29 Наурыз, 2019

Алпысбай Қазығұлов. Көңіл көктемі

2288 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Астанада танымал суретші Алпысбай Қазығұловтың «Көңіл көктемі» атты жеке көрмесі ашылды. Көркемдік бітімі бөлек, болмысы әр алуан келетін 65 туындысы көптің назарына ұсынылды. 

Алпысбай Қазығұлов. Көңіл көктемі

Автордың балалық ша­ғынан қалыптасқан таным-түсінігі мен қоршаған орта туралы қиял көкжиегі кө­рініс тапқан «Менің ба­ла­лық шағымның ауылы», «Белдесу», «Керуен», «Ойын» сынды туындылары көрме төрінен орын теуіпті. Құлпырған өң мен мазмұнға бай композициясы автордың өзіндік қолтаңбасын бірден даралайды. Жарасымды жолақтар көктен тік құйылған қалпы мұнартқан атырап көрген түстей бұлыңғырлана келе, кенет жарқ етіп барып, ішкі сырын қаз-қалпында алдыңа жайып салады. 

Талант тасты да жарып шығады. Бейнелеу өнеріне мүлдем тосыннан келген А.Қа­зығұловтың өнерін үстем етіп, мерейін асырған табанды еңбегі мен төгілген тері. Оның Абай атындағы Қазақ педагогика институтының көркем­сурет-графика факультетіне аяқасты оқуға түсіп әрі үздік аяқтауы таңғаларлық дүние.

– Жылына жүздеген картина жазамын, бірақ соның арасында көңілімнен шығатыны аз. Адамды алып шығатын да, танытатын да ізденіс пен еңбек, – дейді суретшінің өзі. Әйгілі жазушы Шыңғыс Айт­матовты да осы бір шын­шыл, тұңғиық +болмысы­мен баурап алса керек. «Қазақтың дарқан даласына, туған еліне, Жер-Анаға деген сүйіспеншілік сезілетін Алпысбайдың суреттері мені бірден баурап алды. Суретшінің қылқаламынан туған дүниелерде жалғандық жоқ», деген жазушы автордың мәңгілік тақырыптарға тайсалмай бойлайтынына таңданыс білдіреді.

Алпысбай Қазығұлов қырық жылдық шығар­ма­шы­лық ғұмырында 7 мың­нан астам туынды жаз­ған дарынды сурет­кер. Шығармаларының бас кейіп­­кері – аспан мен жер­ді астастырған ұлан-­ғайыр ке­ңістік. Туындылары Ә.Қастеев атындағы Мемлекеттік өнер музейінде, еліміздің бас резиденциясы Ақордада, өзге де көркемсурет музейлері мен шетелдердегі дербес коллекциялар қорынан орын алған. Сондай-ақ Чехияның бірінші президенті Масарик атындағы халықаралық сыйлықтың иегері (2003 ж., Прага).

Ая ӨМІРТАЙ,

«Egemen Qazaqstan»