Әлем • 31 Наурыз, 2019

Гендік инженерия: бүгіні мен келешегі

70325 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Адам денесінде 25-30 мыңға жуық ген болса, олардың әрқайсының атқаратын өзіндік функциясы бар. Соңғы жылдары генетик ғалымдар адам ДНҚ-сын бір жасушадан екінші жасушаға ауыстыру немесе бірнеше түрдің ДНҚ-сын бір-бірімен алмастыру арқылы революциялық өзгерістер жасауда.

Гендік инженерия: бүгіні мен келешегі

Жақында Жапония және Ресей ғалымдары осыдан 28 мың жыл бұрын өмір сүрген мамонттың жасушасын тірілткенін жариялады. Қазір бұдан бөлек те теориялық тұрғыдан әбден зерделенген, бірақ тәжірибе жүзінде тоқтап тұрған тың жобалар көп.

Ғалымдар көне замандарда өмір сүрген, бүгінде жер жүзінен жойылған алғашқы адам түрлері мен мамонттардың археологиялық қазбалардан табылған ДНҚ-сын пайдалану арқылы оларды қайта тірілту мүмкіндігін теориялық тұрғыдан дәлелдеп отыр. Сондай-ақ дәл осыған ұқсас жолдармен адам көзінің көру мүмкіндігін бірнеше есе ұлғайтатын, физикалық қуатын еселейтін, ақыл-ойын тереңдететін, өмір сүру жасын қолдан ұзартатын сәт те жақын қалғаны айтылуда. Болашақта ғылымның мүмкіндігімен адамдар жаңа дүниеге келетін шарананың қандай қасиеті үстем, неге икемді болуына алдын ала ықпал ете алады. Тіпті, ғалымдар көлемді ақпаратты адам миына сырттай енгізу мүмкіндігін де зерделеп келеді.

Соңғы жылдары ғалымдар тұқым қуалаушы ауруларды тоқтатудың, ағзадағы ақауды реттеудің ғылыми-қолданбалы жолын ұсынуда. Бұл сөзсіз адам баласы ойлап тапқан ең пайдалы жаңалықтардың бірі. Бірақ ғылым сол күйі дами берсе, зертханаларда жасалып жатқан түрлі тәжірибелердің зиян жағы болмай ма?

Гендік инженериядан қауіп бар ма? Гендік манипуляция бұрын-соңды болмаған жаңа тіршілік иелеріне «жаңа өмір» сыйлауы мүмкін. Демек, жақын келешекте түрлі биороботтар мен мутант тіршілік иелерінің ортамызды толтыру ықтималдығын жоққа шығаруға болмайды.

Осыдан бірнеше жыл бұрын Қытай ғалымдары итті мутациялап, кәдімгі қызмет иттерінен екі есе үлкен, қабілеті барынша жетілген түрін ойлап тапқанын жариялады. Алпамсадай, иіс сезу, тиісті операцияларды орындау әлеуеті жетілген иттер жақын келешекте арнайы органдардың таптырмас серігіне айналуы мүмкін. Яғни, гендік инженерия бір жағынан кең таралған түрлі ауру-сырқауды жеңуге мүмкіндік сыйласа, екінші жағынан адамның адам болып қалуын тарихтың еншісіне қалдырып, жаңа тіршілік иелерін, биороботтарды туғызу арқылы жер жүзіне үлкен апат әкелуі мүмкін деген ой да айтылып жүр. Келешекте қалыпты адам мен биороботтың неке құру ықтималдығы сияқты болжамдар бұл күдікті одан әрі өршітеді. Мұны «Құдайдың ісіне араласу», қалыптасқан моральдық-этикалық нормаларға сыймайтын үрдіс деп бағалайтындар да аз емес.

Трансгуманизм. Этикалық-моральдық нормалар.

Гендік инженерия саласындағы табыстар жалғаса берсе, тарихы шамамен 40 мың жылға кететін Homo Sapiens немесе саналы адам дәуірі аяқталып, биороботтардың дәуірі басталады деген болжам бар. Біздіңше кез келген ғылым, жаңашылдық моральға, адамзат баласына игілік сыйлау философиясына басымдық беруі тиіс. Осы ұстанымдағы трансгуманистік қозғалыс соңғы жылдары әлемде кең таралып келеді. Бұл бағыттың негізін салушылардың бірі ЮНЕСКО-ның алғашқы бас хатшысы Джулиан Хаксли.

Трансгуманистер «Адам – эволюцияның дамыған түрі. Бірақ ол нашар түр. Сондықтан оны технология мен ғылымның көмегімен бірнеше бағытта жетілдіріп, кемел адам жасауымыз қажет» дегенді айтады. Сондай-ақ, «Адамның 150 жастан аз өмір сүруінің өзі қисынсыз. Өйткені адам толысып-кемелденген шағында тәні ескіріп, өмірден өтіп кетеді. Сондықтан ақылы толыспаған жастар мына дүниені тәрк етіп жатыр. Адамның өмір сүру жасы ұлғайса, ақылды адамдар дүниені одан әрі жақсартар еді» деген көзқарас бар.

Қазірдің өзінде адамның өмір сүру ұзақтығы өткен ғасырмен салыстырғанда ұзарып келе жатыр. Сондықтан жақын келешекте бұл үрдіс жалғаса бермек деп пайымдауға әбден негіз бар. 

Трансгуманистік бағытты ұстанушылар адамзат баласының алдағы болашақта өзге ғаламшарда өмір сүру мүмкіндігі үшін де бас қатыруда. Негізі мақсат – кибернетика, нанотехнология, биоинженерия, генетика сынды ғылым салаларының жетістіктерін пайдалана отырып, бүгінгі адамның басқа ғаламшарда өмір сүруіне кедергі келтіретін «табиғи олқылықтарды» қолдан реттеу, ғаламның болашақ қожайынына айналу.

Бұл әдіс бүгінгі қарапайым адам мен posthumanism, яғни адамнан кейінгі жетілген тіршілік иесінің арасындағы алтын көпір болмақ. Бүгінде бірнеше елде осы бағытта арнайы партия, ұйымдар да құрылды. Ал трансгуманистердің бүкіләлемдік қауымдастығы «Humanity+» деп аталады.

Трансгуманистерге қарсы тарап оларды тым радикал, адам табиғатына қырын қарайды деп айыптайды. Әйгілі футуролог ғалым Фрэнсис Фукуяма трансгуманизм қозғалысының ісі адамзаттың түпкілікті жойылуына әкеледі деген алаңдаушылығын білдіреді. Өйткені бұл үрдіс адам мен биороботтар арасында түрлі келіспеушіліктерге, тайталасқа әкеліп соғуы мүмкін. Адамдар арасындағы теңдік, әділеттік принциптерін енді жолға қоя бастаған уақытта табиғаты адамның болмысына келмейтін жаңа биороботтардың мәселесі пайда болады. Олардың арасындағы өзара қарым-қатынас, құқықтар арақатынасы қалай болмақ? Мұның бәрі әзірге болжам ғана.

Қорытынды. Қазақстанға келсек. Әлем бұл салаға дендеп еніп жатқан уақытта замана көшінен қалу өз-өзіңе зияндық жасаумен тең. Елімізде жасалып жатқан жұмыстар бар. Бірақ бұл теңізге тамған тамшыдай ғана. Маман жоқтығы, ғылыми ортамен байланыстың кемшін болуы, ғылыми жаңалықты іске асыру, заманауи технологияларды игеретін кәсіби кадр тапшылығы, коммерцияландыру жағы ақсап жатқаны ешкімге жасырын емес. Сондықтан осынау маңызды саланы дамытудың кешенді мемлекеттік саясаты қажет. Өйткені болашақ осында. Абайша «қолымызды мезгілінен кеш сермеп», істің емес, сөздің адамы болатын сәтті тарихта қалдырсақ жақсы ұрпақ болар едік.

Сәкен ЕСІРКЕП, 

Астана