Аймақтар • 31 Наурыз, 2019

Қарағанды облысындағы қарғын су. Жағдай толық бақылауда

1026 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Қарағанды облысындағы Шет, Бұқар жырау, Абай, Осакаров және Нұра аудандары аумағында Шерубайнұра, Нұра, Құндызды өзендерінің суы көтеріліп, кейбір жерлерде қарғын су елді мекендерге жетті.

Қарағанды облысындағы қарғын су. Жағдай толық бақылауда

Мәселен, Шет ауданындағы Қызылқой ауылында тоғыз үйдің ауласына су кірген. Бұл жерден 16 адам көшіріліп, туыстарының үйіне орналастырылды. Қазір сол маңнан ағып өтетін Талды өзенінің аңғары бекітілуде.

         Жаңаарқа ауданында төрт бірдей жолдың үстінен қызыл су жүріп өткен. «Қызылорда-Павлодар» трассасының 771-ші шақырымында жолдың үстімен ағып жатқан судың ені 40-60 метр, тереңдігі 10-15 см болады. Бұл жердегі су өткізгіш екі құбыр толық қуатымен жұмыс істеп тұр.

         Сонымен қатар, Нұра, Қарқаралы және Абай ауданындарында да қарғын су жергілікті және республикалық маңыздағы жолдардың ойпаңдау тұстарын басып аға бастады. Бұл жерлерде «Қазақавтожол» ЖШС-нің қызметкерлері күні-түні кезекшілік етіп жүр.

Бүгінгі күнде облыс бойынша елді мекендердің ойпаң жерлерде орналасқан көшелерін  су алмауы үшін қорғаныс үйіндісін нығайту жұмыстар жүргізіліп жатыр. Бұл шаруаларға ТЖ-ның жеке құрамы мен арнайы техникалар жұмылдырылған.

«Қазіргі уақытта Шерубай-Нұра, Самарқан және Ынтымақ су қоймаларында су ағызу мөлшері арттырылды. Жағдай су тасқынына қарсы штабтың ұдайы бақылауында», деген ақпарат таратты облыстық төтенше жағдайлар жөніндегі департаменттің баспасөз қызметі.

Қарағанды облысы