Қазақстан • 30 Наурыз, 2019

Тікұшақ апатынан қаза тапқан азаматтардың денесі туған жерлеріне жөнелтілді

721 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Бүгін Қорқыт ата атындағы Қызылорда әуежайында тікұшақ апатынан қаза тапқан азаматтарды өз туған жерлеріне жөнелту шарасы өтті. Оған арнайы келген Қорғаныс Министрі Нұрлан Ермекбаев орны толмас қайғы екендігін айтып, тек ондаған отбасының емес бүтіндей қазақ армиясының қасіреті екендігін жеткізді, деп хабарлайды Қызылорда облыстық Өңірлік Коммуникациялар Қызметі.

Тікұшақ апатынан қаза тапқан азаматтардың денесі туған жерлеріне жөнелтілді

"Әскери қызмет қашанда белгілі бір қауіп қатермен байланысты болады. Біздің Қарулы Күштер қандай да болмасын қауіп-қатерде, қиындық жағдайда отанды қорғау үшін өздерін құрбан ететін жандар болады. Алайда осындай бейбіт уақытта азаматтарымыздың қаза табуы жанымызға қатты батты. ҚР заңдарына сәйкес қызметтік борышын өтеу кезінде қаза болған жауынгерлердің отбасына, бала-шағасына заң бойынша тиесілі әлеуметтік кепілдіктерді қамтамасыз етіп, жан-жақты көмек көрсететін болады. Бұл көмек біржолғы көмек болмауы керек. Біз әскерилеріміздің туған жерлеріндегі әскери гарнизон басышларына олардың отбасын қамқорлыққа алып, балаларының өсуіне, тәрбиеленуіне белсенді атсалысуды тапсырамын." - деді Нұрлан Байұзақұлы.

Сондай-ақ Нұрлан Ермекбаев отан алдындағы борышын өтеп жүріп қаза болған әскерилерді мәңгі есте сақтау үшін мемориал тұрғызылатындығын жеткізді. Ол ескерткіштің орантылатын жерін әскерилердің отбасыларымен ақылдасып келісілетін болады.