Спорт • 30 Наурыз, 2019

Әулиеаталық қайраткерлер Астананың жаңа атауына қолдау білдірді

609 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Елдіктің белгісі, егемен еліміздің алтын бесігі Астана қаласының атын өзгеруіне жамбылдық зиялы қауым өкілдері де үн қосты. «Нұр Отан» партиясы Жамбыл облыстық филиалының жанындағы «Мирас» аймақтық кеңесінің отырысы өтіп, оған Астананың атауы Нұр-Сұлтан болып өзгеруін қолдаған өңірдегі зиялы қауым өкілдері мен мәдениет және өнер қайраткерлері қатысты.

Әулиеаталық қайраткерлер Астананың жаңа атауына қолдау білдірді

  Кеңес отырысын партия облыстық филиалы төрағасының орынбасары Шәбден Тілеумұрат ашып, тарихи оқиғаның мемлекет үшін маңыздылығына тоқталды. Ол өз сөзінде Тәуелсіздігімізді алып, егемен ел болып қалыптасуымызда Елбасының еткен ерен еңбегіне ешкімнің де күмәні жоқ екенін атап өтті.  

  Әуелі ҚР Мәдениет қайраткері Әлібек Әмзеұлы сөз алып, «Еңсеміз түсіп, есімізді жинай алмай тұрғанда Елбасы Елордаға жаңа есім беріп, есемізді қайтарды» десе, ақын, Қазақстанның Еңбек сіңірген қайраткері Қайырбек Асанов «Сонау тоқсаныншы жылдары Алатаудың баурайы Алматыдан аязы азынаған Ақмолаға көшуді Нұрсұлтан Әбішұлы өзінің мүддесі үшін жасаған жоқ. Сарыарқаның төріне жаңа астананың қазығын қаққан Елбасының сол кездегі көреген саясаты елді алға қарай жетеледі», деп өз ойын білдірді. Ақын Шырын Мамасерікова Меркі ауданындық музейінде қызмет атқарып жүрген кезінде Елбасымен бірнеше рет кездескенін айтып, Елбасына бірнеше өлең арнағанын әңгімеледі. Сонымен қатар, Қазақстанның Халық артисі Мәкен Рақымжанқызы ел ішінде түрлі пікірлер болғанымен, Астана атауының Елбасының атымен аталғаны құптарлық шешім екенін айтып өтсе, Махмуд Қашқари атындағы ұйғыр этно-мәдени бірлестігінің жетекшісі Мухабат Турдыева бүгінгі бейбітшілік пен татулықтың Елбасы саясатының жемісі екенін жеткізді. 


Жамбыл облысы