде екен. Себебі болашақта әлемдегі АЭС-тер қауіпсіз болу үшін және оларда апатты жағдай орын алмас үшін «JAEA» мен Курчатовтағы ҚР Ұлттық Ядролық Орталық өзара ұзақ жылдар бойы бірігіп жұмыс істеулері аса қажет.  Семей сынақ полигонындағы жарылыстардың зардаптарын жоюда да екі мекеменің халықаралық өзара әріптестігінің жауапкершілігі де айрықша болмақ.

Раушан НҰҒМАНБЕКОВА,

«Еgemen Qazaqstan»

Соңғы жаңалықтар

Су үнемдейтін қондырғы

Технология • Кеше