Әрине нарық заманында әр азаматтың жақсы табыс тауып, бақуатты өмір сүруіне ешқандай кедергі жоқ. Табыстың мол болуы қызметкердің білімі мен біліктілігіне тікелей қатысты екендігі анық. Алайда, ел ішінде табысы төмен, әлеуметтік тұрғыда әлсіз топтар бар екені жасырын емес. Сондықтан мемлекет көп балалы отбасылар мен аналарға қамқорлық жасауды мықтап қолға алып отыр. Сонымен қатар жалақысы төмен қызметкерлердің еңбекақысын арттыру мәселесі де назардан тыс қалған емес.
Мемлекет бюджет саласының төмен жалақы алатын қызметкерлерінің еңбекақыларын көтеруді 1 маусымнан бастамақ. Бұл жайында жуырда Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев айтқан болатын. «Мен бюджет саласының төмен жалақы алатын қызметкерлеріне еңбекақыларын бір ай бұрын – 1 маусымнан бастап көтеруді тапсырдым. Аталған шара миллионнан астам қызметкердің өміріне оң ықпал ететін болады», деді Қасым-Жомарт Кемелұлы республикалық қалалар мен облыс әкімдері қатысқан кеңесте.
Жалпы, бюджеттік сала қызметкерлерінің жалақысын арттыру үшін биыл республикалық бюджеттен 115,7 млрд теңге қарастырылған. 2020-2021 жылдар үшін Үкіметтің резервінен 234,4 млрд теңге бөлінбек. Қысқасы, маусымнан бастап жалақысы төмен азаматтардың еңбекақысы 30 пайызға көбейеді. Бұл мемлекеттің өз азаматтарына деген үлкен қолдауы.
Осы тұста тағы бір көмекті назардан тыс қалдыруға болмайды. Әрине, бұл биыл көтерілген мәселе емес, былтыр айтылған. Елбасының «Президенттің бес әлеуметтік бастамасы» деп аталатын Үндеуінің екінші тармағында «Жалақысы төмен жұмысшылардың еңбекақысын көбейту үшін олардың салық жүктемесін азайту» бастамасы көтерілген. Бұл дегеніңіз 25 айлық есептік көрсеткішке дейінгі көлемде, яғни 63125 теңгеге дейін жалақы алатын азаматтарға салық жеңілдігі жасалды деген сөз. Биылдан бастап осы көлемдегі жалақы алатын азаматтар бұрынғыдай 10 пайыз емес, 1 пайыз ғана салық төлейді. Мұның өзі әлеуметтік қолдаудың бір тетігі еді. Бұл қолдау 2 млн адамды қамтыған-ды. Яғни, еңбек етіп жүрген 8,7 млн адамның 22 пайызын құраған. Ал биылғы әлеуметтік қолдаудың сипаты бөлек. Мұнда бюджет есебінен жалақы алатындардың табысы өседі. Мәселен, медицина саласындағы анағұрлым сұранысқа ие 29 мың дәрігердің жалақысы 108 мыңнан 140 мың теңгеге дейін өседі. Саладағы 225 мың қызметкердің жалақысы көтеріледі. Орта медициналық қызметкердің айлығы 76 мыңнан 99 мыңға, кіші медициналық қызметкердің жалақысы 48 мыңнан 63 мың теңгеге көтеріледі. Медициналық мекемелердегі өзге қызметкерлер бұрын 86 мың теңге алып жүрсе, 1 маусымнан бастап 113 мың теңге жалақы алады. Бұл бір ғана саладан келтірген мысал. Одан бөлек, азаматтық қызметшілер, әлеуметтік қорғау, спорт, ауыл шаруашылығы тәрізді салалар қызметкерлерінің жалақысы өседі. Бұл қатарға жұмыскерлер, қосалқы персонал, әкімшілік қызметкерлері де кіреді.
Айтпақшы, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасына сәйкес, жалақысы өсетін азаматтардың қатарына атқарушы органдардың төменгі сатыдағы қызметкерлері де кіреді. Бұл санатқа ауылдар мен аудандарда, облыста жұмыс істейтін 78 мың мемлекеттік қызметші кіреді. Олардың жалақысы 25 пайызға өспек. Мәселен, облыста атқарушы органдарда қызмет істейтін жетекші маман қазір 82 мың теңге алып жүрсе, 1 маусымнан бастап оның еңбекақысы 107 мыңға жетеді. Ауылдағы маманның ең төменгі жалақысы 81 мың теңгені құрайды.
Қысқасы, мемлекеттің халықты әлеуметтік тұрғыда қолдау шаралары кешенді сипатқа ие болды. Былтыр «7-20-25» бағдарламасы, салық жеңілдігін жасау, білім гранттарының санын арттыру, шағын несие беру көлемін арттыру, аймақтарды газдандыру шаралары жүзеге асырылса, биыл атаулы әлеуметтік көмек көлемі арттырылды. Көп балалы отбасылар үшін 2025 жылға дейін 40 мыңнан астам жалдамалы пәтер салу ісі басталды. Пәтерлердің алдыңғы легі мамыр айынан бастап беріледі. Жастарға мемлекеттік қолдау көрсетудің түрлі бағдарламаларына 60 мыңнан астам жас азаматты тарту көзделген. Мұның өзі әлеуметтік қолдау шаралары жан-жақты сипатта, үздіксіз жүзеге асырылып жатқан шара екенін байқатып отыр.
Десек те еңбек мигранттарының құқықтық сауатының төмендігі көп жағдайда заңбұзушылықтарға соқтыруда. Мысалы, жыл сайын әлемде әкімшілік жазаға 110 мыңнан астам шетелдік тартылатын болса, олардың 10 мыңға жуығы еліне қайтарылады, ал құқық бұзғандардың 30 мыңының елде болу мерзімі тоқтатылады. Ал миграциялық заңнаманы бұзуда Қазақстанда 2018 жылы әкімшілік жауапқа тартылғандардың 52 696-сы өзбекстандық болса, олардың 7690-ы елден шығарылған, ал 917 Қырғызстан азаматының 163-і, Тәжікстаннан жұмыс іздеп келген 2525 мигранттың 533-і елден шығарылды.
Бүгінде Қазақстанды транзитті дәліз ретінде қарастыратын миграциялық тәуекелді топтарға ерекше көңіл бөлінуінің нәтижесінде Ресей, Беларусь, Өзбекстан, Қырғызстанмен бірқатар реадмиссия келісімдері жасалды.
Қазақстандықтармен қатар шетелдіктердің де міндетті тіркелуін қарастыратын «Дактилоскопиялық және геномды тіркеу туралы» заңы әзірленді. Тиісті құқықтық құжат 2021 жылдан бастап күшіне енетін болады.
Сондай-ақ Қазақстанның 2017-2021 жылдарға арналған миграциялық саясатының тұжырымдамасына сәйкес аталған құжатта бекітілген талаптарды жүзеге асыру еңбек нарығындағы нақты жағдайларды анықтауға мүмкіндік береді. Оның барысында біліктілігі жоғары және кәсіби деңгейі төмен еңбек мигранттарының ара салмағы, медициналық сақтандыру, еңбекақысына қатысты шарттар, сондай-ақ үй шаруашылығында еңбек ететіндердің құқығы, т.б. шаралар қарастырылған. Сонымен қатар Алматыда еңбек мигранттарына қолдау көрсету мақсатында 20-дан астам үкіметтік емес ұйымдар жұмыс істейді.
Әлемдік миграция үздіксіз әрі тәуекелді үдеріс болғандықтан Қазақстан үшін ішкі және сыртқы миграцияны бақылауда ұстайтын заңнамаларды тұрақты жетілдіріп отыру маңызды деп санайды сала мамандары. Бүгінде Қазақстан да білікті мамандар тапшы елдер қатарында. Finprom.kz деректеріне сүйенетін болсақ, өткен жылы елден еңбекке жарамды 22,7 мың маман кеткен болса, олардың 7,4 мыңын – техникалық, 3,9 мыңын – экономикалық, 2,5 мыңын педагогикалық саланы меңгерген мамандар құрайды. Шекара асып кеткендердің 90,2 пайызы ТМД елдеріне, оның ішінде Ресейге тұрақтаған. Қалған 9,8 пайызы Германия, АҚШ және Израильге кеткен. Алайда бұл олқылықтың орнын елге келгендердің үлесімен толтыру мүмкін еместігіне алаңдаушылық білдірген мамандар ішкі миграциялық үдерістерге баса назар аударып, әлеуметтік жағдайлардың, оның ішінде жастарды қолжетімді біліммен қамтамасыз ету, тұрақты жұмыс орындарын ашу, ауыл-аймақтарды дамытуға көп көңіл бөлу қажеттігін алға тартады.
АЛМАТЫ