Аймақтар • 30 Наурыз, 2019

Жамбыл облысында сәуірден бастап 29650 отбасы атаулы әлеуметтік көмек алады

739 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Жамбыл облысында 1 сәуірден бастап атаулы әлеуметтік көмекті 29650 отбасы алатын болады. Ол үшін республикалық бюджеттен 16,7 миллиард теңге қарастырылуда. Бұл туралы бүгін әкімдік ғимаратында өткен жиында Жамбыл облысының әкімі Асқар Мырзахметов мәлімдеді.

Жамбыл облысында сәуірден бастап 29650 отбасы атаулы әлеуметтік көмек алады

Жамбыл облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы Тимуржан Нұрымбетовтың айтуынша, еліміздегі кедейліктің шегі күнкөрістің ең төмен деңгейі 70 пайызға дейін көтеріліп, 20 мың 800 теңге болып отыр. Осыған орай қайта нақтылауда, өңірдегі аталмыш әлеуметтік көмекті алушылардың саны да арта түскен. Басқарма басшысының айтуынша, жан басына шаққандағы табысы кедейлік шегінен төмен 29650 отбасының әлеуметтік картасы түзілген, онда барлығы 150400 адам қамтылатын болады. Ал, осы уақытқа дейін бұл көрсеткіш 14849 отбасыны, яғни 74517 адамды құраған.

  Жиын барысында Асқар Мырзахметов атаулы әлеуметтік көмекпен әдістемеге сәйкес белгіленген отбасылардың толығымен қамтылуына аса назар аударып, есептеу кезіндегі кеткен кемшіліктердің кесірінен мұқтаж азаматтардың қалтарыста қалып кетпеуін ескертті. Сол үшін олардың отбасылық табыстарын есептеу шараларын аса мұқият жүргізуді тапсырды. Әкім өз сөзінде жан басына шаққандағы табысы кедейлік шегінен асатын, алайда өңірде қаржылай қолдауға зәру өзге де отбасылардың аз еместігін баса айтып, оларға да қажетті көмектер көрсетудің тетіктерін ойластыруды тапсырды. «Бұл орайда, алдағы уақытта аз қамтылған және көпбалалы отбасыларды қолдауға арналған облыстық бағдарлама дайындалуы мүмкін. Оған қажетті қаражат облыстық бюджеттен қарастырылып, гранттар немесе тиімді жолмен қайтару қарыздар беру көзделуде. Ол халықтың әлеуметтік осал топтарына тиімді табыс көзін қалыптастыруға мүмкіндік беру керек», деді Асқар Мырзахметов.

 Жамбыл облысы