Қазақстан • 30 Наурыз, 2019

ШҚО-да жазасын өтеушілер жұмыспен қамтылып жатыр

614 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Елімізде қылмыстық атқару жүйесін ізгілендіру және түзеу мекемелеріндегі жазасын өтеушілерді жұмыспен қамтуға ерекше көңіл бөлініп жатқаны белгілі. Бұл ретте Шығыс Қазақстан облысы бойынша қылмыстық-атқару жүйесі департаментіне қарасты ОВ 156/22 қауіпсіздігі барынша төмен мекемесінде де тиісті шаралар қолға алынуда.

ШҚО-да жазасын өтеушілер жұмыспен қамтылып жатыр

Осы мекеменің сотталғандардың еңбегін ұйымдастыру бөлімшесінің қызметкері Арай Көшербаевның айтуынша, мұндағы жазасын өтеушілердің еңбекке жарамды бөлігі 100 пайыз жұмыспен қамтылыпты. «Қоғамда соттылығы жоқ адамдар жұмыс іздеп, жұмыспен қамту орталықтарының табалдырығын тоздырып жүрген уақытта сотталған адамды жұмыспен қамту мекеме қызметкерлерінің табанды қызмет атқаруының нәтижесі деп білеміз. Мекемеде Өскемен қаласындағы жеке кәсіпкерлер мен жауапкершілігі шектеулі серіктестермен келісім шарт жасасу арқылы сотталғандар  жұмыспен  қамтылған.  Сотталғандар тарапынан арыз-шағым жоқ, еңбек ақыларын уақтылы, толық көлемде алып отыр. Бас бостандығынан айыру жазасына сотталған адамдардың еңбегін кәсіпорындарда пайдалану – түзеу мекемесіне де, қоғамға да пайдалы. Яғни сотталғандар түзеу колониясының өндірісінде еңбек еткенде қоғам қауіпсіздігіне қауіп туындамайды. Кеңес үкіметі уақытында түзеу мекемелеріне тапсырыс мемлекет тарапынан жүргізілгендіктен, сотталғандар түзеу мекемесінің аумағына жататын кәсіпорындарда еңбек етті. Қазіргі меншік нысандарының көбеюі және түзеу мекемелеріне жұмыс тапсырыстарының мемлекет тарапынан жүйелі түрде жүргізілмеуі сотталғандардың еңбегін ұйымдастырудың басқа да түрлерінінің пайда болуына әкелді. Сотталғандарды түзетудің бір формасы – еңбек. Бұл заңды бұзған адамдарды тәрбиелеудің бір әдісі, мұндай қадам оларды жаза өтеу жерлерінде қылмыстық ортадан шектеуге және босатылудан кейін өмірге дайындауға мүмкіндік береді. Бұл үшін мекемеде сотталғандардың еңбегін ұйымдастыру бөлімшесі жұмыс істейді», - дейді ол.

ӨСКЕМЕН