Өңірде туризм саласын дамытуда жақсы жоспарлар болғанымен, күрделі мәселе де бар. Бұл ретте Жамбыл өңіріндегі жәдігерлерді насихаттауға, Тараз туризмін дамытуға не кедергі деген мәселенің туындайтыны ақиқат. Себебі аталған салаға байланысты Жамбыл облысының әкімі Асқар Мырзахметов тиісті басшыларға туризмді дамытуға байланысты нақты тапсырмалар беріп келеді. Жалпы, көне дәуірдің куәгерлері іспетті болған тарихи нысандарды, есте жоқ ескі замандардан бері келе жатқан мәдени ескерткіштерді толығымен тану әрі өзгелерге таныту бүгінгі міндет. Еліміздің осындай тарихи жауһарлары шетелдерге насихаттала берсе тіпті жақсы. Алайда, Жамбыл облыстық туризм басқармасының басшысы Қарлығаш Аралбекованың айтуынша, облыс әкімінің алдындағы есепте 9 айдың қорытындысы бойынша көрсетілген нәтижелерге сәйкес Тараз қаласы, Т.Рысқұлов және Меркі аудандары ішкі туризм бойынша қызмет көрсетілген келушілер санынан жоспарланған межеге жете алмаған. Мәселен, Тараз қаласы бойынша резиденттер саны 45175 болу керек болса, іс жүзінде 42346 адам, Т.Рысқұлов ауданына жоспарлы көрсеткіш бойынша 2680 адам келуі керек болса, нәтижесінде 1720 адам, ал Меркі ауданының көрсеткіші 5123 адам болуы керек болса, орындалуы 4959 адамды қамтыған. Яғни, өңірге келушілердің саны күрт төмендеп отырғанын осыдан көруге болады.
«Қазіргі таңда облыс көлеміндегі орналастыру орындарының шынайы статистикалық мәліметтерді тапсырмауы өткір мәселе болып табылады. Жамбыл облыстық туризм басқармасы Жамбыл облысының статистика департаментімен бірігіп, облыс бойынша орналастыру орындарының көрсеткіштері айқын болуы үшін, қонақүйлердегі статистикалық мәліметтердің уақтылы және нақты сандық мәліметтердің тапсырылуына ықпал ету бойынша бірқатар жұмыс атқарды. Яғни, қонақүйлерге арнайы топ шығып, мекеме басшыларына түсіндіру жұмыстарын жүргізді», дейді басқарма басшысы.
Тараз шаһары көрші жатқан Алматы, Түркістан облыстары мен Шымкент қалаларына баратын туристер үшін транзиттік қала болып есептеледі. Сондықтан келушілер көп жағдайда туристік нысандарды тамашалаған соң қонақүйге де тоқтамастан басқа қалаларға аттанып кетіп жатады. Мәселен, өткен жылы туристердің облысқа келу саны 250 мыңнан астам адамды құраған екен. Ендігі жерде басқарма туристер санын бұдан да арттыру үшін осындай жұмыстарды ұйымдастыруда.
Сан ғасырлық тарихы бар Қарахан мен Айша бибі кесенелері Әулиеата өңіріне ғана тиесілі емес, барша қазақтың мәдени игілігі. Осынау тарихи жерге көрші облыстардан көптеген адамдардың келіп, зиярат етіп жататыны бар. Алайда, бұл тарихи нысандардың соңғы кезде туристердің келетін жеріне емес, тойшыл қауымның естелік суретке түсіп, тілек айтатын ғана орнына айналып бара жатқаны белгілі. Мәселен, көне шаһар орталығындағы Қарахан кесенесінің алдында ағып жатқан арықтың ылғи қоқысқа толып жататынын да қала жұртшылығы жақсы біледі. Сол сияқты, Айша бибі кесенесінің маңы да бүгінде тозған, кей жерлері бүлінген. Бұл орайда «Ежелгі Тараз ескерткіштері» мемлекеттік тарихи-мәдени қорық-музейінің директоры Нұрлан Бықыбаев қос кесененің де маңына көгалдандыру жұмыстары жүргізілетінін айтты. Сонымен қатар өңірдегі тарихи құндылықтарды насихаттау мақсатында халық көп жүретін темір жол бекетіне және әуежайға да арнайы тақталар ілу жоспарда бар екен. Қарахан және Айша бибі кесенелері аталған мекеме теңгеріміндегі республикалық маңызы бар нысандар тізіміне жататындықтан, мұндағы қаржыландыру жұмыстары да республикалық бюджет есебінен жүргізіледі. Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрлігінің 2017 жылғы 9 маусымындағы бұйрығына сәйкес аталған нысандарға кіру ақылы түрде жүзеге асырылады. Кіру құны ересектерге – 200 теңге, студенттер мен зейнеткерлерге – 100 теңге, оқушыларға – 50 теңге, мектеп жасына дейінгі балаларға ақысыз және шетелдік азаматтарға – 300 теңге болып бекітілген. Бірінші кезекте бұл кесенеге қанша адамның келіп-кетіп жатқанын бақылауға мүмкіндік береді. Көрсетілген ақылы қызметтен түскен қаражат министрлікпен бақыланады.
Сонымен қатар Нұрлан Бықыбаевтың айтуынша, Тараз қаласындағы ортағасырлық Қали Жүніс моншасын да қайта жаңғырту жұмыстары жүргізілуде. Бұл нысан да өңір туризмін дамытуда ерекше маңызға ие орынның бірі.
«Облыс әкімінің тапсырмасына сәйкес, Жамбыл облыстық туризм басқармасының бастамасымен облыстағы негізгі туристік нысандарды дамыту бойынша жұмыс тобы құрылған болатын. Жұмыс тобы нысандарды аралап, кем-кетігін түгендеу жұмыстарын атқарды. Қазіргі уақытта Қарахан және Айша бибі кесенелерін көркейту мен абаттандыру мақсатында жаңа эскиздік жоба мен смета әзірленіп, облыс әкімімен эскиздік жоба мен сметаның бекітілуі күтілуде. Жаңа жоба эскиздеріне сәйкес кесенелерде санитарлық талаптары сақталған құрбандыққа шалынатын мал соятын орны, дәретханасы, тілекханасы болмақ. Сонымен қатар аталған жобаларды жүзеге асыру үшін инвесторларды тарту жұмыстары жүргізіледі», дейді Қарлығаш Аралбекова.
Өңірдегі көне замандардан бері келе жатқан тарихи жәдігерлердің тамыры мен тағдыры туристерді қызықтыратыны сөзсіз. Тек тозығы жеткен кесенелер қайта жаңғыртылып, ескерткіштер қалпына келтірілсе, одан бөлек ұйымдастыру, насихаттау жұмыстары жолға мықтап қойылса, Әулиеата өңірі еліміздегі ірі туризм орталықтарының біріне айналатыны анық.
Жамбыл облысы